Қазақ шежіресі (4-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Дейтұғын Алты Алаштың баласымыз,
Келе жатқан баяғы ертегі із.
Түрікмен, Шын тұқымы: Қырғыз, Созақ,
Кіреді Қарақалпақ, Қазақ үш жүз.
Атанған Алашхан боп Қазақ атам,
Басқарып көп халықты еткен отан.
Заманның өшіп, өсу салдарынан
Балалары кейде бұрын аталынған.
Атамыз Қазаққа енді оралайын,
Айтайын шежіредегі болған жайын.
Ұлғайып сақал, шашқа ақ кіргенде,
Екі ұлды берген екен бір Құдайым.
Балалар туды анамыз Ақбаршадан,
Бала үшін кісі еді көп шаршаған.
Өрісін ел жеткізді тәрбиелеп,
Ақкөңіл бопты әкесі айнымаған.
Табылды ата-ананың жоғы аңсаған,
Жиналды тойларына қаншама жан.
Ырым ғып екінші ұлын Алаш қойды,
Еліне ер болар деп ұрандаған.
Балаларын: Әбілқайыр, дедік Алаш,
Соғыста жеңген жауын етпей талас.
Бір жорықта Әбілқайыр қаза тауып,
Қайғырып, қалған Қазақ көтермей бас.
Бүк түсіп неше күндей қалған жатып,
Қазасы Әбілқайырдың жанға батып.
Тұқымсыз арманда кеткен баласы үшін
Шақырған тегіс елін, хабарлатып.
Жиналған бірі қалмай, шақырған соң:
«Кетпесін деген ұлым атаусыз боп.
Жыл басы наурыз болсын, көже берсін,
Қазақтың балалары тұтатқан от.
Әбілқайыр өлді, аты Наурыз болсын,
Халқым десе, Наурызға денем толсын.
«Жары Құдай—жалғыздық» деген болып,
Жалғызым—Алашыма бақыт қонсын.
Айтқанын барлық халық алған қабыл,
Хақ деген «Алаш» ұран айтып дабыл.
Дүниеде бірлік болмай, тірлік болмас,
Өлсең де өзі тиген жауға жабыл».
Өсиетін тыңдап халық қабыл алды,
Алаштың ұлдарына назар салды:
«Немерем—үш арысым ойда болсын,
Алаштан қорға,—деген,—айналаңды.
Алты Алаш өсіп-өніп кетті алыс,
Етіңдер енді, үш арыс, қатым-қарыс.
Адамның өмірдегі дәнекері,
Кетпейсің,—деді,—қашық, қызыңды алыс».
Алаштан туатұғын үш-ақ бала:
Ақшора, Жаншора мен ол—Бекшора.
Бабамыз жүз отызда енші берген:
«Ел бол,—деп,—әрқайсың дара-дара.
Үлкен ұлын Ақарыс—Ұлы жүз деп,
Жанымдай Жанарысым—Орта жүз деп.
Бектік бар негізінде, кенжем едің,
Бекарыс, атан,—депті,—кіші жүз боп».
Жаз жайлау, қыс қыстауын бөліп берген,
Әркімнің қожа, төресі өзіне ерген.
«Балаларым, ұрпақтарың көп болады,
Кеңейтіп үлесіңді ал,—депті,—жерден».
Бас қосқан жақсылары таңба жасап,
Ел болып, қауым-қауым малға басады.
Әр шаруа өз малына ен салуды,
Құн алып, құн беруге пәтуа қосады.
Жасаған әр бір түрлі дауға кесім,
Болсын деп әділдік пен билік шешім.
Ізет, құрмет, әдеп пен тәртіп болу,
Қызға—құйымшақ, күйеуге бер деп төсін.
Пәтуа деп тарапты қойдай маңырап,
Қарсы алған иесіз дала тұрған қаңырап.
Мал жайып, егін егіп кең далада,
Еліміз өсе берген санап шаңырақ.
Үш жүздің баласымыз бірге туған,
Бір жүріп, бірге ойнаған салып думан.
Өсиет айтып, атам енші берген:
«Балаларым, аман бол,—деп,—айқай-шудан».
Бір жүзде отыз бесте Қазақ өлген,
Басына Тәңірі таудың оны көмген.
Шыққанда тау басына қалың халық
Қорқыныш айтарлықтай сонда көрген.
Аспаннан бұлт жарылып, от шашылған,
Өледі талай адам жай-жасылдан.
Қашады бас сауғалап тірілері,
Шошынып, жаңылғандай тәубасынан.
Табытты ұстап тұрған Қыпшақ болған,
Аудармай туды ұстаған Мөңке қолдан.
Жібермей шылбырынан атын ұстап,
Табыттың бір жағында Кейкі қалған.
Үш батыр аталарын қайтқан жерлеп,
Қазақтан қалған бе еді әзіл-өрнек,
Мөңкенің сонда отырып айтқандары
Келеді әлі күнге қалмай сөз боп.
Болмайды ешқашанда өлім даусыз,
Болмайды ту көтерген әсте, жаусыз.
Не жетсін малын баққан шаруаға
Өсетін ұрпақ дейді ол сынаусыз.
Қойыңдар Орта жүзді депті дауға,
Қойыңдар Кіші жүзді қарсы жауға.
Болады Ұлы жүзде үлкен байлық
Депті ғой шаруаға керек қауға.