Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сайрам аңызы (9-бөлім)

Аңыздық жырлар · 3 мин оқу

Малынды Теміртектің қанға басы,
«Ұһ» деді жазылғандай қыз жарасы.
«Енді өлсем, арманым жоқ»,—деді ішінен,
Жанының тарқағандай бар наласы.

Анталап бірнешеуі қаумалады,
(Басынан жас балғынның аума бағы!)
Боп жатыр қызыл майдан, қырғын соғыс,
Тұнжырап тұра қапты тау қабағы.

Обалды ойламаған жауыз надан,
Анасын Бисараның бауыздаған.
Баяғы қос жендетті көрді Ахмет,
Ұмтылды толтырмаққа аузына қан.

Бірін кеп қағып өтті қылышпенен,
Одан да шорт қиылды тыныс деген.
Біреуі қанды қолдың тұра қашты,
Оқ бойы аса берді қиыс белден.

Ахметті ашу кернеп, кегі қысты,
Астында кертөбел де керіле ұшты.
Садағын толғап тартып қалып еді,
Ол дағы омақасып жерді құшты.

Бұл маңды топырлаған шаң басты,
Кей аттар адам сүйреп алып қашты.
Кедейлер атты-жаяу араласып,
Кейбіреуі ұрады алып тасты.

Таңулы Майсақалды қарағайдан
Серіктің көзі шалды анандайдан.
Жетті де қылышпенен қиды арқанды,
Бай оны өртемек боп байлап қойған.

Ес жиып елеуреген бай қаптады,
Тағы да ойран болды тау қапталы.
Есіл ер Серік мұнда оққа ұшты,
Жосылып денесінің саулап қаны.

Аты өлді Ахметтің бұл майданда,
Қайран ер жаяу қалды қанды ойранда.
Жарадан сау жері жоқ денесінің,
Қырандай енді қайтып самғайды алға.

Ахметті Бисараның шалды көзі,
Айқасқан жаумен жаяу жалғыз өзі.
Ол дағы ұшып жетті лашындай,
Осы бір көре қалып маңды көзі.

Сиретті жауды талай ығыстырып,
Жасқады айналаны қылышты ұрып.
Жетіп кеп Ахметке былай деді,
Сәл ғана оңашаны тыныс қылып:

—Ахмет, Тәңір қосқан жарым едің,
Торлап тұр айналаның бәрін өлім.
Сен мына атқа мінші, мен қалайын,
Қайрат қыл, қапы қалмай, есіл ерім!

Бисара өзі де ауыр жаралы еді,
Қуарып қаны қашып барады енді.
Ол егер келмегенде мұнда жылдам,
Ахмет жау қолында қалар еді.

Бәрі жау айналаның ентелеген,
Қара сап шашын жайды еңселі емен.
Мөлдіреп тына қалды тау бұлағы,
Даусы жоқ сылдыраған, еркелеген.

Әлсіреп, Ахмет те жараланып,
Аққан қан оның да әлін барады алып.
—Сен қалма, мінгесейік атқа,—деді,
Енді біз бөлінбейік дараланып.

Кеудесін әрең ғана көтереді,
Сау болса қарғып мініп кетер еді.
Ахмет үш ұмтылып мінгесті әзер,
Бисара Кеңсай жаққа төтеледі.

Қолдағы опырылып найза қалған,
Қылыш та сынды ма екен, қайда қалған?
Әйтеуір, бар қалғаны бес тал жебе,
Оны да атты міне сайлап алған.

Артынан жау да қуды сатырлатып,
Садақтың атқан оғын жақындатып.
Паналар Керме тасқа жеткізбестен,
Ұшырды астындағы атын атып.

Қалмады-ау, қолда қару, астында аты,
Осы ма мерт болғаны жастың қапы.
Ахмет қансыраған талықсыды,
Өмірінің таусылғалы бар қымбаты.

Сонда қыз еңіреді бетін басып,
Арманым көп өмірден өттім жасып.
Егіліп құшақтады Ахметті,
Мойнына әлсіреген қолын асып.

—Жылама, Бисарашым, айналайын!
Келші, бір ақырғы рет аймалайын.
Анаңның қабыры ғой мынау тұрған,
Бұл жерде біз ұйықтайтын жер де дайын.

Қалдырған арт жағында жосалы із,
Жігітке жасты бетін тосады қыз.
—Бұл күнде көргеміз жоқ ырыс-бақыт,
Ол күннің айырылмайтын қосағы біз.

Ахмет, кеудемдегі күнім едің,
Кете ме қызығымды жұлып өлім.
Берілген жалғыз саған жас жүрегім,
Өзіңмен бірге тынар жылы демім.

Тау естіп басын бұлтқа сүйеп қапты,
Ол жалғыз өксулерден тиек тапты.
Қош айтып орман-тауға, сүйген жарға,
Ахмет ақырғы рет иек қақты.

—Сұм дүние, сен, қараңсың енді маған,
Өзіңнен кетеді енді шерлі балаң.
Көрмедім ата-ана, жар қызығын,
Қойныңды аш, мені де жұт, сорлы далам!

Жұлдыздай сөнгенім бе аспандағы,
Айырылдым арманым ең асқардағы.
Шеңгелдеп жүрегімнен түйреп алды,
Дұшпанның бізге құрған қас қармағы.

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз