Майқы (Қазақ) туралы шежіре (4-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Майқы би жария етті мұны жұртқа,
Еліне үш кемеңгер болған тұтқа.
Ой жұмсап, ақыл қосып, заң шығарсақ,
Пайдалы бірдей болса іш пен сыртқа.
Сондағы заңы мынау шыққан жазып,
Кетпеуге шетке адасып бұдан азып.
Білімді Төле бидей данышпан бар,
Майқы би барлығына алтын қазық.
Майқының жеті жарғы заңы туралы
Адам құны
Бірінші бітім жолы қалмақпенен,
Әр істі ой жүгіртіп, талап көрген.
Ереже шығарыпты жеті түрлі
Ойласып жан-жақты салмақпенен.
Құн заңын бұрынғыдан жеңілдетіп,
Тармақтап жікке бөліп, талдапты ерен.
Ұсыныс кәуірге арнап жазған екен
Осындай қысылтаяң зардаппенен.
Жан болмас өлім десе, налынбайтын,
Жауына күші жетсе, жасынбайтын.
Бұрынғы ескі жаза күшінен қап,
Қанға қан болсын депті алынбайтын.
Ел құптап бітім жолы осы десті,
Мынау ақыл болды деп табылмайтын.
Шындыққа екі жақ та болу керек,
Жалған, жала, өтірік таңылмайтын.
Майданда өлген ерлерге бір жүз бесті,
Бұрынғы жол күшінен қалсын десті.
Аралас соғыста өлген екі жақтың
Адамы түгел құнсыз болсын десті.
Төреге қарашадан қос құн берген,
Мысалға ап әр нәрседен, көп күндерден.
Бек пен байға жарлыдан екі құн ап,
Шыдамай талай адам босқын көрген.
Қай мүше зақымдалса, жоғарыдай,
Бәріне нақты төлем болсын деген.
Бәріне салыстырып құн төленсін,
Сынған қол мен аяққа, шыққан көзбен.
Осындай ереже қып ұсыныпты,
Қалмақты көндіруге айтқан сөзбен.
Жесір туралы
Біреу егер біреудің қызын алса,
Яки тартып, яки бұзып алса.
Орынға сол орнына қыз төлейтін,
Деп ұйғарды күшінен мұны қалса.
Сондықтан айып берсін атасына,
Өзінің мойындасын қатасын да.
Жол ашып ынтымақ пен татулыққа,
Ықылас қол жеткізсін батасына.
Егер де қызы қашса ерікті боп,
Қыз бен жігіт ұнасса келісті боп.
Татуласып, малменен бітім болсын,
Енжарласып, қайтеді, көп істі боп.
Неке бұзу туралы
Біреудің біреу бұзса некелесін,
Кім қолдайды бұзықтың бекер ісін.
Етпесін жаламенен босқа зәбір
Біреудің еліктірген өсегі үшін.
Ауыр іс бұл туралы келген болса,
Арада сеніспестей тергеу болса.
Өші жоқ, есі дұрыс, мүшесі сау,
Үш адам ең азында көрген болса.
Соғылсын қырық қамшы азаматқа,
Жол бермеу—қатаң тәртіп жаман атқа.
Жүз қамшы бұрынғыдай ұрылмасын,
Осыны ұқтырған жөн жамағатқа.
Берілсін осы жаза жалғаншыға,
Өтірік ер-әйелге жала жапса.
Бәріне шындық пенен дәлел керек,
Жалған іс жазым етер араласса.
Егер де әйелді ері «талақ» десе,
Бұрынғы неке күшпен қалады десе,
Ақыл айтып, көндіріп, қосу керек,
Өзі көніп, халайық алад десе.
Бұрын біреу әйелді алатұғын,
Ықтиярсыз әйелдер баратұғын.
Ол адамға талақ қып шығарғызып,
Неке қиып қайтадан алатұғын.
Мұның бәрі күшінен қалдырылсын,
Болмас істі қиусыз таңатұғын.
Күшті болса даугері әлсіздердің
Аяқ-қолын талқандап шағатұғын.
Әйелге қырық шелек су құйғызып,
Мұны дағы күнәға жазатұғын.
Шын болса егер, шықпасын екінші ерге,
Айту керек ұқтырып мұны да елге.
Нәпсіге азған, обал жоқ қиянаткер,
Осыны қатал ұста, ерік берме.
Жер туралы
Жарлықтың үшіншісі жер туралы,
Жер үшін қан төгіскен ер туралы.
Жоқ екен жерге ереже бұдан бұрын
Мөлшерлеп айыратын жөн туралы.
Сондықтан былайша деп кесіп айтқан,
Жол емес, дәлін айтпай өсіре айтқан.
Кім бұрын иеленіп, еңбек етсе,
Жер сонікі болсын деп шешім еткен.
Жердің шөбі, суаты, аз-көптігі,
Жайылымда құнардың бар-жоқтығы,
Қыс пен жазда қанша мал асыраса,
Осыны өлшем етудің бар септігі.
Қанша малды шығарса қыстан бағып,
Құн төлесін қайтарып, бұған шағып.
Көкірекке қонымды билік айтса,
Тоқтамасын халайық бұған нағып.