Көрұғлының көрде туғаны (2-бөлім)
Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 2 мин оқу
Іздейді көзін салып әр тараптан,
Көзге ыстық, жастайынан өзі баққан.
Аралап тау мен тасты таппай жүрсе,
Боз бие келе жатыр мола жақтан.
Мұны көріп қуанып қалды Бабалы,
Көп молаға жақын келді шамалы.
Дұға етіп кетейін деп басына,
Ақанайдың қабіріне барады.
Аттан түсіп тура келді басына,
Бетін жуды көзден аққан жасына.
Жалаңаяқ ізін көрді баланың,
Қабірінің келген кезде қасына.
Кейін тоқтап тұра қалды шегініп,
Аққан көзден жасын сүртті бекініп.
Қарап тұрса тура енді молаға,
Кіріп-шыққан ізі жатыр көрініп.
Бабалының қорқу кірді өзіне,
Жасын алып барып еді көзіне.
Ол уақтағы адамзаттан тәні жоқ,
Назар салып қарап тұрса ізіне.
Балалықтан ізі келмес шамаға,
Кідірместен тура енді молаға,
Не де болса ақиқатын біле алмай,
Іші толып қайта берді сәнаға.
Сақтанады, мұны ешкімге айтпады,
Қуанғаннан жүрегіне ас батпады.
Ақиқатын өз көзіммен көрем деп,
Ерте барып аңлып жатып байқады.
Таса жерге Бабаң барып бұғады,
Бұл моладан бала қашан шығады?!
Алыс жерге атын қойды тасалап,
Бабалының бір көрмекке мұраты.
Шықты бала бір уақытта қабірден,
Жұмыртқадай сары уыздан жаралған.
Бабалының қабыл болып тәубасы,
Іздегені мүсәпірдің табылған.
Топырақтан қорған салып ойнады,
Көрген сайын жамалына тоймады.
Сырттан көріп қайтып кету болмас деп,
Ұстап алып қайтайын деп ойлады.
Мұны ойлап түрегелді Бабалы,
Ақырын басып дәл қасына барады.
Ұстайын деп қолын Бабаң созғанда,
Сезіп қалып арт жағына қарады.
Ұстатпады, қашып кірді молаға,
Көрге барып қол созуға бола ма?
Күләйімге енді мұны айтам деп,
Күн батқан соң үйге келді қонаға.
—Анажаным, сөз айтамын, құлақ сал,
Әрне етсе Жаратқанның еркі бар.
Енді маған не бересіз сүйіншік,
Тілегіңді берген шығар Зұлжалал.
Екі бекзат кеткен жақтан келмеді,
Ақанайдың батты бізге өлгені.
Көр ішінде бір арыстан туыпты,
Ақиқатын біздей ұғылың көргені.
Жоқ болған соң боз биемді қарадым,
Ей, анажан, енді оңалар талабың.
Дұға етуге барып едім қабірге,
Жалаңаяқ ізін көрдім баланың.
Ол күн саған сыр айтпадым барар деп,
Қуанғаннан сом жүрегін жарар деп.
Әуелі өзім ақиқатын білейін,
Жалған болса ұят болып қалар деп.
Мен қуанып бездім тіпті жылқыдан,
Үш күн болды қалдым тағы ұйқыдан.
Не екенін сол баланың білем деп,
Аңлып жаттым ерте барып сыртынан.
Көп моланың аңлып жаттым жанында,
Бейперзенттің береке жоқ малында.
Бір жағында тесігі бар қабірдің,
Сыртқа шықты сәске түстің шағында.
Анық көрдім өз көзіммен, бала екен,
Сүйген ерге жаратқан Хақ жар екен.
Әбден байқап анық көрсем шамасын,
Жеті жасар баладай-ақ бар екен.
Жеті жасар баладай-ақ ізі бар,
Құралайдай мөлдіреген көзі бар.
Шыққан жері Ақанайдың қабірі,
Туды десем келетұғын жөні бар.
Бұл баланы туған шығар Ақанай,
Қайғы-қасірет өтті бастан бірталай.
Өзің барып көремісің, анажан,
Тілегіңді берген шығар бір Құдай.