Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шежіре (2-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Еңкейіп біздер алмаймыз
Кесе шөпті жердегі.
Кеңес сұра дегендей,
Екі қатыннан соңғының
Артық еді шебері.

—Дұрыс емес бұларың,
Құдайдың жүзін көрмесін.
Әйел—мүрит кішісі,
Пір болар,—деді,—еркегі.
Мақұлдасып бұл сөзді
Жіп иіріп, жүн тұтып,
Өрмекті құрып, кереді.
Үшеуінің күні-түні
Өрмек болды ермегі.

Берейін десе қазына,
Құдайдың аз ба бермегі.
Екеуі тоқып, біреуі
Базарға сатып, пұл қылып,
Үшеуі бірдей терледі.

Еңбек істеп ерінбей,
Тамағы тойды құнақтап.
Қайшылап қиып, инемен
Тікті киім құрақтан.

Киім—бүтін, тамақ—тоқ,
Бүрісіп жатқан қатындар
Жайтаңдады бұлғақтап.
Ақшасына ауысқан,
Базардан барып ешкі алып,
Сол жылы туды лақтап.

Бұны көрген сахаба
Саудырып, уызын пісіріп,
Әнес алып жүгірді
Беремін деп атама.

Алдында тұрса атасы,
Баласы дәмін тата ма?!
Дәмін татып уыздың
«Жаңалық» деп жарықтық
Батасын берді балаға.
—Ұзақ болсын жасыңыз,
Бала-шағаң көп болып,
Жайылып жерге қаптасын,
Төрт-түлікті малыңыз.

Аллаһу акбар,—деп болды да,—
Енді, балам, барыңыз.
Түсінгендер бұл сөзге,
Осыдан тәлім алыңыз.

Үлкен-кіші бәріңіз,
Жасы үлкен кәріңіз,
Атаның алып батасын,
Сау тұрғанда жаныңыз.

Мұңайтпасаң атаңды,
Көп болар несібе, малыңыз.
Несібе өрлеп кешікпей,
Аш болмай, тояр қарныңыз.

Келер күнге мұңайма,
Біздер деп бүгін жарлымыз,
Берейін десе Алла, кеш емес.
Еркекке әйел көмекші
Жалтақтама парықсыз.

Оқығандар кітаптан
Осылар шығар қалтықсыз.
Күнәміз болса, кешіргей,
Кімдерден біздер артықпыз.

Өніп-өсті Әнес сахаба,
Атасына аянбай,
Істеген қызмет қалтықсыз.
Киім—бүтін, тамақ—тоқ,
Күннен күнге жанданды.
Төрт малы шұбырып,
Қалаға сыймай, малданды.
Сыймағансын араға,
Көшеміз деп сахараға,
Талаптанып, қамданды.

Бір жүз жеті баласы
Үш қатыннан өрбіген,
Есіткендер таңданды.
Екі жүз жасап сахаба
Бір басынан өткізген,
Екі ғасыр заманды.
Қолы жетіп созғанды,
Жеді тәтті тағамды.

Өмірдің жөні осындай,
Бірінде жығып, бірінде
Тікейтеді қосыңды-ай.
Алатын күні шырғалап,
Саудаға санар басыңды-ай.

«Ас қылсаңыз атаңа,
Алдыңа келер» деген бар,
Атаңды сыйла жасыңда-ай!
Бір күндері Әнестің
Толқыған көңілі басылды-ай.

Бір жүз алты баласы,
Опат болды ажалдан,
Не қылсын көңіл басылмай.
Молда кетті шұбырған,
Алланың қандай әмірі
Осылай болды ақыры.
Бір мезгілде тұру жоқ,
Алланың болса тағдыры.
Бір жүз алты баладан
Жалғыз қалды Жәбілі,
Айтатын шығар осылай,
Сөйлейтін кітап ілімі.
Өніп-өсіп келеміз
Мұсылманның баласы.

Жахан туды Жәбілден,
Бір-бірлеп өсіп келеді,
Алладан бұйрық, әмірмен.
Жаханның Соғал баласы
Өсіп-өніп кенелген.

Соғалдан туды Мұғалық,
Аспады бұйрық кемерден.
Мұғалық—Мұғаз баласы,
Не жақсылар өтпеген
Жайнаған жарық өмірден.

Тудырамыз Мұғаздан
Ақшолпан мен Құрайды.
Асатұғын жерім жоқ
Шыға алсам айтып көңілден.

Алжастырып алмаңдар,
Қара Ноғай Құрайдан.
Аламанның баласы
Алаш болып таралған.

Алаштан туды қос бала,
Өніп-өсті анадан.
Осылайша тарады,
Бала туып атадан.
Айырқалпақ—бірінші,
Сөйлейін енді Мошқыдан.
Мошқыдан туды төрт бала:
Қырғыз, Себен, Жайылхан,
Төртіншісі—Сейілхан,
Қырғыз атам баласы
Алатауды жайлаған.

Алатаудың басында
Қысы-жазы қар жатқан.
Баурайында қала бар
Шамшырағы жайнаған,
Қонақты төрден сыйлаған.

Домалақ жүзді, қара көз,
Көргендей жүзі айнадан,
Тоқтағұл өтті шешен боп,
Бұлбұлдай тілі сайраған.

Құлақты салып көп тыңда,
Өткен ата-бабаңды
Айырайын бөлмелеп.
Жайылханнан қос бала:
Жиен, Өзбек болып аталған,
Іргей болған қашаннан.

Бірлік құрып ол баста,
Шаһарлы болып атанған.
Егін егіп, жер айдап,
Дәмін татты ертерек
Миуалы тәтті тағамнан.

Жиеннен туды Сарт дейміз,
Сарттан Өзбек қыз алды,
Осылайша сөйлейміз,
Шежіреге сенеміз.
Өзбекті дейміз өз ағам,
Отырықшы өзі алдан.
Ғасырлар бойы бір жерде
Көрмеген ешбір қозғалып.

Шешеннен өтті Науаны
Артында жазған сөз қылған,
Өшпесте мәңгі із қалған.
Алланың қалай берісі,
Тараған өсіп өрісі.

Біздерше бәрі түрікпен—
Сейілханның сегізі.
Әнші бала Теке деп,
Айырайын сегізін...

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз