Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Алпамыс (6-бөлім)

Алпамыс · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу

Тайшық хан сонда сөйлейді:

—Байбөрі, айттың ханыңа,
Қоныс көрген жайыңнан.
Ақылың артық кісісің,
Жақсы менен жаманды
Білікпенен айырған.
Іздеп келген досымсың,
Не десең де қайырман.
Аямаймын шын досым
Қарауымнан барымды.
Іздеп келген қонақсың,
Ойлауым керек арымды.
Қалағаныңды ала бер,
Беруден тартпан қарымды.
Қол астымды жияйын,
Игі жақсы адаммен
Мәслихат қылайын.
Ізге келген батырсың,
Жиылып келген халыққа
Мәнісін баян қылайын.
Ықыласың жүрген досымсың,
Қайт болмас сенің райың,
Ырзалықпенен сөйлесіп,
Ізгілерді жияйын,
Азамат басын құрайын.
Не десең де, ал қабыл,
Айтқаныма тұрайын.
Дүниеде керектен
Қамтемесіз қылайын.
Ақын жырын жолдасын,
Бұрынғы өтіп кеткеннен
Қызыл тілім жолдасын.
Тайшық хан сонда шақыртты,
Білімді ерлер толғасын,
Ақылгөй сырлас қолдасын,
Ел бастық ерлер келед деп,
Сырлатып, сәндеп ордасын.
Кіл уәзірді ақылгөй
Хан шақыртып келіпті.
«Білімділер келсін!» деп,
Тайшық хан әмір беріпті.
Хан әмірі екі емес,
Не айтса да ерікті.
Қашаннанғы жолдасы
Бәрі сырлас серік-ті.
Уәзірі ақылгөй
Қашаннан да шенішті.
Бастан айтып көрсетті,
Байсары жүрген көп істі.
Ханның айтқан мәніске
Түсінісіп сеністі.
Ордаға келген би мен бек
Бердік десіп ерікті.
Құрметтеп сыйлауды
Баршасы дұрыс көріпті.
Ер келгені мақтаныш
Жиылып келген халықтың
Көңілі жұмсап еріпті.
Келген бектер бәрісі
Біршілікпен келісті.
Уәде қылды қонақты
Сыйлықпенен бағуға,
Батырдың көңілін табуға.
Басы Тайшық халықтың
Байсарыға жағуға.

Хан құралы кеңесті,
Кеңескенде не десті.
Байсарыға сыйлықтан
Бой тартатын емес-ті.
Оңаша шығып кеңескен
Кілең мықты шонықтар.
Кеңескенде не дескен,
Қол тартпасқа сөйлесті:
—Байсарыға керектен
Қалауын беру жол болар,
Келгесін досым себеппен.
Несі басшы басшының
Қонаққа қорған болмаса.
Елшілікке лайық,
Жолдастарым, сол болар—
Қонақтың қамын ойласа.
Ықылас пенен сыйлықпен
Жақсы бағып қорғаса.
Қорғалап бізге кім жуыр
Еш панамыз болмаса.
Ел бастаған ерлерге
Шын сынықтық сол болар,
Мейманын бақпай қорласа.
Құрметтеу, үй салу,
Достарым, болсын талабың.
Мақұл болса бәріңе,
Қалаған үйін саламын.
Байсарыны құрметтеп,
Дүнияша бағамын.

Уәзірлер шаттанды,
Елге батыр келгенге
Қуанысып мақтанды.
Бастығы халық Тайшық хан
Мақұлдасып баршасы
Үй салуды басқарды.
Ажарланып беглер өңделді,
Дариядан қоныс жер берді.
Байсары батыр досына
Уәзірлік шен берді.
Бастық болып халықты
Байсары қонақ меңгерді.
Не десең де айтқанын
Қалмақтың халқы жөн көрді.
Үй салдырып, пәт берді,
Үйдің ішін көркейтіп
Ажар беріп, сән берді.
Қазынаның мүлкінен
Төрт түлік бөліп, мал берді.
Сол дарияға қонады,
Шарбағы малға толады.
Қарағайдан салдырды
Малға сарай қораны.
Ағаштан шынар қақтырып,
Алыстан аула орады.
Қақпасын сырлап салдырып,
Мұндай сыйлық көргенсін,
Ел қонағы Байсары
Қуанышты болады.

Осы қонысты, қалаған жерін алып, Тайшық хан күшіменен үй салып, неше түрлі сарай салдырып, керегінің бәрі даяр болып, Тайшық хан сонда Байсарыға:—Не қамтемең бар, досым?—деген.

Алпамыс

Барлығы: 40 жыр

Тағы оқыңыз