Қазақ шежіресі (1-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Бендеге тіршілік жақсы болса да арман,
Десең де дүние жақсы арты жалған.
Қазақтың Тәңір тауын, мың толғауын
Сағынып қан майданда едім жазған.
Екінші, мұнан бұрын сексен бес жыл,
Жазылған шықты қағаз жан қалтамнан.
Бұл қағаз Бұқарада ақындардың
Шежіресі қол қойылып, пәтуаланған.
Жазуы өрнектелген кесте-кесте,
Жыртылып көп жерлері жырымдалған.
Уақыттың түрлі-түрлі себебімен,
Болмаған оқып көріп, пайдаланған.
Қан кешкен қара тұман айқастарда,
Жанымда қалмай жауға бірге барған.
Сонымен бабалардың ат-есімі
Қан болсам қанға батқан, өртке жанған.
Қадірін қайран жастық білмей заттың,
Сарғайып, қағаз тозып, жырымдалған.
Іздесең керегімді алайын деп,
Еш нәрсе енді адам таппас мұнан.
Сондықтан тағы біраз еңбек еттім,
Ізімен дұрыс қой деп жаңартылған.
Тағы да кестелесем, кім көреді,
Пайдалы болар дедім өлең қылған.
Бұл ойда жаралы кез, госпитальда,
Қырық үштің аяғында орындалған.
Халықтың қазынасы ғой—өткен өмір,
Қалайда зиян көрмес оқыған жан.
Тарыққан талабына жетері анық
Өнеге-өсиет ұққан ата-анадан.
Аттарын бабалардың құрастырдым,
Есітсе, есі барды қызықтырған.
Бәйгеге ат қосқандай қуанарсың,
Есітіп есімдерін шықса мыңнан.
Оқушым, көрік-көрнек іздемеңдер,
Ретпен тілге жеңіл жазылған.
Сондықтан түпнұсқасын өзгертпедім,
Қоспадым, небір шежіре болды тыңнан.
Кімнен-кім кейінгі ұрпақ қосылыпты,
Сұралып сол кездегі қариялардан.
Қалай да атам қазақ тегін емес,
Өсірген айналдым сол ұл-қызынан.
Қайсарын қайда салсаң, қайыспайды,
Жатса да алды үлесін жардан да арман.
Ер де сол, адам да сол абыройлы
Мұрасын ата-ананың жоғалтпаған.
Кімде-кім атыз-жабын оңдап алар,
Арнасын аршынмен тек жаңалаған.
Өскенбіз сол қазақтың бесігінде,
От жағып, алаулатып есігінде.
Мал бағып, егін еккен перзентіміз,
Ешқандай қиянат жоқ кәсібінде.
Мінеки, сондықтан да сол қазақтың,
Құдірет бар секілді есімінде.
Мақсатым, сол есімді ардақтаймын,
Жатсам да тескен таудың тесігінде.
Ардақты өткен неше даналарым,
Алатау, Ақжол, Кейкі, Мөңке, Мілде.
Жиырма жыл Қазан, Уфа тағылым беріп,
Қосыбаев Шәді де алған жүлде.
Әлемге әйгілі боп аты шыққан,
Халқымның қазынасы Фараби де.
Итемген, Құлшықұлы Ақсары, Оташ
Көп екен оқыған жан бізден мүлде.
Тағы бар Мойнақов пен Дәулетбаев,
Бұлардың мың жыл шама еткеніне.
Қараңдар Былғария тауарихын,
Жүрсе де үлгі үйренген жаһан түзде.
Уа, дариға, бабаларым үстін өткен,
Іздепті білімді ол да көкжиектен.
Өмірден алған қандай даналығы,
Тілдескен малмен және жел мен шөппен.
Ерінбей тоғызқұмалақ ойнап жүріп,
Есептеп не боларын білген көктен.
Жүрсе де малын бағып, төбе санап,
Өр кеуде дұшпанына болған өктем.
Тепсінсе темір үзіп, тебіреніп,
Қайырсыз қас жауына нардай шөккен.
Бөліп жеп өзім десең күйік күлше,
Қадірлі қасиетін нұр ғып төккен.
Сөйлескен ер қанаты—ат пен құспен,
Сыншы ғой барлығын да сынап, пішкен.
Сақилық дастарқаны өз алдында,
Айтсайшы, даналығын әзілдескен.
Тағы бар шешендігі—нақыл ғажап,
Өзінің қаныменен туа біткен.
Қобыз бен домбыраны қайдан біліп,
Десеңші, күйді қалай тебіренткен?
Асыл сөз қайдан шыққан, қайным, жеңгем,
Еріксіз еміренткен, еркелеткен.
Аталық ақыл қандай ұрпағына
Делінген бүтін болсын жағаң мен жең.
Отқа жан, оққа байлан, әділдік ет,
Адамға деген осы лайық шен.
Үйреткен үлгі-өнеге, тағы мәрттік,
Ұлтынан, айналайын, халықпен тең.
Сыйлығым осы менің ұрпақтарға,
Атаның жолы өлмес, мен өлгенмен.
Даңқымен бабалардың аталса атым,
Келгенім болмайды ма сол бәйгеден.
Шуда жіп сабақталды жуалдызға,
Бастайын енді сөзді шежіреден.