Алпамыс (8-бөлім)
Алпамыс · Н. Байғанин нұсқасы · 3 мин оқу
Сол Алпамыс алыптың
Алып ұшып жүрегі,
Қызғын тапты сүйегі.
Ашуланып, шамданып,
Үйіне қарай жүреді.
Байбөрінің боз орда
Айбаттанып ашумен,
Еңкеш келіп кіреді,
Түрегеліп тұрады.
Оттай жайнап екі көз,
Ашуланған сияғы,
Кемпір-шалдың шырағы.
Түсінен шошып баланың,
Әкесі мен шешесі:
—Не болды?—деп сұрады.
—Ата-анам сен едің,
Жалғыз балаң мен едім,
Қайғыға батып келемін.
Жасында кеткен қалмаққа,
Гүлбаршындай досымды
Әлі айтпаған нең едің?!
Ашу қысып арланып,
Келіп тұрған себебім
Шын айтатын жеріңіз,
Қалай кетті Байсары,
Бағдарын айтып беріңіз?!
Іште жатып қосылған
Гүлбаршын досым теңіміз.
Өтірік айтпа, шыныңды айт,
Не де болса көніңіз.
Түсіндір, қарттар, сөзіме,
Қаһарлансам кім шыдар,
Сарытамның кезіне.
Енді тұрман елімде,
Үйсін, Қоңырат жерінде,
Қосылу керек кешікпей,
Іште жатып қосылған
Гүлпаршындай теңіме.
Аман болсам шығамын,
Асудың асқар беліне.
Тәуекел етіп жетермін,
Ерлік, бақыт төріне.
—Әкеңнің дәулет малы бар,
Алтын, күміс тағы бар,
Тәрбие мен сәні бар.
Үйсін, Қоңырат елінен,
Жиделі Байсын жерінен,
Теңіңді іздеп тауып ал.
Дүйім қалың еліңнен,
Жалғызың қалай табылар.
Жедерленіп шамданбай,
Халықтан сұлу, ару қыз
Таңдап алсаң не қылар.
—Байбөрідей жан ата,
Сындырма менің сағымды,
Байлама, әке, бағымды,
Қолдан бермен арымды.
Мен дұшпанға қор қылман,
Іште жатып қосылған
Гүлпаршындай жарымды.
Гүлпаршынның жолынан
Еш тартпаймын қарымды.
Тұлпар мініп, ту ұстау,
Әке, менің сәнім-ді.
Шешесі ақыл ойлап тұр,
Көңілін тоқсан толғап тұр.
Тоқтамасын баланың
Көңілмен сынап болжап тұр.
—Кетемін дедің, балам, амал жоқ,
Сен кеткен соң қолымнан,
Бұрынғы дәуір заман жоқ,
Тілегімде алаң жоқ.
Сен кеткен соң не болар,
Он үш жасар Қалимаш,
Толықсыған толқын жас.
Қызғалдақтай қалқамның,
Қайғымен болар көңілі пәс.
Сен кеткесін қиындық,
Көз салар бізге дұшпан қас.
Бұлсыздар бізге бұл болар,
Тілімді алсаң кетпе еш,
Қара орман жиған гүл болар.
Бізге қожа кім болар,
Малай менен құл болар.
Қарындасың Қалимаш,
Жібек шашы жүн болар.
Бауырынан айрылып,
Кеңшілікке мұң болар.
Ата-анаңның көргені
Қараңғы түнек түн болар.
Көздің жасы көл болып,
Көкірек қайғы кір болар.
—Не де болсам, ата-анам,
Маңдайымнан көрермін.
Қазам жетсе егер де,
Үйде отырсам да өлермін.
Қайғы шегіп қамықпа,
Ажалсыз болсам келермін.
Жеделім күшті, қайрат көп,
Бұл жауды құртып жеңермін.
Қарындасы Қалимаш,
Бірге туған бауырлас.
Он үш жасар баладан
Мұндай ақыл табылмас.
Жас та болса со бала,
Айтар сөзден жаңылмас.
Қалимаш сонда жылап тұр,
Жылаумен өзін бұлап тұр.
Кететінін ағаның
Ақылымен сынап тұр.
—Алдымда өскен қорғаным,
Он үш жасқа толғаным.
Қызғалдақ едім жайнаған,
Сен кеткенсің, бауырым,
Қызғалдақ қурап солғаным.
Он үш жыл саған ергенім,
Бір күнгідей болмадың.
Қаршадайын күнімнен
Ішімді қайғы торладың.
Сенен бөтен панам жоқ,
Суалып күнін болғаным.
Өтірік емес шын болар,
Әлі-ақ озып тозбағым.
Өрен жорға тағалы,
Таланды қыздар...
Мен келмесе игі еді.
Қайғылы күннің қараны.
Қыз ардақты болмағы,
Бауырының заманы.
Кеңшілікте бәрі дос,
Сен кеткен соң, бауырым,
Достықтың болар түбі бос.
Арықтың көңілі тарық-ты,
Бізде болмас көңіл хош.
Жылқыдағы жүйрікті
Ұлтан құл шабар жайдақтап.
Ат жаратып өктемсіп,
Бәйгіге қосар байрақтап.
Әкемнің ақбоз ордаға
Құлдар шығар ойнақтап.
Жалтаң көз болып жүрермін,
Екі көзім жайнақтап.
Қорғап, қоршар адам жоқ,
Жанашыр кісі маған жоқ.
Сен кеткесін бауыр деп,
Жан ашитын жаран жоқ.