Алпамыс (5-бөлім)
Алпамыс · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
Тайшық хан сонда сөйлейді:
—Айтулының өзі едің,
Атыңды естіп алыстан,
Бір көріссем деп едім.
Байтақ-ұлан халықтың
Аузындағы сөзі едің,
Ерліктің асқан бел едің.
Керегіңді айта бер,
Қалағаның беремін.
Не десең де көнемін,
Досым саған сенемін.
Ессіз жатқан жеріміз,
Ұлан-байтақ еліміз,
Ел қонбаған көліміз,
Қонысты байқап келіңіз.
Сексен жолдас беремін,
Шын досыңа сеніңіз.
Елге келген қонаққа,
Сыйлық етер жеріміз.
Қарауымнан қонысты
Қамтемесіз көріңіз.
Қол астымдағы жерімнен
Қалағаның сенікі,
Қалғаны жердің менікі.
Байсарыдай батырдың
Қысқармайды өрісі.
Байсары, сізге берілсін
Қоныстың миуа жемісі.
Досының сөзін Байсары
Сонда мақұл көріпті.
Сексен жолдас беріпті,
Жолдастар бірге еріпті.
Қай қонысты алса да
Батырға берген ерікті.
Атқа қамшы басады,
Қоныстан қоныс асады.
Көрген жерінің кемі жоқ,
Қай қонысты алам деп,
Батырың сонда сасады.
Қабырғаға кеңесіп,
Батыр ойға салады.
Шығанақты ақ дария
Ақ дарияға барады.
Ойға алғаны теп-тегіс
Көңіліне жағады.
«Мекендеп шәрді салам» деп,
«Осы лайық маған» деп,
Ер қағазға жазады.
Ырза болып қонысқа
Тайшыққа қайтып барады.
Байсары келіп сөйлейді:
—Тегіс көрдім жеріңді,
Өзен, дария көліңді.
Жылқыға жайлы кер құмың,
Асу-асу беліңді.
Біріне-бірі жарасқан,
Миуа ағаш күнмен таласқан.
Елге келген қонаққа
Лайықтысын қарасқан.
Салқын соққан самалдан
Рахаты көп екен.
Ақ дарияға шәр салған,
Қамтеме ерде жоқ екен.
Жібергесін еркіме
Миуасы көп ақ дария
Үй салуым жол екен.
Іздеген ханға қауыштым,
Ақ талабым оң екен.
Рахатты жер таптым,
Несібе, бағым зор екен.
Тайшық ханға барайын,
Көңілімдегі арманды
Баяндап, сөйлеп қарайын.
Қабыл көрсе сөзімді
Дарияға үй салайын.
Үйді топтан оздырып,
Хан еркіме жіберсе
Болыскіден салайын.
Айналаның үзігін
Шын күмістен жабайын.
Кәдір, бағым басымда
Айналам болсын тас қорған.
Алтын сырмен сырлатып,
Лағылдан болсын сарайым.
Мақұл көрсе Тайшық хан,
Осының бәрін қалайын.
Қамтемесіз тілекті
Түгел тілеп алайын.
Қасында бар көп жолдас
Армансыз қоныс көрісіп.
Желігісіп, желісіп,
Бір-біріне сенісіп,
Хан Тайшыққа келген жер,
Келіп сәлем берген жер.
Байсарының көңілінде
Аралап тегіс көрген жер.
Миуалы жеміс дарияны
Көңілі қалап келген жер.
Қасында сексен жолдасы
Бір-біріне шенішті,
Хан алдына келісті.
Ханға сәлем берісті,
Қол алысып көрісті.
Байсары сөз бастады,
Көзіменен көргеннен
Өзен, су менен қалың ну,
Қонысты байқап келгеннен,
Жер аралап көргеннен,
Батыр еді Байсары
Көкірегі желденген.
Әуелден-ақ көңіліне
Шайтан кеулеп жел берген.
Істеген ісін Тайшық хан:
—Теріс емес, оң,—деді,
Менің бағым зор,—деді.
Сізіңменен қауыштым,
Несібем артық, мол,—деді.
—Қонысыңның кемі жоқ,
Ағысты, нулы ақ дария
Қалағаным сол,—деді.
Мақұл көрсең, Тайшық хан,
Қалаған жерімді аламын.
Үй салдыру қонысқа
Осы менің талабым.
Қол астыңнан оздырып,
Жәрдем етсең қонақ деп,
Болыскіден нақыштап,
Жарқыратып саламын.
Үйдің сәні болуға,
Күмістен үзік жабамын.
Алтын сырдан сырлатып,
Ұлықсатың шын болса,
Алдымнан сарай саламын.
Сізге салған кеңесім—
Ел билеген төресің.
Осы айтқан талабым,
Тайшық хан, қалай көресің?
Беглеріңмен кеңесіп,
Мақұл десең, тақсыр хан,
Ақ дарияны бересің.