Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Майқы (Қазақ) туралы шежіре (10-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Жалғасты Шыңғыс жайы сөз болады,
Бақ қайтса, алтын азып жез болады.
Кәуірдің лаңынан оңалғанда,
Тағы да бақытсыздық кез болады.

Құралса тау болады, көл болады,
Тамшылап көктен жауып сел болады.
Қырғыннан екінші рет тұқым қалып,
Тағы да басын құрап ел болады.
Елге бақ орнарында бірлік болып,
Науқасқа шипа болар ем қонады.

Алаш ұраны туралы

Ел заңы сөзді ұқпаса таласатын,
Емес қой түсінбесе жарасатын.
Анықтап, әл келгенше ұқтырған жөн,
Шындыққа болсын сөзің жанасатын.

Басқамен тең тұрғызып өлшемесе,
Өзінің кім мойындар аласасын.
Кетейін ұққанымды түсіндіріп,
Қалай шықты дейді жұрт «Алаш» атын.

«Алаш» деген атау—қалмақ тілі,
Қатасын түзетсін жұрт, болса міні.
Көбіңе оқиға ғой түсінікті
Амурдан қазақ қашып шыққандығы.

Шығуы бұл лақаптың емес тегін,
Айтпаса, түсінбейсің мұны көбің.
Өшігіп қалған жер, су, мал, мүлкіне,
Қалмақ та қайта шауып алған кегін.
Соқтығып жан аямай, өшіккен соң,
Ұшырып зәре-құтын батқан тебін.

Өшіккен арадағы таласы көп,
Немесе жапқан нақақ жаласы көп.
Бұрын дос ел қан төгіп, жауласқанша,
Айтыпты қалмақ жағы «Алашы» деп.

Арада жанжал шықса, туады дау,
Дейсіңдер бұл халықтан қайсы жақ сау.
Қалмақ сөзін қазақшаға аударғанда,
Дегендік бұл «жан алғыш, жат бауыр жау».

Еліне осы лақап түгел тарап,
Бұрын досты өзінше жауға санап,
Ақыры бізді осылай атады деп,
«Алаштап» қалмаққа шапқан қазақ.

Ел жауласты арада талас болып,
Дау бітпейді, шешілмей халас болып.
Осы сөзді ұран қып шапқандықтан,
Шығады екен көп дауыс «Алаш» болып.

Елінің Майқы бабаң қормалы екен,
Кемеңгер, ақыл тапқыш, қорғаны екен.
Халықтың дағдысына айналған соң,
Қазаққа «Алаш» ұран болған екен.
Көпшілік бұл ұранды жат алыпты,
Білгендер түзетіңдер қаталықты.
Үш арыстың әйгілі алты руы,
«Алты алаш» деп сондықтан аталыпты.

Қосылған одақтасып баста халық,
Барлығы бұл ұранды қатар ұқты.
Барлығы қарсыласып, жауға аттанып,
Алдымен бұл ұранды жасақ ұқты.
Кейінгілер адамның аты десіп,
«Алты алаш» деп атайды алты арысты.

Қазақ жоқ ұран шықса, қызбайтұғын,
Қатуланып, ажарын бұзбайтұғын.
Жау көргенде халықты жұмылдырып,
Сабыр-тағат естісе, қалмайтұғын.

Ер жігіт ұран шықса, алағызып,
Қайрат кернеп, жігерін шыңдайтұғын.
Ұран шықса, орнынан бір қозғалар,
Не майталман дейтіндер желмейтұғын.

Біледі «Алаш» десе талай халық,
Осыған қанша ғасыр, өтті тарих.
Кейбіреу «Алаш» деген адам дейді,
Бұл туралы ұғымда көп қой парық.

Жалғасып кейінгіге келе жатыр
Тәбәрік, бұрынғыдан мұра қалып.
Дейді екен бұрынғылар жалғаны жоқ,
Жалғыз-ақ Хақ кітабы—«Кәлам Шәріп».
Кейіннен «Алаш» ұранын өзгертіпті,
Түсінеді айтпасақ та мұны халық.

Ұққанша баяндайық қазақ тегін,
Естідің, оқығандар, мұны көбің.
Барлығы көрген емес, естіген сөз,
Айтады көп елестің бір дерегін.

Шындығы—«қазақ» деген лақап есім,
Бұлай деп өте қиын айту кесім.
Лағып сахарада жүргенінде,
Бастаған атам Майқы қазақ көшін.

Ойласын тарих зерттеп жүрген жастар,
Шыңғыстың аз қосалық әңгімесін.
Айтамын өз ойыма келген істі,
Мейлі өл, мейлі мұны қате дерсің.

Шыңғыстың бұрынғы аты Түйеші еді,
Темүшин деген сөздің жүйесі еді.
«Шыңғыс» деп халық сайлап берген атақ,
Ат болды ханға лайық төбеселі.

Тарихты талғампаздар талай сынап,
Десті жұрт шындыққа бұл үйлеседі.
Ішінде ол күнгінің болмаса да
Тарихқа пактпенен тілдеседі.

Темүшинді хан үстіне хан сайлады,
Бас қосып Азияның жалпы аймағы.
Арғыннан—Қаракесек, Майқы ішінде
Үйсіннің қатынасқан Ақбармағы.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз