Біржан мен Сара айтысы (1-бөлім)
Біржан Қожағұлұлы, Сара Тастанбекқызы · 2 мин оқу
Қызы екен Тастанбектің ақын Сара,
Бәйгеден күнде келген жалғыз қара.
Қыз да болса, адамның жүйрігі екен,
Көрмедік сөзді адамда ондай дана.
Қызы екен ақын Сара Тастанбектің,
Жақыны Маман, Толқын, Есімбектің.
Сауық қып Садыр – Матай жиылысып,
Аулына алдыртыпты Тұрысбектің.
Аулына Тұрысбектің Сара кепті.
Өлеңді жүндей сабап дүрілдетті.
Сол кезде он жетіде ақын Сара
Жел сөзге адам болмас одан епті.
Сараның атын білер Арғын, Найман,
Жүйрік шыққан аталық Қаптағайдан.
Баласы Қожағұлдың сері Біржан
Сараны іздеп шықты әлдеқайдан.
Елі – Керей, ұраны Алтай – Қарпық,
Қызыққа тірлігінде жүрген батып.
Атасы Алтай – Қарпық, елі – Арғын,
Сауықпен жүрген сері дуылдатып.
Сараны есітіпті Біржан анық,
Бұған да жүрген жігіт өнер дарып.
Құдай берген дәулетті аясын ба,
Шығыпты он бір жігіт жолдас алып.
Серілік Құдай салған мұндай өнер,
Пендеге әр не болса, Тәңірі берер.
Мың жарым жылқысы бар атасының,
Уақыты екен отыз сегіз жасқа келер.
Келеді он бір кісі жолдас алып,
Дулатып түрлі-түсті әнге салып.
Ат жіберіп, Сараны алдыртармыз
Аулына Тұрысбектің жетсек барып.
– Сара да болар – дейді, – сөзге мығым.
Айтысып, Сараменен қылсақ шығын.
Найманның асыранды бұлбұл құсы,
Сараның айттырармын барлық шынын.
Баралық Тұрысбектің ордасына,
Сараның қоямын ба болмасына?!
Он бір кісі жолдасым ертең түсте
Біржанның қарық боларсың олжасына.
Арғыннан артық болды салған әнім,
Найманға, Арғын түгіл, болдым мәлім.
Ән салып тоқсан екі түрлендіріп,
Найманның бір жияйын тірі жанын.
Сара да жетік дейді, сөйлер сөзге,
Найманда аты шыққан осы кезде.
Ауызын қарсы келсе аштырмаспын.
Адамға мақтанар ол менен өзге.
Бөденедей қырғи алған жұмарлармын
Құдайым қуат берсе енді бізге.
Әлқисса, Жүсіпбек қожаға Сара қыздың Біржанмен айтысқанын қыздың өзі аузынан осылай деп бастан-аяқ баян қылғаны айтысқанның келер жылында.
Сараның сөзі:
Қызы едім Тастанбектің, атым – Сара,
Ішінен ер Қаптағай шықтым дара.
Он үште домбыра алып, сөз сөйлеп ем,
Келемін бір сүрінбей жалғыз қара.
Қолдай гөр, ер Каптағай, ата-бабам,
Сөзімді тыңда, құрбым, келсе, шамаң.
Ақсүйек пайғамбардың тұқымы деп,
Сөзімді естірткелі келдім саған.
Тақсыр-ау, күні құрсын ұрғашының,
Билігі болмайды екен бір басының.
Тері-терсек берген соң ит те алады,
Бұлындай берекесіз арбашының.
Әкемнің төрт түлігі бәрі де сай,
Алты ауыл аруақты үш ағам бай.
Бұлаңдап асау кердей жүрсем-дағы
Тоқтыдай борышқа кеттім, уа, дариға-ай!
Бұйрықсыз нәсіп етпес зарлағанға,
Тұңғиық сезім терең барлағанға.
Тақсыр-ау, он жетіге биыл шықтым,
Сан жүйрік ілесе алмас самғағанда.
Хан, қара шаршы топта сан сөйледім,
Көз көрмей, бәрі бекер нанбағанға.
Арсалаң, сал Ниязбек іздеп келіп,
Шошыған жүгірістен танбағанға.
Сөйледім қаз мойынды жарма-жалмен,
Әкеме ұлдай боп ем біткен малмен.
Аулында Тұрысбектің сөз сөйлестім,
Баласы Қожағұлдың Біржан салмен.
Үйінде отыр едім Тұрысбектің,
Бұл үйге Құдай айдап, дұрыс кеппін.
Қасында жеті-сегіз жат кісі бар,
«Сөйлес», – деп, даусы шықты Жүнісбектің.