Майқы (Қазақ) туралы шежіре (7-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Және де Алты арысты жүзге бөліп,
Төле би мен Естанай болған серік.
Үш жүздей жасақ жиды, бастық сайлап,
Қолына шығарғанын ақ ту беріп.
Алаш деп ұран салып аттанғанын,
Қол бұлғап тұрғандаймыз бәрін көріп.
Айтпақпын енді басқа бір түйінді,
Жамағат, тыңдаңыздар, көңіл бөліп.
Ел бетін енді түзеп, дем алғанда,
Сөйлесті халифадан елші келіп.
Бір дұға Дәрібайға оқымақпыз,
Кеткенге білімінен енші беріп.
Тимесе құлағыма бұдан бұрын,
Таңырқар кейбір адам ерсі көріп.
Мысырдың патшасы Нұрдинкамал
Мынандай елші арқылы берді хабар:
«Мүмін боп иман айтып, дінге кірсін,
Бұл жолға түскен пенде ақыл табар.
Алла—бір, Пайғамбар—хақ, Кәлам—рас,
Болсаңыз егер сөзді қабыл алар».
Басшысы Смағұл деген молла,
Үкімі исламның тұрған қолда.
Белгісі мұсылмандық мынау болмақ,
Десеңіз: «Лә иллаһа илла Алла,
Мұхаммед Расул Алла».
Жіберді бұйрықпенен бізді мұнда,
Кірсін деп ислам дінге осы жолда.
Қан төкпей, қылыш шаппай, дінге кірсең,
Құранның шариғаты жолын білсең.
Халыққа ешбір зәбір келтірмейміз,
Талассыз ықтияр болып сөзге көнсең.
Ақылдас ел-жұртыңмен, би-бегіңмен,
Күтеміз аян беріп бүгін, ертең.
Қан төкпей, дінге кірсең, үлкен сауап,
Еткендей Бәйтуллаға барып тәуап.
Қан төкпей, ниетіміз дінге салу,
Асықпай үш күннен соң әкел жауап.
Көнбесең егер бұған, төгілер қан,
Мал-мүлік, ойран болар неше мың жан.
Салмаймыз, сөзге көнсең, әркез зиян,
Япыр-ау, бұл қалай деп қалмаңдар таң.
Егер де сөзге көнбей, қарсылассаң,
Қозғалар ақ ту алып Бағдат пен Шам.
Ақыры ислам дінін қабылдайсың,
Өзің біл, тәуекел деп соғыс қылсаң.
Қаһарлы алып келдік ханнан бұйрық,
Жарлықтан соғыс дайын мойын бұрсаң.
Халықсың тура жолдан жүрген азып,
Тоқтам қыл, мақұл десең қағаз жазып.
Мәлімдеп халифаға хабарлаймыз,
Хақ жолға егер жазса Алла нәсіп.
Алдымен үшке бөліп иман айту,
Үкімін шариғаттың сөйледі ашық.
Қара нұр қайыстырған қалың қолы,
Ақ туы пайғамбардың хақтың жолы.
Құранның үкімі мен шариғаты,
Үмметі Мұхаммедтің мирасқоры.
Тапсырды Махмұтқа ханның хатын,
Қағазға қол қойыпты атап атын.
«Дінге кірген пендеге залал жоқ» деп,
Көрсетті исламның шариғатын.
Үш күнде бір жауабын бермек болып,
Жиыпты Махмұт дана жамағатын.
Үш жүздің хабар тапты басшылары,
Беделді ел басқарған жақсылары.
Бағынған өз заңына берекелі ел,
Бірінен бірінің жоқ жақындары.
Кез еді әлі өшпеген соғыс өрті,
Тым қатал хатта жазған ханның серті.
Күйзелген шабындыдан халық еді,
Тыныштық ойлағаны есі-дерті.
Ақыры ислам дінін қабылдайды,
Депті егер соғысса да өзінде еркі.
Барлық ел жазған хатты оқып көріп,
Қалың қол жер қайысып жатыр келіп.
Жарлыққа қарсылық қып белдесуге,
Тұрғандай елге және қатер төніп.
Кәуірмен аралықта жұрт күйзеліп,
Тоқтаған соғыс өрті әзер сөніп.
Талқандап елді ойрандап кететіндей,
Мақұл деп тындырмаса жауап беріп.
Арада бейбітшілік тоқтам жасап,
Болыпты түгел бәрі қабыл алмақ.
Осылай мақұл алып көнгендігін,
Алланың бірлігіне сенгендігін,
Естанай мынадай деп жырға қосқан,
Дінге сап Смағұлдың келгендігін.
Қазақта тұңғыш ақын, жырау дейді,
Естиміз атақ-даңқын елден бүгін.
Қазақта тұңғыш өлең-жыр, айтып ән,
Күй шертіп, ақын деген атақ алған.
Төменде Естанайдың айтқан сөзін,
Кітаптан өз бетінше жазып алған.
Жол салған өткен күнде Майқы атамыз,
Осыдан үлгі алмаған қайсы атамыз.
Біз едік одан бұрын басқа дінде,
Бұлтарып оның несін тайсатамыз.
«Қазы-ақ» деп қазірет ишан есім берген,
Емес қой бұл оңай іс, байқасаңыз.
«Қазы» деп атақ беру себебі не,
Мәнісін төменде ашып тарқатамыз.