Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Алпамыс (4-бөлім)

Алпамыс · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу

Үшінші айдың жүзінде,
Тап сол жылы күзінде,
Мұнар шалған қара тау
Басына келіп жетеді.
Таудан аққан бұлаққа
Күнікені қондырды.
Тайшық ханның еліне
Өзі жалғыз кетеді.
Таудан қала көрініп,
Ердің көңілі өседі.
Хан шәріне келеді,
Келе сөйлей береді.
Сондағы ердің сөзі еді,
Қасына келген адамға:
—Мен бір шыққан ер едім.
Үйсін, Қоңырат елімнен,
Жиделі Байсын жерімнен,
Атақтының өзі едім.
Жүрмеген дұшпан шенімнен,
Тайшық ханға келуге,
Дидар жүзін көруге,
Ықылас көңілім бөлінген.
Тайшық ханға сәлем айт,
Байсары атты ер едім,
Тайшықты іздеп келемін.
Ұлықсат етсең егерде,
Хан ажарын көремін.
Өмірімде айтар сөзімді
Өзіне айтып беремін.
Хан Тайшыққа айтып бар,
Ұлықсат болса қонамын,
Ханға қонақ боламын.
Тек осынымды айтып бар
Ендігі сөзді қоямын.

Хабарға барған адам үйге келді,
Тайшықтың тақта отырған көзін көрді.
—Бір мейман түсем дейді ат үстінде,—
Деді де хан Тайшыққа хабар берді,
Келгенін сонда Тайшық мақұл көрді.
Айтатын көкірекке сөзін сайлап,
Ішіне шарбақтың атын байлап,
Бұрынғы өткен ашу еске түсіп,
Бұрынғы ой да, кегі іште қайнап.
Ордаға қол қусырып кіріп келді,
Көргесін Тайшық ханды гүл-гүл жайнап.

Байсары қол қусырып келіседі,
Тайшық хан құшақ жайып көріседі.
Байсары батыр кісі,
Сүйісіп екі беттен өбіседі.
Көрмесе де атына сырттан қанық
Байсары Тайшық ханмен келіседі.
Екеуі бірге отырып сөйлескенде
Сияғы, жарастығы келіседі.
Кемдік жоқ Байсарыда келбет сияқ,
Көп халық аталасып көріседі.

Әлқисса, қонақ болады. Жатқанына бір жетіге толады. Бір жетінің соңынан батыр ұлықсат сұрады.—Не жайлы жүрсің?— деп хан бұйымын сұрады. Батыр ханға тағзым етіп тұрады.

—Ал Тайшық хан сен едің,
Байсары атты ер едім,
Алыстан іздеп келемін.
Жүзіңді көріп қауышып,
Сыр сөйлессем деп едім.
Жұмысымды сұрадың,
Айтайын жүрген себебім,
Іздегенім сен едің.
Сізбен сыбай қонуға,
Ауыл, үйлес болуға,
Асық болып келемін.
Сен атағың шыққан данышпан,
Мен атағы шыққан арыстан,
Талайменен алысқан.
Атағыңды естіп сыртыңнан,
Ғашық болып алыстан.
Талақ салдым елімді,
Қоныс еткен жерімді.
Жылқыны мыңнан асырған
Бетегелі белімді.
Жыныс ағаш көк шалғын,
Айдын шалқар көлімді.
Іздеп таптым алыстан
Тайшық хан атты теңімді.
Ықылас пенен көңілім,
Досым, саған берілді.
Өзімнің туған халқымнан
Айырып көштім шегімді.
Сен хансың да, мен батыр,
Ойлаймын намыс, кегімді.
Жазғытұры жайлауға
Қамысты нулы көл керек.
Көк шалғынды сай менен
Көк көделі бел керек.
Іздеп келген досыңа
Лайық қоныс, жер керек.
Қонақты сыйлап бағуға,
Ықылас пенен жөн керек.
Мекен-шәрді салуға,
Жергілікті шын қоныс,
Өзіме арнап алуға
Ұзын өзен, су керек.
Шәрдің сәні болуға
Жеміс ағаш, ну керек.
Төңкерілген көдесі
Орқаш бұйрат құм керек.
Шалғын шөбі нұрланған
Бидайықты шым керек,
Осы қоныс шын керек.
Ер қадірін білетін
Атақты сіздей ер керек,
Ерді сыйлар тең керек.
Тура достық көрсеткен
Ақырында сен керек.

Алпамыс

Барлығы: 40 жыр

Тағы оқыңыз