Алпамыс (7-бөлім)
Алпамыс · Н. Байғанин нұсқасы · 4 мин оқу
—Еш қамтемем жоқ. Мен іздеп келген көңілімнен шықтың. Қашан да бір тілекте достықпенен өтемін, мақсатым болды. Тәрбия берген мал-мүлкіңе көңілім толды. Достығыңа, құрметіңе рахмет айтамын.
Үйсін, Қоңырат елінде, Жиделі Байсын жерінде, Байбөрінің баласы Алпамыс жасында балалармен ойнап жүргенде, асық ойнап, өте тентек болды. Асықты ұтса ұтып алып, ұтылса, ызаланып тартып алатын еді. Өте бұзық, тентек болды. Содан кейін ақыл тоқтатып, он бестен он алтыға шықты. Жасынан күресіп балуанға тұрды. Бір жиында Түйе балуан дейтін әйгілі, атақты балуан жасы жиырмада екен. Күрес деп айқайлағанда беліне қыл шылбырды төрт қабаттап байлап, он алты жасар Алпамыс шықты.
Жауырыны екі кез,
Алақандай екі көз.
Мақтасақ сияр соған сөз,
Толғап қойса мойны кез.
Сауыры жалпақ, жуан сан,
Адамда мықты туған паң.
Келбет пенен келіске
Халықта жоқ мұндай жан.
«Жығылам» жоқ ойында,
Келбетінде міні жоқ,
Келбетті сымбат бойында.
Қоңырауы күлдірлеп,
Түйе балуан ер шықты
Халықтың жиын тойында.
Әуелден алып атанған,
Мықтылық нәсіп сыйында.
Жібек белбеу белінде,
Төрт қабаттап байлаулы,
Оттай көзі жайнаулы.
Баланы былғап ұрам деп,
Күші тасып қайнаулы.
Жас Алпамыс сескеніп,
Онан қорқып таймаулы.
Тамашаға таңданып,
Халық көзін салыпты.
Жас та болса Алпамыс,
Білігі артық барықты.
Қорқып, сасу ойда жоқ,
Күркіреп тұрған балуанға
Маң-маң басып барыпты.
Бурадай-ақ бұрқылдап,
Түйе балуан баланың
Белінен ұстай алыпты.
Сүбеден қысып көтеріп,
Балуан күшін салыпты.
Аудара алмай табанын
«Не болды,—деп,—күшіме?»
Іші оттай жаныпты.
Кез келген жерден ұстасып,
Бірін-бірі ырғайды.
Жағаласып, алысып,
Демалып тоқтап тұрмайды.
Түйе балуан әр жерде
Көрген жоқ мықты мұндайды.
Түйе балуан арланды,
Ашуланып кәрланды,
Қаһарланып шамданды.
«Не болды,—деп,—өзіме»,
Күшін жиып қамданды.
Білеудей тамыр жіктеліп,
Беті ажары түктеніп.
Аямай бойда қайратын,
Шығарды балуан айбарын.
Алпамыспен күресте
Көрмеді күштің пайдасын.
Неше түрлі амалмен,
Салса да түрлі айласын.
Қалайша амал етсе де
Алпамыс бала болмады.
Алпамыс алып кезекті,
Олай-былай толғады.
Толғап-ырғап тұрады,
Күшінен медет сұрады.
Байбөрінің шырағы
Қатты ақырып, кәрленіп,
Балуанды жерге ұрады.
Түбінен кескен теректей,
Қоңыраулы батыр құлады.
Асық жілік морт етіп,
Ортасынан сынады.
Алпамыс бала істеген,
Бұл жұмысын тындырды.
Сүйіндіріп достарын,
Қуанышпен күлдірді,
Халыққа күшін білдірді.
Халық ырза балуанға,
Ырза болмай не қылсын—
Қоңыраулы балуанның
Жілігін үзіп сындырды.
Балуанның мықты жетесі,
Күштің артық көкесі.
Түйе балуан мықтының
Келіпті жылап шешесі.
Шыдамайтын балаға,
Ананың, сірә, бәтесі.
Сонда шешесінің жылап тұрып сөйлегені:
—Байбөрінің оңбағыр,
Оңар күнің болмағыр,
Көңіліңе қайғы орнағыр.
Балуансынып, ерсініп,
Жілігін балам сындырдың,
Қайғыға көңілім тұндырдың.
Байбөрінің оңбағыр,
Жалғызымның денесін
Халық алдында бүлдірдің.
Мықты болсаң сен,—деді,
Айтайын бір сөз мен,—деді.
Ар-намысың ойламай,
Сен ақылға кем,—деді.
Жесірің кетті қалмаққа,
Жігерің артық ер болсаң,
Мұнда жүрген нең,—деді.
Білгенімді жас бала,
Саған айтып қарайын.
Жеделді туған ер болсаң,
Жадыңа сөз салайын.
Батыр, намыс ойласаң,
Лайықты күшіңе
Бала саған табайын.
Бұ мәністің айтайын
Тағайындап талайын.
Байбөрі мен Байсары—
Екі елдің қайсары.
Жасық болсаң егер де,
Алпамыс, тауың қайтады.
Достарыңнан сұрасаң
Мәнісін түгел айтады.
Екеуі де ер еді,
Жасы құрдас тең еді.
Елсіздегі Шөлмәшіл,
Қамысты нулы көл еді.
Жағалай жыныс көп ағаш,
Мәуелеп шыққан терегі.
Байбөрі мен Байсары
Сексен кісі жолдаспен
Аң атуға келеді.
Құралменен сәні көп,
Екеуі де асқан бай,
Жан жетпейтін малы көп,
Рахат, дәулет көргені.
Үйсін, Қоңырат елінің
Екі батыр мергені.
Қырық-қырық кісіден,
Аң ататын мергендер
Жолдас болып ергені.
Ел арасы алыс-ты,
Бұрын жоқты бұлардың
Бірін-бірі көргені.
Аң атуға мергендер
Осы көлдің бойына,
Ұшырасып келгені.
Есендесіп, көрісіп,
Көл басында тұрады,
Мәні-жайды сұрады.
Бір-біріне танысып,
Сөзін баян қылады.
Тентектікпен соқтығып,
Кез келгенге тиесің.
Намысың күшті ер болсаң,
Қатты ашуға күйесің.
Ар-намысың бар болса,
Қалмаққа кеткен жесірің
Гүлбаршынды сүйесің.
Жесіріңді іздеп бармасаң,
Қалмақтан тартып алмасаң,
Оймен ойлап аңдасаң,
Қайғы шығар өзіңе.
Мат боларсың, Алпамыс,
Дос-дұшпанның сөзіне.
Бетке соғып дос-дұшпан,
Ертең-ақ айтар көзіңе.
Көңілменен ойласаң
Сынықтық болар өзіңе.
Ер жеделді бола ма,
Жүйрік таңдай мінбеген.
Алмас, болат қылышты,
Балдақтан белге ілмеген.
Гүлбаршынды іздеп бармасаң,
Халық болмас күлмеген.
Батыр, батыл ер болсаң,
Жесіріңді іздеп барарсың,
Дұшпаннан тартып аларсың.
Егер іздеп бармасаң,
Абыройсыз, әдепсіз
Алпамыс атақ табарсың.
Жігітке ерлік қона ма,
Он алтыға келгенше,
Ерлер атқа мінбей ме,
Жасанып қару ілмей ме
Жасанып тұрған көп жауға,
Жападан жалғыз тимей ме?!
Жауға кеткен аршын төс
Жесірін алып сүймей ме.
Егер іздеп бармасаң,
Аруыңды тартып алмасаң,
Сыртыңнан халық күлмей ме.
Он алты жасқа толғаның,
Ата-анаң тілекші,
Алпамыс сенің қорғаның.
Гүлбаршынды іздеп бармасаң,
Қолынан қалмақ алмасаң,
Халыққа күлкі болғаның.
Жеделсіз жаман болмасаң,
Менің айтып болғаным.