Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сайрам аңызы (10-бөлім)

Аңыздық жырлар · 1 мин оқу

Бұл сәтте жауда басты андағайлап,
Зор топыр селдей тасты маңда қайнап.
Дәрмен жоқ Бисарадай бишарада,
Ажал жүр мазақ қылып, салған ойнақ.

Қасіретті ғашық жайын білер нендей?..
Аспанда ойға батып түнергендей.
Орманда сайрамады әнші бұлбұл,
Көк найза таңдайына тірелгендей.

Аспанды қаракүйе бұлт басты,
Шама жоқ қарсыласар бұрып басты.
Ұрмаққа жеткен жауды жұлып алды,
Анасының басындағы құлпытасты.

Жер сонда жел қайықтай қалтылдады,
Аспанда қызыл оттар жарқылдады.
Дүниені зел-зала қып бір керемет,
Нөсер құйып, найжағай жарқылдады.
Күңіреніп қабырдан да бір үн шықты,
Қиын боп бұл маңайда жан тұрмағы.

Астынан алған тастың су атылды,
Аспанда атылған су шұбатылды.
Көл болып сол аймақтың бәрін басты,
Көмілді жаудың дағы үні ақырғы.

Алыстан ары қашып шұбады елік,
Сұмдыққа қалмағай деп куә болып.
Селт етіп ақбас шыңдар қарап қапты,
Көрмеген оқиғаға, сірә, болып.

Деген ғой: «Ер жыласа, ел жылайды,
Жыласа сорлы жетім, жер жылайды».
Осы сөз қалған содан тәмсіл болып,
Дейді ел: «Көлді туған шерлі қайғы!»

Соңғы сөз

Тұрғандай толық тербеп бой ырғалып,
Айдында аққу қазы ойын салып.
Беткейде көк шалғыннан ән шырқады,
Сайрамның жас шопаны қойын бағып.

Толқыса балғын құрақ желмен ойнап,
Тай-құлын сонау өрден салады ойнақ.
Лықсыған қалың малы көк шалғында
Жүргендей көрінеді жүзіп-бойлап.

Жамылып ырыс гүлін қыр белеңі,
Сайрамды алтын шуақ гүл бөледі.
Қыс болса, ақ теңізге шомып дала,
Жаз болса, жасыл перде бүркенеді.

Құйылып сай-саладан дән маржаны,
Қалқаның онда бүгін жанды арманы.
Өмірдің бақыт құсы ұшты биік,
Жаннат қой бүгін, міне, Сайрам маңы!

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз