Құлмамбет пен Майкөт айтысы (6-бөлім)
Құлмамбет, Майкөт Сандыбайұлы · 2 мин оқу
Оның да жайын айтайын:
Атылас, шайы кигені,
Киген сайын жүреді.
Атылас, шайы дегенді,
Сенің елің кимейді,
Кимек тұрмақ, түсінде,
Мұндай киім тимейді.
Арам өлген тайының терісін,
Қыз, қатыны илейді.
Қатыны байын билейді,
Елің базар көрмейді.
Қаладан келген ноғайдан,
Ноғайдың малы оңай деп,
Ауқатшыны көрген соң,
Қыз, қатының күйлейді.
Бір киімдік матаны
Бере салып ноғайлар,
Бір бұтаның түбіне
Қыз, қатыныңды сүйрейді.
Өзіңе кезек келмейді,
Тоғайға барып илейді.
Алдымдағы, Құлмамбет,
Орыс заңды бір елсің.
Мұның айып екенін
Сенің елің білмейді.
Ала тұр сен де деміңді,
Табайын мен де жөніңді.
Сері Албанды айтайын,
Хабары жоқ өлімнен.
Шариғат жолын білген жоқ,
Еліңде молда тұрмайды.
Өлетұғын бар болса,
Үш күнде молда ап келіп,
Имандарын үйіріп,
Уақтылы намаз қылмайды.
Белгілеп қояр әулие жоқ,
Әр төбенің басына,
Өлгенің жатып шөлдейді.
Жиылып келіп, көмбейді.
Алдымдағы Құлмамбет,
Орыс заңды бір елсің.
Мұның айып екенін,
Сенің елің білмейді.
Құлмамбеттің Рысқұлбекке айтқаны:
Көп көрдім би мен болыс, датқаны да,
Сөйлесе, ақын өлең таппады ма?
Қаласың Майкөт айтса, құшақ болып,
Көңліңе мен айтқаным жақпады ма?
Не дейсің, мына сөзге, Рысқұлбек,
Сыртыңнан естуші ем Рүстем деп.
Кетесің Майкөт айтса, хош болып,
Қаласың мен айтқанда ұрысқың кеп.
Әділеттік, туралық білсең өзің,
Қаңғырған ұтар ма еді бір Ыстың кеп?
Қаңғырған бір Ысты кеп жеңер ме еді,
Бұл Ысты Албанменен тең ел ме еді?
Рысқұлбек, бір туралық қылып тұрсаң,
Бұл менің панама келер ме еді?
Әділеттілік, туралық білсең өзің,
Жекті қолға аударып, бір бермедің.
Рысқұлбек бұл Майкөттің адамы еді,
Осының ата-тегі сара ма еді?
Рысқұлбек, бұл Майкөтті жақтаймысың?
Белгілі қыздан туған бала еді.
Құлмамбеттің қара Бәйтікке арнап айтқаны:
Жақ етіп, тіліме алдым бір Құдайды,
Әмбеден раушан қылған күн мен айды.
Құлмамбет, сәлем беріп, інің келді,
Жүрмісің, датқа Бәйтік, күйлі-жайлы?
Домбыра әуенімен болды шешен,
Датқадан өз қатарлы болдың көсем.
Құлмамбет, сәлем беріп, інің келді,
Жүрмісің, датқа Бәйтік, аман-есен?
Үлкендігің Рүстем датқадайсың,
Бір Құдайдан басқадан жасқанбайсың.
Қайратың Әзірет шерідей бар,
Төрт шарда Омар менен Оспандайсың.
Бәйбішең алдыңдағы Макарайым,
Пейіштің сарайындай салған жайың.
Қайратың Әзірет шерідей бар,
Қызыңдай пайғамбардың алған жарың.
Майкөт:
Жаманда дедің, датқа, мейлілерің,
Келмесін ашуланып зейілдерің.
Айтайын жасыңдағы мақамыңды,
Майкөттен қалмасыншы көңілдерің.
Жаманда дедің, датқа, қара көзің,
Айтайын жасыңдағы мақамыңды.
Жетім боп он жасыңда қалып едің,
Үш-төрт жыл байдың қойын бағып едің.
Бүгінде бұл дәулетті беріп Құдай,
Жасыңда анық сорлы кәріп едің.
Онан соң бес-алты жыл бақтың бада,
Жауыр қып к...і де міндің тана.
Салдарынан кедейшілік кетпей қойған,
Жарығы табаныңның бітті жаңа.
Өгізбен тарғыл шолақ тойға бардың,
Болады мұным ұят ойламадың.
Біреудің қойын бағып, қосын айдап,
Келгенше жиырмаға оңланбадың.
Келгенде жиырма беске бітті дәулет,
Датқа боп отызыңда құрдың сәулет.
Қанайдың қорасына қыдыр кіріп,
Қырықта ақылменен сүрдің әулет.