Алпамыс (3-бөлім)
Алпамыс · Н. Байғанин нұсқасы · 3 мин оқу
Күніке сонда жылады,
Көзінің жасын бұлады.
Байсарының сөзіне
Арудың сағы сынады.
Дерт алып жүрегін,
Қайғы, қасірет сығады.
Қос бүйірін таянып,
Қайғыдан талып құлады.
Су бүркіп бетіне,
Есін жиып тұрады.
Тұрады да сөйлейді:
—Көшем дейсің, Байсары,
Бақыт, дәулет орнаған
Үйсін, Қоңырат еліңнен,
Ата қоныс жеріңнен.
Кетсем дейсің, Байсары,
Ақылыңның кемінен.
Қоныстан көшкен ел оңбас,
Мәжіліс кетер төріңнен.
Ағайыннан айрылып,
Жатқа кетсең егерде
Қорықпаймысың өлімнен?
Нағылып қиып көшесің,
Орнаған дәулет жеріңді?
Нағылып қиып көшесің,
Үйсін, Қоңырат еліңді?
Нағылып қиып көшесің,
Жасы үлкен қарт пенен
Заманы қатар теңіңнен?
Кек көре ме ер жігіт
Көңлің сүйген теңіңді.
Қоныстан көшу жол емес,
Ер тарығар болар ма,
Досынан көрген жәбірден,
Айырам деме Баршынды
Іште жатып қосылған
Алпамыс бала теңінен.
Ағайыннан айрылсаң,
Жылау кетпес көзінен.
Сүйенішер досы жоқ
Медеуі кетер белінен.
Түгел тұрған ерлердің
Дұшпан жүрмейді шенінен.
Сындырма менің сағымды,
Байлама, батыр, бағыңды.
Қоныстан кеткен қиын іс
Жалғыздың ісі жазым-ды.
Көкбөріге таласып,
Құдаға көңілің ауырды.
Бопсаңды бөтен демейін,
Бәйбішеңмін, жолдасың,
Бер тілегін, мерейін.
Айтқаныма көндіріп,
Байбөрідей құдаңнан
Айыбын алып берейін.
Батыр, бұл ашуың оң емес,
Қатар құдаң Байбөрі
Біреуден біреу зор емес.
Кегін қолдан бергендей
Байбөрі құрбың қор емес.
Ашуланып арланба,
Сен ашуға алданба.
Білікпен айтқан сөзімді
Аңғармай, батыр, қам қалма.
Іште жатып қосылған
Кек қылмаңыз балдарға.
Байбөрі сонда сөйлейді:
—Әй, Күніке, Күніке,
Сөйлеме, әйел, сен,—деді,
Сөйлей берген нең,—деді.
Бұл қорлыққа көнгендей
Байсары онан кем бе еді?!
Ардақтап сүйген жалғызым,
Гүлбаршындай баламды
Бере алмаспын мен!—деді.
Өзім тірі жүргенде
Табармын қызға тең,—деді.
Көп қайғырма сен, әйел,
Үйді жыға бер,—деді.
Күніке сонда сөйлейді:
—Ықпалың жүрген күніңде,
Жүрген жоқ дұшпан шеніңнен.
Қадірің артық батырсың,
Көрмеген қорлық еліңнен.
Сансыз дәулет айдаған,
Көшпек болдың жеріңнен.
Айрылмақ болып сөйлейсің,
Қадірлес қатар теңіңнен.
Өз-өзіңнен бүліндің,
Ақылыңның кемінен.
Алыстап кетпес пе едің,
Ықпал, көңілің бұзылды.
Қор етесің түбінде
Ардақтап сүйген қызыңды.
Осы айтқаныңды істесең,
Өзіңе ерік салғанда,
Байбөріден озарсың
Жаратпаймын түріңді.
Бір дұшпанның шетіне,
Ақ үйлі болып қонарсың.
Сәуелім шайтан болмаса,
Қайтып елге келе алмай,
Халықтың жүзін көре алмай,
Қас масқара боларсың.
Елден кеткен ерге сын,
Азарсың да тозарсың.
Ашу ерді сығады,
Ашуланып, шамданып,
Қамшыменен ұрады.
Көзден аққан қара жас
Омырауды жуады.
Қайғыменен сүрініп,
Күніке сыртқа шығады,
Әйелі үйді жығады.
Ақылды әйел саналы,
Алтын, күміс жасауды
Нарға артып таңады.
Сексен нарды жетелеп,
Жаяулап тартып барады.
Тимеген жерге табаны,
Күймеген күнге қабағы,
Күнікенің бар ма амалы.
Отыз екі жасында
Қайғының түскен заманы.
Жалаңаяқ аяғы
Бұрын-соңды Күнікенің
Маңдайы күнге күйген жоқ,
Табаны жерге тиген жоқ,
Еш қиындық білген жоқ.
Тарлық көрген күн еді,
Қайғысы көрген шын еді.
Сары атанды жетелеп,
Төте жолмен төтелеп,
Бейшара жаяу жүреді.
Көш үстінде зарланды,
Қайғыменен сандалды.
Зарланбай жазған нағылсын,
Тек сексен нар болмаса,
Сансыз дәулет мал қалды.
Қара орман менен жиған зат
Артында ессіз қам қалды.
Сол секілді Күнікенің
Ақылы ойран дал қалды.
Көшті тартып Күніке
Амалсыздан жөнелді.
Тәрбия менен дәулеттен
Кеткен күнде не көрді!
Ханым басы бақырдың
Бейне күңге теңелді.
Көңілі толған құсада
Көкірекке шер енді.
Арада күндер өтеді,
Жаяулап өмір өшеді.
Неше күндер өткенде,
Ну, қамысты көк бұлақ
Соған келіп жетеді.
Дем алуға Байбөрі
Он бес күн қоныс етеді.
Көк бұлақты мекен еткенсін,
Үйдің иесі Байсары
Қарауыл қарап кетеді.
Биік тауға жанасты,
Белге буған садақты,
Қару түрлі жарақты.
Тау басына шықты да
Қарауыл батыр қарапты.
Елсіздегі сол жерден
Киік пен құлан аң атты,
Сансыз аңды құлатты.
Астындағы атына
Атқан аңды жапа артты.
Күн сегіз күн болады,
Бір жетіге толады,
Атқан аңын сояды.
Он бес күні біткен соң
Қоныстан тағы көшеді.
Көшіп-қонып жүрумен
Арада үш ай өтеді.