Ертедегі Шора батыр (2-бөлім)
Шора · Мұсабай жыршы нұсқасы · 2 мин оқу
Ақтайша мен Әліби
Жабыла атқа мінеді.
Алты жүздей қосынмен
Тоғыз үйлі тамаға
Аттанып заулап келеді.
Ақтайша мен Әліби
Екеуі бүлініп кіреді.
Сол уақытта Марықбай
Тамам малын қарады,
Үй бас сайын тоғыздан саба қояды.
Алты күн ойын қылады,
Жеті күн тойын қылады,
Табақ тартып болғасын,
Марықбай ақыл ойлады.
«Жұрт иесі Ақтайша
Өлтіріп баламды кетер,—деп,
Пара берсем не етер,—деп,
Берсем пара алар,—деп,
Өлгенде көрген жалғызым
Өлмей тірі қалар,—деп,
Жаныма сая болар,—деп,
Алтын құйрық қара ала ат,
Тұлпардан туған бедеу ат,
Сап-сары алтын ер салып,
Хан астына мінсін»,—деп,
Ақтайша ханның үйіне
Әкеліп атын байлады.
«Іші алтыннан қадақты
Алтын ауыз ақ үрме,
Еріксе құлан атсын,—деп,
Қызық құрып жатсын»,—деп,
Мұны әкеліп береді.
«Оза шүршіт жұртында
Мың ділдәмен беткерген,
Шар ат балап өткерген,
Алтын жаға ақ сауыт,
Мұны үстіне кисін»,—деп,
Мұны да әкеліп береді.
«Кенересі алтын ақ белбеу
Құрсай белін бусын,—деп,
Мұны да әкеліп береді.
Балдағы алтын шар болат,
Беліне орай жайсын»,—деп,
Әкеліп тағы береді.
Қанша берген параны
Әлібидің бір нөкері
Арада жүріп көреді,
Көреді де күндеді.
Әлібидің алдына
Жүгіріп жетіп келеді.
Әлібиге сөйлейді:
—Ой, Әліби, Әліби!
Би де болсаң, зор едің.
Жұрт ағасы Ақтайша,
Хан да болса қара еді.
Тоғыз үйлі бұл тама
Саған берді қорлықты,
Басыңа салды кемдікті,
Тама неге желікті?
Тоғыз үйлі Марықтың
Жалғыз ұлын өлтіріп,
Алмасаң сөйтіп теңдікті!
Сонда Әліби ақырды,
Үйде отырған нөкерін
«Атыңа мін»,—деп шақырды.
Әліби сонда сөйлейді:
—Марықбайға барайын,
Ханды туған көрді деп,
Аты менен қаруын
Алжыған ханға берді деп,
Жаңа туған баласын
Торғайдай мойнын жұлайын.
Соңынан туған жалғыз қыз,
Өз қолынан өсіріп,
Жалғыз балам Боздаққа
Тоқалдыққа алайын.
Әліби сонда шамданып атқа мінеді,
Темірден киім киеді,
Ақ қарабас ту алып,
Марықбайдың үйіне
Құйындай шауып жөнейді.
Сол уақытта бәйбіше
Жабықты түріп көреді,
Жау екенін біледі,
Көреді де сасады,
Бетінің қаны қашады,
Төрде тұрған ақ сандық
Тепкілеп барып ашады,
Табанынан ділдә шашады.
Бұрын келген хан нөкері,
«Осы қалай олжа»,—деп,
Әлібиден басқасы
Алғанын алып қашады.
Әлібидің өзіне
Бес жүз бие береді.
Тоғыз нарға ақша артып,
Әлібидің алдына
Марықбай мен бәйбіше
Әкеліп пара төгеді.
Сол уақытта Әліби
Ішегін тартып күледі,
Ізімен қайтып жөнеді,
Ақтайша ханға келеді.
Енді екеуі бас қосып,
Баланың атын қоймаққа
Бір ордаға енеді.
Отыз төре қонақтар
Бәрі бірдей кеңесіп,
Ат қоя алмай шулады.
Тауып еді бір атты,
Тапқан атын қимады.
Жаман атты қоярға
Лайық тағы болмады.
Сол уақытта бәйбіше
Үй айналып жылайды.
Жан-жағына қараса,
Жолдың шетін айналған,
Тоғыздап дорба байланған,
Сырлы асасы қолында,
Аяғын бір басарға ерінген,
Үстіндегі жаман киімнен
Жалтылдап еті көрінген,
Жылап тұрған бәйбіше,
Соны көзі көреді.
Соған барып сөйлейді:
«Өлгенде көрген баламнан
Айрылмақ болдым мен,—дейді,
Атын қойып бер»,—дейді.
Әліби жатқан ордаға
Ертіп алып келеді.
Екі ханның алдына
Арызын айтып сөйлейді:
—Аяқ-аяқ бал ішіп,
Алшаңдаған, хан аға!
Есікке келеді бір диуана,
Рұқсат болса, би аға,
Баланы соған бер,—дейді,
Қойсын атын сол,—дейді.