Алпамыс жыры (9-бөлім)
Алпамыс · С. Жаңбыршин нұсқасы · 2 мин оқу
Шұбарға қамшы басады,
Санынан қаны жосады.
Шұбардың басқан тұяғы
Жерді ошақ қазады.
Қырық кез бауыры жазылды,
Үстіндегі дәуменен
Осы тұрған Шұбар ат
Жер басқаннан озады.
Құладын мен бөктері
Көтеріліп ұша алмай,
Өлгендері көп қалды.
Өлген құсты артынан,
Шағала құс жеп қалды.
Қиядан қиқу салады,
Шұбардағы төрт шеге
Бәле болып барады.
Құздау жерге келгенде
Ақбөкендей еседі.
Тастақ жерге келгенде
Кібіртіктеп кетеді.
—Қанша бала алдыңда
Бар?—деп жетіп Қаражан
Бір баладан сұрады.
—Белгілі аттан он ат жоқ,
Басқасынан озады.
—Шіркін, бала, ар ма,—деп,
Сенен де алда бар ма?—деп,
Сұрқылтайдың сұр аты
Соңынан келіп құлады.
Көбіктінің сары аты,
—Шіркін, бала, ар ма,—деп,
Сенен де алда бар ма?—деп,
Бұдан да өтіп барады.
Тайша ханның тарланы
Бұ да кейін қалғаны.
—Шіркін, бала, ар ма,—деп,
Алда бала бар ма?—деп,
Мұнан да келіп сұрады.
Қалмақтағы көп ала ат,
Айқай шықса жағалай,
—Енді, қалқам, ар ма,—деп,
Алда бала бар ма?—деп,
Бұдан да өтіп барады.
Ақташаның ала аты
Таудан аққан бұлақтай,
Таста ойнаған лақтай,
Соңынан келіп құлады.
Тағы келіп құлады,
Өзінің туған баласы
Қара атымен Досманбет,
Қаражан қашан жетем деп,
Досманбетті қуады.
Келе жатқан жерінде
Көрінді соның қарасы.
Қамшы басып Шұбарға
Енді жетті қараға.
Басын тартып баласы
Келеді екен шамасы.
Жақындап батыр келген соң
Басын тағы жіберді.
Қара кетті асып-ай,
Қараны тағы көре алмай,
Қаражан қалды сасып-ай.
Қашан соған жетем деп,
Ойланды батыр шамасы.
Тағы жетіп келсе де
Тағы қалды Шұбарың
Қарақшыда көрінді.
Қарадан Шұбар байқасаң,
Оза алмады шамасы.
Ашуға мінді ер батыр,
Шұбарға қамшы басады
Шұбардың енді санына,
Жаман батты жанына.
Сауысқан, қарға тойынды
Бұтынан аққан қанына.
Тағы да жетіп қараға,
Шұбармен атой салады.
Құйрығынан қараның,
Қаражан батыр алады.
Батырдың көрсең ісін-ай,
Алыптайын күшін-ай.
Екі тұлпар қағысып,
Құлатып батыр кетеді.
Өзінің туған баласын
Астындағы Шұбармен
Өзі озып кетеді.
Көңілі ердің толады,
Баладан озып барады.
Жиналып тұрған көп халық
Бәйгіден көрді қараны,
Айыра алмай қарады.
Осы отырған Тайша хан
Мұнараның басынан
Трубкемен қарады.
Көріп Тайша сөйледі:
—Шулама, халқым, шулама,
Жамыраған қойдай шулама.
Шыққыр көзім шықпаса,
Бәйгіден алда келетін,
Шеттен келген өзбектің
Шұбар аты бола ма?!
Айтып ауыз жұмғанша,
Желдер ескен тынғанша,
Шұбар келіп құлады.
Сол уақытта Гүлпаршын,
Жүгіріп жаяу жүр еді.
Шұбар атты көреді,
Еңіреп қоя береді.
—Астыма мінген кер,—деді,
Кекілден аққан тер,—деді.
Шыққыр көзім шықпаса,
Аман емес Шұбар ат
Енді, шіркін, бұл,—деді.
Шұбардың осы шапқаны
Ұнамай маған тұр,—деді.
Шұбар келді айналып,
Қарақшыдай тұрады.
«Біреудің көзі тиер» деп,
Мақпал жауып жетектеп,
Гүлпаршын алып барады.
—Аман емес Шұбар,—деп,
Аяғына қарады,
Аяқтағы төрт шеге
Тісіменен суырып,
Гүлпаршын соны алады.
Көзді ашып-жұмғанша
Шұбар аттың соңынан
Ала ат келіп құлады.
Сол уақытта келген соң
«Біздікі бәйгі еді» деп
Жұртқа қабар қылады.
«Жығып кетті қара атты
Келе жатқан бәйгіден»
Есітті тегіс қабарды.
Қалмақтар енді ойланып,
«Осыдан-ақ өлдік» деп,
Ортасына алады.
Найзаменен шанышып,
Қылышпенен пәрелеп,
Кетпесең түгел халық деп,
Екі жүздей баһадүр
Тайша рұқсат қылады.