Атамыз Әнес сахабадан бергі шежіре (2-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Садақпенен оқ атып,
Азық тауып береді.
Жататұғын паналап,
Кеуек тауып береді.
Бір бұлақтың басына,
Азығын қойып қасына,
Үш жетімді қалдырып,
Ел іздеп Елтай кетеді.
Бірнеше күн өткен соң,
Бір қараға жетеді.
Ол қарайған жау екен,
Жанамалап өтеді.
Көзімен көрген соң,
Жау екенін білген соң,
Елтай қашты Аллалап,
Жасырынып, долданып.
Өлдім-талдым дегенде
Бір ауылға келеді.
Есі кетіп сандалып,
Үйге келіп кіреді.
«Сусын бер» деп тіледі,
Бәйбіше сусын береді,
Бәлен-түген демеді.
Жарық көріп назарын,
Жақтырмады ажарын.
Сұрамай-ақ хабарын,
Жатқызды, беріп тамағын.
«Шынымен шаршап келіпсің,
Деміңді ал,—деп,—қарағым».
Атағанын беріп қолынан,
Алмады хабар жолынан.
Аттанған қалмақ көрінді,
Баланың қуған соңынан.
Жауды көзі көрген соң,
Жау екенін білген соң,
Ауылдың қашты адамы,
Шұбатып қатын-баланы.
Хабарсыз жатқан сол жерде,
«Жау келді» деп Елтайға
Жанбибі айқай салады.
Ұйқыдағы Елтайдың
Құлағы естіп шалады.
«Оятам,—деп,—баланы»
Әрлі-берлі жүгірді,
Жанбибі сынды бәйбіше
Бұл да ортада қалады.
Атаңа нәлет қалмақтар
Алаулап айқай салады,
Ауылды қамап алады.
Қашып шықты далаға,
Ауылдың қалмай адамы.
Құтылмасын білген соң,
Елтай жауға жүреді,
Алладан медет тіледі.
Садағын кезеп кереді,
Қалмақтың Қайлы батыры
Оқ жетер жерге келеді.
Елтай сайлап оқ атты,
Оғын қардай боратты.
Ту көтерген батырын
Ат көтіне құлатты.
Оң келгенін сұлатты,
Сол келгенін сол атты.
Қайлы сынды батырдың
Аударып атын мінеді,
Ақ сауытын киеді.
Ақ семсерін қолға алып,
Жын қаққандай долданып,
Жау шетіне тиеді,
Жад етіп Жаббар сыйынып.
Олжа іздеген қалмақтың
Үйіліп қалды сүйегі.
Ауылды жауға бермеді,
Ауырлау болып балаға
Ақ сауыты кернеді.
Ұзақ күнде дем алмай,
Маңдай шып-шып терледі.
Өлгендерін жинауға
Айналып қалмақ келмеді.
Риза болып Елтайға,
Бәйбіше Жанбибі сол жерде
Жалғыз қызы Анайды
«Бердім саған» деп еді.
Қалмақтар қайтып кеткен соң,
Қанды соғыс өткен соң,
Ауыл аман қалды деп,
Байға хабар береді.
«Сүйінші бер» деп тіледі,
Бай атамыз күледі.
Сұрағаныңды ал дегенде,
Жанбибідейін шешенің
Жарыла жазды жүрегі.
Бәйбіше сонда сөйледі:
—Жалғыз қызың Анайыңды,
Сүйіншіме бер,—деді.
Жау қайырған балаға
Анайымды берейін,
Ризалық етсең сен,—деді.
Байекең сонда сөйледі:
—Қай бағыттан келді, деп,
Қайдан жүрген ер-ді, деп,
Өзіме болса тең, деді,
Берем десең бер,—деді.
Бәйбіше айтты байына:
—Менен несін сұрайсың,
Атасын айтсам, жылайсың.
Жыламай неғып шыдайсың,
Өзіңнің туған бауырың.
Қалмақтар қырып, жоқ қылған
Қайнағаның ауылын.
Екі бала, екі әйел,
Төртеуі тірі қалыпты.
Бұл сөзді естіп Қыдырбай
Көзінің жасын ағытты.
Тумасын жоқтап қамықты,
Сол күні сұлап жатады,
Салдырып төсек мамықты.
Бай, бәйбіше екеуі
Ақылдасып жатады.
Берейін деп Елтайға
Анайыдай сұлуын.
Мақұлдасып жатады,
Ертеменен тұрады,
Баладан хабар сұрады.
Даладағы үшеуін
Ат жіберіп алдыртты,
Ап қасына шақыртты.
Дәулет бітіп сәнденді,
Байқожаның балдары
Қайтадан тағы әлденді.
Кем-кетігі толысты,
Берген соң Алла жәрдемді.
Жетім қалған Темірді,
Жаудан аман қалған соң
Есентемір атады.
Өз алдына ел болып,
Соңынан шықты атағы,
Сөзімнің жоқ шатағы.
Байқожаның балдары
Бөрі менен таз болар,
Осыларды білмейтін
Ақсақалдар аз болар,
Естай ұлы Адайдың
Тумағаны бөтеннен.
Білетінге жағайын,
Адайдан шыққан бәрі де
Иса мен Досан, Шабаның
Тілділердің тілдісі,
Сәттіғұл ақын, Бабайың.
Адай мен Таздың екеуін
Емшектес деп атайды.
Әуелі одан туған соң
Ауыздандырып емізген
Таздың туған анасы-ай.
Есентемір, Беріш, Адай, Таз
Байқожаның немере
Барлығы да баласы-ай.
Осылай деп жазсыншы,
Шежіренің сынасы-ай.
Қыздан туған Адай деп,
Өп-өтірік қаңқу сөз
Дұшпанның жапқан жаласы-ай!
Осы айтқанның бәрі рас,
Алтындай сөздің сарысы-ай.
Адай Адай болғалы
Төрт жүз сексен жыл өтті,
Бұл қадимнің сәнасы-ай.
Жас күнінде Адайды
Өсірген бағып Қыдырбай,
Өзінің туған ұлындай.
Байдың ұлы үш сыйлық,
Айтылып жүрген бұрынғы-ай.
Тағы да айтып өтейін,
Шеркеш менен Ысқақты,
Шеттерінен пысық-ты,
Алшы, Несынас туыпты,
Кіші әйелі Тотайым.
Ата санап бөлінген,
Айтайын Алшын елінен,
Таңбалаған жеріңнен.
Тана менен Табынды,
Керейт пенен Кердері,
Рамадан мен Тілеуді,
Жасыбайлы біреуі,
Аспанның жоқ тіреуі
Алшынға бұ да қарапты,
Әлімқожа ағасы,
Алшын болады баласы.
Осылай деп жазыпты
Шежіренің санасы.