Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Майқы (Қазақ) туралы шежіре (3-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Ежелден көшіп өткен біздің халық,
Болса да бізге қате, көргенге анық.
Мал айдап қысы-жазы көшіп жүру,
Аннастан арғы атадан қалған тарих.
Дамыған өнер-білім жүре-жүре,
Біреуден-біреу біліп, ғибрат алып.

Қазақтың шыққан жері Тайып дейді,
Тура айтпау есіткенді айып дейді.
Кейбіреу бұл тарихты қате десе,
Кейбіреу шындыққа осы лайық дейді.

Айтайын сөздің мәнін қысқасынан,
Ұғылса түсінікті іс басынан.
Аудардым Дәрібайдың кітабынан,
«Рисала-и тауарихтын» нұсқасынан.
Дүниеден өттік талай белеңменен,
Еліне ер танылар өнерменен.
Аузына ап жастар жүрсін Майқы атасын,
Жазайын бір тарауын өлеңменен.

Қайтеміз өнбес іске құр таласып,
Көрейік ақиқатпен біз санасып.
Атанған Махмұт дана атам Майқы,
Сөйлейін біраз жайын болса нәсіп.

Даңғыл жол, сүрдек емес, айқын жатса,
Жолынан кім айыпты кетсе адасып.
Жүргенде жиһан кезіп, құрып сауық,
Біліммен ел қорғаған ақыл тауып.
Мал бағып, ен далада кезіп жүріп,
Келіппіз бір мезгілде шығысқа ауып.

Сыйғызбай шығысқа да орын бермей,
Қуыпты тағы бізді қалмақ шауып.
Өнерсіз, әлсіздіктің салдарынан,
Сескеніп көрінгеннен қылып қауып.

Кетіппіз одан сырғып Сырға қарап,
Босатып теңіз бойын қырға қарап.
Әлсізді әлді жеген дәуір бопты,
Айтайын ұққанымды, тыңда, қазақ.

Бақытқа осы кезде Майқы туып,
Соңғыға қалған екен содан сұрап.
Өзі есті, өзі батыр, данышпан боп,
Өзіне Алла берген таудай талап.

Жол салған кейінгіге Майқы атамыз,
Осыдан үлгі алмаған қайсы атамыз.
Жол-жосық одан бұрын кемшіл екен,
Бұлтарып оның несін жайсатамыз.
«Тұрақтап, орда салып орнық,—деген,—
Көп кезіп сахараны болдық,—деген,—
Ел болып біз дағы бір жол табалық,
Өнерсіз, іс өнбейді қол күшпенен.

Тұрақтап Орнық деген қала салып,
Қалмақпен жауласпалық, жарасалық.
Кесіліп екі араға бітім жасап,
Ұсталық арамызды ауаша қып.

Тиімді болашаққа үлгі болсын,
Бір ереже шығаралық тамаша қып.
Бұл сөзді іс жүзіне асыралық,
Бойына Сырдария бара салып.

Алдымен алты арысты жүзге бөліп,
Әділ жол ел басқарар ізденелік».
Үш жүзге Мажиқыда елін бөліп,
Орнықты Сыр бойына күзде келіп.

Қыпшақ би—Ұлы жүздің болған басы,
Ел бермес Қобыланды жан жолдасы.
Мөлшерлеп орталыққа Орда тауын
Тігілді осы орынға ел ордасы.

Сайлады Орта жүзге Көсем биді,
Жан екен өте зерек, шешен, милы.
Қолбасы Дәулеткелді батыр болып,
Маңына өзіне тән елін жиды.
Атанған заманында сайыпқыран,
Өнерге жетік екен неше қилы.

Бас болды Кіші жүзге Жәлменді би,
Көрсетті қадыр тұтып, халқы да сый.
Қолбасы Қунақ сынды батыр болып,
Бар екен қол астында екі мың үй.
Жасағы әрбірінің мыңнан асып,
Тәртібін ел қорғаудың ұстады ашық.
Үш жүздің ел бастығы Майқы болды,
Сайлады жұрт кеңесіп, ақылдасып.

Төле би осы орданың басы болып,
Ақылға жеткен кезі жасы толып.
Ел болып, өз алдына жол шығарды,
Басына Майқы атаның бақыт қонып.

Арабтан сол бір кезде өнеге алып,
Нәр алып, жан азығы көмек алып.
Арабтың орталығы—Бағдаттан
Оқыған он екі жыл Төле барып.

Естанай қатарында болған екен,
Оқыған Төле биге ере барып.
Бытырап сахарада жүргендіктен,
Солардан басқарыпты ереже алып.

Жылына ел ішіне бір рет кеп,
Өнеге оқығаннан келеді алып.
Сайлаған ордабасы себебі сол
Екеуі осы кезде келе салып.

Ұзын сөз айта берсе жатыр толып,
Кетейін қысқа-қысқа басын шолып.
Ісіміз жөн, жолымыз дұрыс десіп,
Жалауы белгіленді ақ ту болып.

Төлеге хатшы қылды Естанайды,
Ақылды, ойлы адам деп, ес санайды.
Әр жүздің өз алдына міндеті бар,
Барлығы бір орынға тоқтамайды.
Кезінде келелі іске ақыл қосып,
Жауабын біреуінің бірі тосып.
Басқарып берекемен бәрін Майқы
Жұртшылық разы болды, мақұл десіп.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз