Алпамыс (1-бөлім)
Алпамыс · Н. Байғанин нұсқасы · 3 мин оқу
Ерте уақытта Байбөрі, Байсары деген бай болған, төрт түлік малға сай болған. Қанша дәулет бітсе де, екеуі де бір перзентке зар болған. Бір баланың зарынан қайғымен көңілі шер болған. Екеуі де қайғылы, әрі бай, әрі батыр, Үйсін, Қоңырат елінде байлық екеуінен өтпеген. Дәулетін айтсаң тәрбия, малға адамның аузы жетпеген (көптігінен). Екеуі де перзентті қайғылады. Өмірі жүрді өкпемен, дәулетінің рахатын көрген еді. Екеуі де қайырлы, нашарға жәрдем берген еді. Екеуі де бір бала көре алмай аңсап, өксіп, шөлдеп еді. Екеуінің өнері асқан, екеуі де мерген еді. Аулының арасы алыс, жері шалыс, екеуі бірін-бірі көрмеген, тек атағына таныс Байбөрі Байсарыға құмар болады. Байбөрімен жолдас болып бір жүрмекке, сыр айтысып, таныс болып жай білмекке Байсары да құмар болады. Байбөрімен бас қоспаққа, құшақтасып достаспаққа Үйсін, қоңырат елінде, Жиделі Байсын жерінде Шандархан деген ханның қарау шенінде, киік пенен құланның көп мекен етіп, Шөлмәшіл дейтін көлінде ағашты, нулы, жан бармайтын, аңнан бөтен ештеңе жоқ жерде. Киік, құлан, арқар, бұлан, тау тайлақ, жолбарыс, арыстан сондай-сондай мақұлықтардың мекені.
Байбөрі Байсарыға кісі жіберді:—Ел арасы алыс еді, атағың бізге таныс еді. Атақ болып таныс болмаған екеуімізге де намыс еді. Байсарыға бар, сәлемін айт,—деді,—құр атың білгеннен не мәселе бар, екеуіміз дидар жүзді көрелік. Сексен жігітті қосшы алып, Шөлмәшілге қырық кісіден сексен кісі қосшы алып, Шөлмәшіл көлінің бойынан аң атып келемін,—деді. Хабар барды Байсарыға. Байбөрінің сәлемін қабыл алды. Бұл екеуі де қырық кісі сексен кісіменен, бәлен күнде қырық кісімен Байсары Байбөрінің үйіне баратын болды. Айтқан күні барып қонақ болды. Қонаққа құрмет қылып,... екеуі сексен кісімен Шөлмәшіл көліне жүреді. Сонан кіл мергендер жиырма күнде келеді. Шөлмәшіл—қамысты, нулы ағашты көл, айналасы тау. Аңды түсте шөлдеп құлаған уақытында мергендер жолын тосып жатады. Байбөрі, Байсары екеуі қатар жатып атады, түтін түтініне қысып атады. Содан аң үркіп шыққанынша он үш-он үштен құлап жатады. Неше күндей жатты. Көп күн күтіп атты. Екеуінің де мергендігі тең түсіп, атқандары он үш-он үштен құлады. Екеуі бір күні жай сұрасты. Байлығы бірдей екен, ерлігі де сай екен, билігі де тең екен. Жастары құрдас болды. Перзент сұрасты. Екеуінің де әйелі жүкті еді. Іштеріндегі сырын айтысып, екеуі де сәл жыласып алды.
—Байбөрі, ал өнер-бағымыз, дәулет-малымыз, зарымыз қатар болды. Әйелдеріміз де жүкті болды. Кел, ақыреттік дос болайық. «Сүйек тамыр сүйеніп күнелтеді» деп еді, «құр достың артығын алысады» деп еді, кел, іштегі балаға құда болалық,— дейді. Сол арада Байбөрі мал салды. Байсары мал алатын болды. Бірін-бірі жемей, сыйласып құда болды.
Байбөрінің әйелі ұл туды. Ұлының атын Алпамыс қойды. Байсарының әйелі қыз туды, оның атын Гүлбаршын қойды. Екі бала он төртке келді. Татулықта болып жүрді. Адал алысып, татулық дәурен сүрді. Шандарханның қол астындағы байдың тойы болды. Қыз әкесі Байбөрінің Ақбозат деген хан қол астынан озып жүрген ат еді. Ақбозатты күйлеп жаратты. Байсары жаратты. Байбөрі Ақжал шұбар деген айғырын жаратты. Тұқымынан бәйгі алып келе жатқан ат. Байдың ұлы тойында ат шабыс болды. Ат шабыс, көкпар алып қашу.