Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Алпамыс жыры (10-бөлім)

Алпамыс · С. Жаңбыршин нұсқасы · 1 мин оқу

Алпамыс мінді Шұбарға,
Досына қайтып шыдады.
Бәйгіден келді Шұбары
Мойнында тұмары.
Шапқан сайын Шұбар ат
Құмарды әбден қандырды.
Әрі-бері шапқан соң
Енді өнерді шығарды.
Осы тұрған Шұбар ат
Құбылып ойнап жер басып,
Төрт аяғын тең басып.
Сонда тұрған көп қалмақ
Құрттай болып қыбырлап,
Шөптей болып жыбырлап,
Шылымдары бұрқырап,
Бөріктері шыпырлап,
Толып тұрған қалмаққа
Алпамыс келіп тиеді.
Қалмақтардың шетінен,
Қала жақты бетінен,
Тіл шығармай далаға,
Жан секіртпей қалаға,
Қырып кетіп барады.
Жас баланың ісіне
Қалмақтар аң-таң қалады.
Алдын қырып тастаса,
Арты басып барады.
Өлгенінің орнына
Өлмегені толады.
Мезгіл-мезгіл баланы
Ортаға қалмақ алады.
Үстіне салған тор болса,
Үзіп кетіп барады.
Жиналған қалмақ ішінен
Жол сап кетіп барады.
Пішен шапқан орақтай
Қалмақты қиып барады.
Осы тұрған көп қалмақ
Бір пәлеге қалады,
Онда көрген мұнда жоқ,
Мұнда көрген онда жоқ,
Таң тамаша қалады.
Бұндай батыр болар ма,
Дарбазаның басынан
Тайшадайын ханыңыз
Көзін салып қарады.
Жиналған қалмақ көп еді,
Батырларға төтеп бере алмай
Жарма-жары өледі.

Осы тұрған Тайша хан:
—Қыра берсе еліңді
Түк қалмайды,—деп еді.
Алпамыстай ер,—деді,
Бір ашуың бер,—деді.
Көнейік саған біз,— деді,
Айналайын, тентегім,
Қыруыңды қой,—деді.
Гүлпаршының құрысын
Өзің ойнап-күл,—деді.

Бүтін халық жылады,
Сауға деп елді сұрады.
Алпамыстай жас бала
Қыра берсе қоймас деп,
Досын келіп ұстады.
Алпамыс пен Қаражан,
Гүлпаршын мен үшеуі
Ақ отаулы өзбектің
Үйіне таман құлады.
Тайшадайын ханыңыз
Астындағы тағынан,
Басындағы бағынан,
Алпамысқа ұсынды.
Отыз күндей ойын қып,
Қырық күндей тойын қып,
Қаражандай жан досын
Алпамыс хан қояды,
Жылқыдан жорға сояды.
Түйеден бура сойғызды,
Адам көрмес той қылды.
Жібектен жабу жапқызды,
Оқалы моншақ таққызды.
Қалауын алып Алпамыс
Байсын—қоңырат еліне
Аз ғана емес мол жүріп,
Таң ата келіп құлады.

Алпамыс

Барлығы: 40 жыр

Тағы оқыңыз