Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көрұғлы (1-бөлім)

Көрұғлы · Жамбыл нұсқасы · 2 мин оқу

Шойын қалқан басындағы дұшманның,
Кесіп түсті сауыты мен сандалын.

Ту түбіне аман-есен келеді,
Қойдай өлім дұшпандарға береді.
Оннан, жүзден шанша берді жігітті,
Ерлер барып бір жағына кіреді.

Көрұғлыбек қайраттарын сынады,
Жігіттерге көңілі оның тынады.
Сүйегімен бірге кеткен қайратын,
Жалғыз өзі қызық етіп тұрады.

Қырық жігіт—түркіменнің мырзасы,
Тауда болар арқар, киік, құлжасы.
Қамап қырды қызылбасты жібермей,
Ат, тон болды Көрұғлының олжасы.

Көрұғлыбек дүнияға айналды,
Жау дегенде қаршығадай сайланды.
Олжа қылып он екі мың аттарын,
Жәмбілбелге Көрұғлыбек айдады.
Көрұғлының Алла берді тілегін,
Қызылбастың көкке атты дерегін.
Қырық жігіттің ер Сапабек басы еді,
Алып қайтты Жәмбілбелге сүйегін.

(Жамбыл нұсқасы)

Домбыраны қолға алып,
Ойланып та толғанып,
Тыңдауға халық келгенде
Көрұғлыны қозғалық.
Сөз шумақтап оралып,
Бір сөзден бір сөз таралып,
Желді күнгі жалындай
Сөзім бір кетсе қозданып,
Ажалдан қорықпай шүйілер,
Аспандап қыран шарласа.
Ақын қуанып сүйінер,
Тілдің бізін арнаса.
Зымырап жүйрік жүгірер,
Аяқтан біреу шалмаса.
Жау десе батыр киінер,
Тоқталмас кегін алмаса.
Елдігі елдің бола ма,
Ермен жауға бармаса?!
Елшілігі бұзылмас,
Өз жерін жаудан қорғаса.
Ағаш қалар қуарып,
Жапырақ, тамыр болмаса.
Теңіздер қалар суалып,
Құятын өзен болмаса.
Өзен де ағар күшейіп,
Бастау бұлақ қолдаса.
Жамбыл да кетер ағындап,
Халықтың күші қозғаса.
Болат құнын жоймайды,
Тат басып сынып, тозбаса.
Тат басқаны, тозғаны—
Бәйгеде тарлан озбаса.
Кейін тартпас келген жас,
Жолды ілгері созбаса.

Айғайласа екпіндеп,
Жол басқан кәрі тарланың.
Артта қалды көп күндер
Игілікке арнадым.
Туғаннан бері аралап,
Талай жерді шарладым.
Кәрілікті сылтау қып,
Жасымадым, қалмадым.
Ел билеген хандардың—
Адамнан шыққан жыртқыштың
Кездестірдім алуанын.
Халықты тілмен қорғадым,
Сөз шындыққа келгенде
Бас кессе де, болмадым,
Сөз шындыққа жеткенше,
Өткір сөзбен торладым.
Өткізбедім шындыққа
Шариғатын молданың.
Өтірікке сатылып,
Талайдың көрдім барғанын.
Қорқытып әкім ақырса,
Пара алып молда шатылса,
Алакөз байлар мал үшін
Көргенін айтпай жасырса,
Алыпсатар саудагер
Қулығын алдап асырса,
Дұрыстық қайдан табылар?
Нахақтан барып дараға
Сорлы кедей асылса,
Жарлығын хан кешу жоқ,
Бас ұрып халық зарласа.
Сөзіңді ешкім сөйлемес,
Тойғанынша алмаса.
Алдау, зорлық, өтірік,
Біреуге біреу нанбаса.
Тамақ үшін сатылған
Ұлықта ар қалмаса.
Айтқанменен жалынып,
Арызыңды алмаса.
Алмайтұғын қақынан
Асырып пара қармаса.
Ауға түскен балықтай
Шыға алмайсың бұлқынып,
Әділеттік болмаса.
Күннің көзін жасырар,
Аспанды бұл шарласа.
Елдің бағы ашылар,
Әділеттік орнаса.
Баланы жақсы өсірмес,
Бұзықтық шырмап, торласа,
Қасиет болмас халықта,
Басқарушы қорласа.
Малдай айдап адамды
Орынсыз күштеп зорласа.
Жау басынар халықты,
Басқарушы оңбаса.
Өркөкірек наданға
Айтқан ақыл қонбаса.

Көрұғлы

Барлығы: 133 жыр

Тағы оқыңыз