Көрұғлының көрде туғаны (5-бөлім)
Көрұғлы · Р. Мәзқожаев нұсқасы · 2 мин оқу
«Жолың болсын, бақытты бол, балам» деп,
Ғайып болып кетті бұлар жөніне.
Көңілі тасып, Бабалы ер қуанып,
Көрұғлыны алып қайтты еліне.
Сонда бала жасын алды көзіне,
Құлағың сал Көрұғлының сөзіне:
—Қол-аяғым шешіп жібер, ағажан,
Қырық шілтен айтты бүгін өзіме.
Қашқанменен енді қайда барамын,
Тасқа тиіп ойылып қалған табаным.
Сізді тастап ешбір жаққа қашпаймын,
Шілтендерден жаңа тиді хабарың.
Байлаған жіп қиып барад білегім,
Өзіңменен қалмай бірге жүремін.
Шыныңменен мені аясаң, ағажан,
Сұрайтұғын сізден мынау тілегім.
Аға, енді амалы жоқ, көнейін,
Көрге кіріп мен анамды көрейін.
Ақ сүтіңе риза бол,—деп,—анажан,
Тым болмаса арыздасып келейін.
Бабалы айтты:—Көрұғлыжан, жасыма,
Рақымы келді көзден аққан жасына.
Байлауынан шешті армансыз болсын деп,
Анасының алып келді басына.
Келсе ауызы бітеліпті қабірдің,
Сөзін тыңла Көрұғлыдай сәбидің:
—Құмар болып келіп едім көрмекке,
Жаратқан Хақ, құдіретіңе не қылдым?!
Емшегіңді мауқым басып иіскеп,
Тарқамады көңілімдегі құмарым.
Кірейін десем бітеліпті бізге жол,
Бір көре алмай көңілімде қайғы мол.
Қош, анажан, қияметте көрерміз,
Бізге берген ақ сүтіңе риза бол.
Баланы алып Бабаң келді қуанып,
Бейшаралар басын қосты қуанып.
Мұны көріп жүгіріпті Күләйім,
Тағат қалмай көзден жасы шұбалып.
Көрұғлыны құшақтап аттан түсірді,
Үйіне әкеп шәрбат суын ішірді.
—Кәзір өлсем арманым жоқ көңілімде,
Жібек баулы қолға берді құсымды.
Қарағымды өңім бе осы көргенім,
Өңім болса тіріліпті өлгенім.
Түсім бе деп қорқып тұрмын әлі де,
Жаратқан Хақ, рас па осы бергенің?
Қайғыменен жасып қалған сүйегі,
Қурап қалған қос емшегі иеді.
Шыбын жанын пида етіп Күләйім,
Ақ бетінен қайта-қайта сүйеді.
Ажары бар сусын мейірі қанғандай,
Жылап жүрген жетті арманы жалғанда-ай.
Күн-күн сайын өсіп келед Көрұғлы,
Тірі болса намыс арын алғандай.
Соныменен келді он екі жасына,
Құс ұшырмай асырады басына.
Дұшмандарға көрсетпейтін Күләйім,
Бір күн шығып келді балдар қасына.
Асық ойнап ұтылып та қалады,
Ұтылған соң қайтадан тартып алады.
Мейлі кіші, мейлі үлкен болса да,
Лақтырып шыдатпады баланы.
Үлкен менен қарамады жасына,
«Ұрады» деп бала бармайд қасына.
Бір баланы жығып салып астына,
Шеке тамыр салып жатыр басына.
Бала айтты:—Өз басыңа жетерсің,
Қаңғып жүріп баһадүрлік етерсің.
Әкемізге баян етсек біз барып,
Бұл қалада бір күн тұрмай кетерсің.
Кім шақырды саған көр деп қызықты,
Ойнайын десек еш етпейсің түзікті.
Атамызға ұрғаныңды біз айтсақ,
Сен де қаңғып бір күн тұрмай кетерсің.
Бұл баланың ашуланып сөзінен,
Ашуланып жас ағызды көзінен.
Үйге қарай келе жатыр Көрұғлы,
Анасының сұрайын деп өзінен.
Анасының келді бала қасына,
Рақымы келді көзден аққан жасына.
—Қандай бала саған тиген, қалқам?—деп,
Қолын салды сипайын деп басына.