Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Атамыз Әнес сахабадан бергі шежіре (1-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Әуелі бастан айтайын,
Атамыз Әнес Жабал-ды.
Құлақ салып тыңдасаң,
Шежіре сонау хабардан.

Ноғай менен Естектің
Орыс дейді туған шешесі.
Мұсылман алса орыстан,
Болмақшы дұрыс некесі.

Кейбіреудің қызады,
Білмегеннен шекесі.
Әуелі Адам атадан
Бәрінің түпкі жетесі.

Атаңыз Жабал ертеде
Сахараға көшіпті,
Берер деп Алла несіпті.
Зайран менен Мехрай,
Екеуі еншілесіпті.

Бұлардан туған Сейіл-ді,
Пайғамбардай пейілді.
Сейілден туған кім десең,
Білдірейін, білмесең
Ақшолпан менен Қурай-ды.
Қурайдыдан—Аламан
Міне, сегіз орыс Сейілхан,
Аламаннан туып тараған.
Осылай деп айтады,
Ескі қадым данадан.

Ақшолпаннан—Жайылхан,
Қазақ пенен Түрікмен-ді
Осы жерде айырған.
Өтірік деп айта алмас,
Сәнасын жылдың қайырған.

Жайылханнан Майқы еді,
Тұсында бұ да қайғы еді.
Елші болған Шыңғысқа
Бір көрнекші шайқы еді.

Майқыдан туған Өзбек-ті
Өз алдына бөлініп,
Шаруаға жағдай көздепті.
Өзбектің қатын-баласы
«Көше алмаймыз біз,—депті,—
Егін егіп, үй салып,
Отырамыз бір жерде,
Көше берің сіз»,—депті.

Қазақтан бері сөйлесем,
Қырғыз менен Алау-ды.
Айта берем айырып,
Бөлінген шақта тарауды.

Алаудан Алаш, Майқы би,
Естімеген ел бар ма,
Бұлардың атақ-даңқын-ай,
Майқы биден дүр еді.
Алаштың алты баласы,
Сөзімнің болмас шалысы.
Қатар өскен көшпей,
Бақытты болған ел еді.

Аты әйгілі алты Алаш
Үш сәнадан дүр еді.
Үш шешеден туған соң,
Үш жүз үйге толған соң,
Үш жүз болып атанған.

Үйсін, Найман—Ұлы жүз,
Арғын, Қыпшақ—Орта жүз,
Алшын, Кешім—Кіші жүз.
Кем болмаған қатардан,
Өзбек, ноғай, татардан.

Еділ, Жайық—ағын су,
Ноғайлы жері—қалың ну.
Қоныс еткен саланы,
Біздің қазақ білмеген,
Көпке дейін қаланы
Қатар-қатар үй тігіп,
Малменен болған талабы.

Арасынан хан сайлап,
Алжасқандар әуелі
Татуласып тарады.
Байлар да өткен қайырлы—
Тақырларға панадай,
Жетімдерге анадай.

Садақа берген сатусыз
Аз-көбіне қарамай.
Ерлерім болды қосарған,
Жауды көрсе жасанған.
Талай бұзған қаланы-ай,
Қасиетті пірлерім.
Жәрдем берген сасқанға
Жат-жуыққа қарамай.

Өтпеген кімдер елімнен,
Біразырақ сөйлейік,
Кіші жүз болған жерімнен.
Алшын, Кеншім екеуі
Кіші жүзге бөлінген,
Алшынға бақыт орнаған.

Інісі Кеншім ер екен
Елін жаудан қорғаған.
Өзі батыр болса да,
Кеншімде перзент болмаған.

Қалмаққа қазақ аттанып,
Баулы ханын шапқанда,
Жеті бала келген, ол қалған.
Оң болған соң санарым,
Жетімді жинап бағады.

Кеншім батыр өлгенде,
Иесіз дәулет қалады.
Ағасы Алшын тапсырды,
«Сендер ие болың,—деп,—
Қалмақтан келген балдарға».

Садақа беріп, қол жайып,
Дұға оқытты шалдарға.
Жетіру боп жетеуі,
Кете берді балдар да.

Алшыннан туған кім десең:
Ақарыс пен Бекарыс,
Кенжесі екен Жанарыс.
Ақарыстан Әлім-ді,
Бұ да алтыға бөлінді.
Бекарыстан Байқожа
Танысаң ата-тегіңді.

Жанарыстың баласы
Қыдырқожа бай еді,
Отырған жері жай еді,
Төрт түлігі сай еді.

Сөз тыңдаған, әлеумет,
Осы сөзім дұрыс-ты.
Әлімбай мен Қыдырбай,
Отырған жайдың бірінде.

Байқожа көшпей қалады,
Айтылған сөзге паналы.
Тыңдаушыға сабырлы,
Түсіндірем сананы.

Естігенім менің де,
Жаным сүймейді жаланы.
Бір соғыста қырылды
Байқожа байдың адамы.

Өлтірмей, тастап кетіпті,
Бір жасында сол күнде
Темір деген баланы.
Өздері буаз екі әйел
Жүре алмай жұртта қалады.

Аң аулап кеткен далаға,
Елтай қайтып келеді,
Ауылдан болмай хабары.
Келіп жұртын қарады,
Қараса көрді баланы.
Көтеріп алып баланы
«Кім бар?» деп айқай салады.

Екіқабат екі әйел
Тағы тауып алады.
Осыларды көрген соң,
Елтай батыр жылады.

«Қайырын бер» деп сұрады,
Алланың салған ісіне.
Тәуекел етіп шығады,
Өліп жатқан адамды
Аралап өзі көреді,
Амалы бар ма, көнеді.

«Бұйрығы,—деп,—Алланың»
Бәрін де жайлап көмеді.
«Енді отырып болмас» деп,
Көп кідірмей жөнеді.

Темірді жаяу арқалап,
Өлмеске жағдай қарады.
Екі буаз жеңгесі
Зорға еріп барады.

Жаяулыққа жарамай,
Жеңгелері қалады.
Әрбір жерге кідіріп,
Тосып-тосып алады.

Бірнеше күн жүрсе де,
Ел қарасын көрмеді,
Таңдайы кеуіп шөлдеді.
Жеңгелері ал сонда
«Шаршадық» деп жүрмеді,
Не қыларын Елтай білмеді.
Жеткізер деп бір Алла,
Уайым-қайғы жемеді.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз