Құлмамбет пен Майкөт айтысы (2-бөлім)
Құлмамбет, Майкөт Сандыбайұлы · 2 мин оқу
Құлмамбет:
Бұл тойға келіп едім байтал мініп,
Байтал мініп келгенді, айттың біліп.
Жүз сомдық ішігіңе мақтанғанша,
Бай боп кетсең болмай ма, дүние жиып?
Майкөт:
Қарашы, айтқан сөзін аңдаусыздың,
Көзі – көр, көкірегі санасыздың
Тұмарлап тұла бойын жын ұрғандай,
Қарғыс атқан сөзін [қара] сорлы арсыздың.
Құлмамбет:
Майкөт-ау, олай десең, әуелім бақ,
Бір жаратқан Құдайдан тіледім бақ.
Алдыңа Құлмамбеттей ағаң келді,
Ал, Ыстым, шамаң келсе, айтысып бақ.
Майкөт:
Құлмамбет, олай десең, әуелім бақ,
Бір жаратқан Құдайдан тіледім бақ.
Кекесін келген жерден сөзіңді айттың,
Қайтейін, ей, Құлмамбет, Құдайдан тап.
Құлмамбет:
Айтып ем, жаным, саған сөздің салтын,
Сауықпен араладым қырғыз халқын.
Ердім деп Рысқұлбекке екпіндеме,
Болмассың Албан, Дулат менен жақын.
Бұл жерге келіп тұрған кезің, Ысты,
Бір мидан сөйлеп тұрған сөзің, Ысты.
Албанмен тең болам, – деп ойладың ба,
Секілді ит табаны аз ғана Ысты?
Майкөт:
Бір тайпа Ысты деген ел емес пе,
Үш ояз басы, аяғы жер емес пе?
Дулаттай дуа біткен болмаса да,
Сенімен қашқын Албан тең емес пе?
Құлмамбет:
Сөйлейсің қандай-қандай, жаман Ысты,
Ұрлықпенен өткізген жаз бен қысты.
Ұрлығынан бір-бірінің мал жимайды,
Арам – ауқат, барымта – бұл – қылмыс-ты.
Елің ұрлық қылмаса, жаман Ысты,
Көлбайың, Тұракелді неге түсті?
Майкөт:
Момынның залым жеді малын алып,
Жел сөзге кепті аузың, қалып алып.
Дулаттың тепкісіне шыдай алмай,
Өрге қашып кетіпті Албан асып.
Құлмамбет:
Сіргелі, Ысты түгіл, Дулат кәріп,
Нырай қалып, келіпсің Дулатты алып.
Үріккеннен бұларға жағамын деп,
Азғана Ысты, қалдың ба қуаттанып?
Майкөт:
Сөйлейді қандай-қандай, неткен мұндар,
Басына не шүкірлік еткен мұндар.
Жауған нұрдай Дулатты көре алмастан,
Бабаң қашып Қытайға кеткен мұндар.
Дәркенбай мен Мақсұтың боққа ұрысып,
Бір-бірінің түбіне жеткен мұндар.
Қырық кісі сотты боп, Сібір кетіп,
Астамшылық басына жеткен мұндар.
Дәркенбайдың қасына ерген қазақ,
Орыстың кетпен шауып, тасын қырнар.
Құлмамбет:
Атыңнан айналайын, Әжібай-ай,
Бір туған Әжібаймен Дәркенбай-ай.
Дулаттан қай хан боп шықты сендей болып,
Сөз қылды азғана Ысты, ойбай, Тәңірі-ай.
Мақтадың сыйпатымен Аңдасыңды-ай,
Көнерген қылышын жастап жамбасына-ай.
Үмбетшінің Айтбиі деген датқаң,
Айтасың ғой датқа деп, далбасаңды-ай.
Ердесін датқам дейсің Дулатыңда,
Сөйлейтін қырғыз шықса, тау басына.
Бар болса, тағы өлгенің баяндашы,
Бекерге айта бермей болмасыңды-ай.
Майкөт:
Байзақ, Батырбек, Батырбасы,
Елу менен қырқында оның жасы.
Бір Мәмбеттен туған жан бес жүз ауыл,
Жетпейді долы әйелдің берсе асы.
Ақмолда деген кісі елде жатыр,
Домалап, өрге қарай атқан тасы.
Қайтесің, Берназар мен Сеңгірбайды,
Әлібек, Бәстектің арғы атасы.
Көзіңе жазған Албан көрінбейді,
Жылқысының жетіпті мыңға басы.
Құлмамбет:
Байзақ батырыңның – Батырбасы,
Орыспен керіс болған екі арасы.
Тура алар ажалына бағана боп,
Қырғызға түсіп кеткен ашынасы.
Бұзықтықтың салдарынан ел талқан болып,
Ұлы жүз талқан болған бір баласы.
Қоқанның ханы байлап, топқа тұтып,
Орысты бастап келген Ақмолдасы.