Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қазақ шежіресі (3-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Аяғын жаз десеңдер, жаза берем,
Халқымның қазынасын мол қыруар.
Ал енді жазылған шежіремнен
Бастадым алға қара, оқырмандар.

Жыртылып тозған шежіре дана-дана,
Яфастан туатұғын көп қой бала.
Ішінде соның Малай, Түрік деген—
Ерекше туған жандар жеке дара.

Менің атам, мінеки, сонау Түрік,
Халықпыз бір қалыпты әдет-ғұрып.
Батыс пен күншығыстың арасында
Жер бар ма, шарламаған бабам жүріп.

Түріктен Қапти, онан—Назар батыр,
Назардан талай ұрпақ тіккен шатыр.
Ахуз, Махуз, Тумиян мен Кумияндар,
Тамаша таңырқарлық ел боп жатыр.
Кейіннен пайда болған Сәк пен Сақтар
Айтылған бұл бір тілде дейді ақбар.
Біреу онан құралып, біреу мұнан,
Шығыпты басшысы бар талай топтар.

Ата болған біреулер шығып топтан,
Матау, бүксі, иші, сен, сәктан.
Лезгін, керіт, онна, қалия, тәбрәзи
Хабар ал моңғол, дәшті қыпшақтан.

Жазу жоқ келген ұрпақ жекеленіп,
Сол ізбен көпке дейін біз де өтелік.
Тоғыз жүз елу жылдың уақытында
Басқарған басқарушы елге егелік.

Ат қойып елді еткен қауым-қауым,
Таны деп досын досша, жау деп жауын.
Көп қауым аз қауымды талап алып,
Мақтанып ашқан кейін омырауын.

Тумияннан Қазаға мен Қазат дейік,
Қазағадан Жаһүрді ізденейік.
Жаһүрден Абылқас пен еді Күзай
Күзайдан Сонақ пенен Майыр дейік.

Майырдан туатұғын төрт бала бар,
Татар, Мауғал екеуі егіз шығар.
Атар менен баяғы Қырым батыр
Осыменен бұлар да түгел болар.

Атардан Естек пенен еді Башқұрт
Татардан Ноғай туып шықпаған ұрт.
Мауғалдан—Қурай, Торай екі бала,
Қырымнан туатұғын—Ноғайлы жұрт.
Торайдан Қалмақ туған тағы халық,
Қурайдан Серкеш, Үңгіш, Шешен анық.
Тағы да Қаратай мен Барқабет бар
Бұларды осы араға доғаралық.

Сонақтан Аталық пен Аналық бар,
Аталықтан: Ақшолпан, Еламандар.
Еламаннан туады Мақты жеке,
Мақтыдан—Сейілқан, онан—сегіз ұлдар.

Сарық, Салар, Ата мен Жәуміт, Теке,
Көклән, Шәулі, Мәді оған тете.
Қоныстас ел мен еркін араласып,
Сегіз арыс Түрікмен деп айтқан көке.

Ақшолпаннан—Алаш хан бала аты,
Онан туған Жайылхан ақиқаты.
Бірі екен заманында қайсарлардың
Таймаған басынан бір ықпал, пәті.

Жайылханнан Майқы би жадыраған,
Майқыдан төрт бала бар маңыраған.
Түмен, Мүйтен, Әләуке, еді Шашақ,
Өсіп-өнген осыдан қалың адам.

Дүниеге талайлар тіккен шатыр,
Мүйтеннен Айныс, Бұғы ел боп жатыр.
Түменнен туатұғын Шын мен Жаһан,
Жазуда айтулы депті батыр.

Жорыққа Жаһан батыр белін буды,
Бір әйел жортуылда, жолда туды.
Олжаны Шынға беріп, бала атын Сыбан қойған,
Сыбаннан—Тәжік, Өзбек аты шулы.
Бұл жайлы айтылатын сөздері көп,
Жаһаннан Айырқалпақ еді келмек.
Ел, мекен қоныстанған ісі болмай,
Айырқалпақ жүріпті көшпелі ел боп.

Айырқалпақ атаңнан—Қазынақ, Қассақ,
Келмектен Қырғыз туып алған атақ.
Қырғыздан—Сары, Қара екі бала
Сарыдан—Сарбағыс, Салты екі құрсақ.

Қарадан Қақас, Қисық, Бақсиық бар,
Бұлардан өсіп өнген көп ұрпақтар.
Оларды таратуға мүмкіндік жоқ,
Жазуда анықталған нақ осылар.

Қассақтан Толағай мен еді Созақ,
Созақтан Сүйір туып, қонбаған бақ.
Толағай қара елтірі бөрік кисе,
Атанған екен сонан Қарақалпақ.

Ұраны Қарақалпақтың «Толағай-ды»,
Әр ғасыр өзгертеді әрбір жайды.
Айта алмай Қазынақты қалпыменен,
Қазақ деп кеткен айтып тілге жайлы.

Айтайын, Қазақ атам ақылы дана,
Болыпты әркімдерге қорған, пана.
Заманда жаугершілік жан аямай,
Кеңпейіл, кез келгенге болды ата-ана.

Жинаған Түрікмен, Шынның тұқымдарын,
Қырғыз бен Қарақалпақ, Созақ бәрін.
Бас қосып өзіменен алты рулы ел
Алаштан қабылдаған ұрандарын.
Ұран сол жауға кірсек «Алаштаймыз»,
Бір болып бөлінбейміз, адаспаймыз.
Болса да қатыгез жау қандай түрлі
Құртамыз, деді оларды аластаймыз.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз