Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қазақ шежіресі (2-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Ізімнен жазып тұрмын, жоқ жаңалық
Жатыпты жүз жиырма жыл көрмей жарық.
Сол үшін Нұх адамның уақытынан,
Жазылған шежіреге көз салалық.
«Нұх» деген жылауық мағынада,
Яшкур деген шын аты қойған қалып.
Лақап аты Нұх боп дүниеге
Таралған соң, сол ізбен біз де айталық.

Жер жүзін топан суы дейді басқан,
Теп-тегіс болыпты жер—мысалы аспан.
Көп адам қаза болып, халық бүлініп,
Тау мен жер, мақлұқаттар араласқан.

Тынарын не нәрсемен білмей мұның,
Талайлар ақылынан депті алжасқан.
Аршадан Нұх сонда кеме жасап,
Өткізген қиындықты неше бастан.

Сексен төрт адамы бар кемесінде,
Түр-түрін салған екен мақлұқаттан.
Сөйлеген жетпіс екі түрлі тілмен
Құралған әрқайсысы әр тараптан.

Кемесі су үстінде алты ай жүріп,
Айналған тарығуға судан, аштан.
Аспаннан жауған жауын ащы болып,
Әр тамшы кем болмаған диірмен тастан.

Нұхтың төрт баласы осы кезде
Жұмысқа төзген бәрі айнымастан.
Балалары Хам, Сам, Яфас, Қанған еді,
Осылардан өскен ұрпақ тұқым шашқан.
Кеме кеп Жүдді тауға тоқтағанда,
Қуанып іштегілер жабырласқан.

Кетіпті бірі оңға, бірі солға,
Қарай ма бір-біріне қарны ашқан.
Қалғаны сенемін деп өз бойына,
Осы айтқан топан суда қаза тапқан.
Самнан туып өсетін араб халқы,
Бірнеше аталықтар қанаттасқан.
Хамнан туған он сегіз бала екен,
Өмірі әрбірінің—үлкен дастан.

Абашы, зәңгі, орыс, үнді, неміс,
Білімнің қайда болса кілтін ашқан.
Яфастың, міне, біздер тұқымымыз,
Бірінен-бірі өсіп келе жатқан.

Бұхарада ақын Ораз және Қалжан,
Қол қойып пәтуаға мөрін басқан.
Анықтап кімнің қайдан шыққандығын
Әркімді тап-табымен ажыратқан.

Болыпты жазғанына жүз жиырма жыл,
Уақытын санап көрсек жазған хаттан.
Ішінде Кіші жүздің бұл кісілер,
Бас баққан жандар екен қиянаттан.
Ізінше ұлық атын жаздым мен де
Қазақтың балаларын нұр ғып шашқан.

Отаным, бауырым, халқым, туысқандар,
Майданда белді бірге буысқандар.
Жазуға осы жырды себеп неден,
Оқушым, айтайыншы, тыңдаңыздар.

Аман-сау қан майданнан оралып мен,
Қауышып отбасына сүйдім балдар.
Сонан соң күріш егіп жүре бердім,
Жан едім жасымнан-ақ еңбекқұмар.

Мың тоғыз жүз июньде алпыс бестің,
Мені іздеп журнал «Білім» жазған хабар.
Оянды жатқан көңіл жайсаңдағы
Тірі өлді, бар жоқ десе, қалай шығар.
Көз жайнап, оқығанда көңіл сайрап,
Жан болдым тіріліп, тік мыңды жығар.
Өлгеннің есебінде әзір жоқпын,
Деуімді лайық көрдім «тірімін, бар».

Майданда шежіре жаздым он бір мың жол,
Оқыр деп, өліп кетсем, оны ұрпақтар.
Поэма жеті дана, жүздей өлең,
Он жеті аңыз сөзбен әм мақалдар.

Сарғайып сандығымда бұлар жатқан,
Менде ой болмай кеткен оған қарар.
Журналдың «Білім—Еңбек» шарапаты,
Ескер деп ескі арманды ойландырар.

Хабарды «Білім—Еңбек» етпегенде,
Ешқандай күш жоқ еді мені оятар.
Тон киген арапшадан ен қазына
Жоқ болып кетер ме еді тартып мұң-зар.

Кім кепіл қандай нәрсе білмеген соң,
Уқалап өртемеске ұмар-жұмар.
Сонымен жатпай-тұрмай еңбек еттім,
Ұрпаққа ұштассын деп әруақтар.

Үш мың жол шежіреден шағындап ем,
Әзірше болсын дедім қысқа ақпар.
Жібер деп академияға мазалады,
Құмартып бастан-аяқ оқығандар.

Ұрпақтан-ұрпақтарға қалатұғын,
Атақты, айтулы деп мұралар.
Мұнда тек, кімнен кімдер өсіп келеді,
Өшпесін деген мақсат, іс-жобалар.
Қырық бір аталарын кім санайды,
Қолға алып әрбір ұлтты, қараңыздар.
Болмаса, үш жүздің-ақ өзін алшы,
Жиырма төрт ата екен, санаңыздар.

Мінеки, ерекшелік—қазақта осы,
Бауырым, айналайын, қыз бен ұлдар.
Әркімге ата-баба алтын тұғыр
Қолыңмен кәсіп ұста, шошымаңдар.

Таба алмай, керек болып кезенгенде
Қармалап қарайғанға, ұмтылмаңдар.
Керегін реттердей ерікті ел,
Доғардым, өздеріңде енді ықтияр.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз