Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Алпамыс (2-бөлім)

Алпамыс · Н. Байғанин нұсқасы · 3 мин оқу

Талай батыр елде бар,
Шеттен келген ерде бар.
Той базарын қыздырған
Талай қайғы серіде бар.
Ат жүйрігін санасқан,
Кіндігінен жаратқан.
Алқымдарын үзілтіп,
Басын көкке қаратқан.
Сұлу, майда болсын деп,
Жал-құйрығын таратқан.
Аяқтан ұшқан тозаңын
Көкке ұшырып бара атқан.
Аттың иесі кілең ер
Асынған қару болаттан.
Ал деп шауып азамат,
Көп көруге таласқан.
Айқай салған ұранмен
Жаңғырықты жер, аспан.
Жалғасып қолдан қол асқан,
Көп көруге таласты,
Елдің батыл данасы.
Жағаласып, тартысты,
Мықты менен осалдың
Ашылды сонда арасы.
Пара-пара болады
Киген киім жағасы.
Көк бөріні тартулы,
Талайдың тауы қайтулы.
Осал қалып шегініп,
Мықтысы шықты айтулы,
Бір қатары торықты.
Астында аты зорықты,
Жүйрік ат, ердің мықтысы
Халыққа мәлім болыпты.
Байбөрі мен Байсары
Қарсы келіп құдасы
Бір-біріне жолықты.
Байбөріні көргенде
Байсары көңілі тарықты.
Айбаты шыққан батырдан
Сескеніп көңілі қорықты.
Көкпары тартқан бәйгіде
Құдаға бір сын болыпты.
Ат үстінен екеуі
Көкбөріге жабысты,
Ат үстінде алысты.
Екеуі де ойлады
Ар менен кек, намысты.
Құдаға бәйгі кес болды,
Алысуменен кеш болды.
Бірін-бірі ала алмай,
Ер еңбегі еш болды.

Байсары сонда сөйледі:

—Байбөрі құдам сен едің,
Шын досың мен едім.
Осы сапар бәйгінің
Алдын алсам деп едім,
Әбірайын маған бер!
Достықпен айтқан себебім,
Бізге күлер ел,—деді,
Достым едің сен,—деді.
Жақсы атты маған бер,—деді,
Бәйгісін ал, Байбөрі,
Менен кейін кел,—деді.
—Иә, Байсары құдам сен едің,
Тату құдаң мен едім.
Жолсыз тілек тілеген,
Байсары сенің нең едің.
Жөнсіз тілек тілейсің,
Сен ақылға кем едің.
Жолсыз айтпа сен,—деді,
Жолсыз айтқан сөзіңе
Салмаймын құлақ мен,—деді.
Арын қолдан бергендей,
Байбөрі сенен кем бе еді?!
Арға—күйеу, дауға—жиен,
Жоқ деген сөз,—деді.
Сол мезгілде Байсары,
Қамшыменен сермеді.
Қамшыменен салысты,
Ат үстінен алысты.
Екі батыр ойлады
Ауыр, жедел намысты.
Астындағы шұбарға
Байбөрі қамшы ұрады.
«Көкбөріні жібер» деп,
Құдасынан сұрады.
Ашуы күшті Байсары
Түскен тату құдасын
Қамшы дойырмен ұрады.
Байбөрідей батырдың
Ашуға іші қызады.
Бір-біріне екеуі
Асыра қамшы салады.
Намаздыгер уақытта
Қолындағы көкбөріні
Байбөрі жұлып алады.
Қайғылы болып Байсары
Үйіне қайтып барады.
Уақыт жетіп, күн батып,
Халық алды-алдына тарады.

Күніке сөйлейді:

—Е, Байсары, Байсары,
Қуарыңқы ажарың,
Жабылыңқы қабағың,
Ашу тұтқан секілді,
Неден қайтты қаяуың?
Жасырмастан сырыңды айт,
Кім сындырды назарың?
Тауың қайтты неліктен,
Суыды қалай базарың?

—Бәйбішесің сен,—деді,
Байсары батыр мен,—деді.
Құдай дескен Байбөрі
Тату құдам тең,—деді.
Дос-дұшпанның ішінде,
Тіледім тілек мен дедім.
Бір тілегім бермеді,
Таба болып дұшпанға,
Ішіме толды шер,—деді.
Құдам деп тәуір көре алман,
Көкіректі шер алған.
Сағынып көрген Баршынды,
Баршын бала жарқынды
Еркімменен бере алман.
Дос-дұшпанға мат қылды,
Қорлығына көне алман.
Ерегіскен дұшпаннан
Жеделім менің кек алған.
Арам ниет залымды
Құдам бар деп не етейін.
Мақұл көрсең, Күніке,
Бұл қоныстан көшейін.
Ардақтаған жалғызым,
Баршынды бермей кетейін.
Осы ойлаған жеделге
Қалай да болса жетейін.
Қайрылмаймын жеріме,
Қайрылмаймын туған деп
Үйсін, Қоңырат еліне.
Өзім тірі жүргенде,
Гүлбаршындай баламды
Тауып қосам теңіне.
Босағада қалмаймын,
Отырармын сыйлықпен
Қалмақтың ханы Тайшық хан
Ордасының төріне.
Шын досына қас қылған,
Обалы, құда, өзіңе.
Жолдастығым, теңдігім
Көрінбеді көзіне.
Осы сөзден шығамын
Қалай да болса шегіне.
Ерегіскен жер болды,
Ер тұрмай ма кегіне.

Алпамыс

Барлығы: 40 жыр

Тағы оқыңыз