Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Біржан мен Сара айтысы (2-бөлім)

Біржан Қожағұлұлы, Сара Тастанбекқызы · 2 мин оқу

«Бұл үйде кім бар?» – деді келе сала-ақ.
Отыр ем домбырамды қолыма ала-ақ.
Есімбек, Маман – құтым, ер Шерубай,
Қасына еріп келген өңшең манап.
Кісі екен отыз екі жолаушымен,
Ақ үйдің жабығынан көрсем санап.
«Сүйінші, іздеген қыз осында», – деп,
Біреуін тонап жатыр жаудай талап.
Сырлаған домбырасын қолына алып
Ән шырқап қоя берді жүндей сабап.

Тұрды атын ұстап біреу шаужайынан,
Сөзінің білдім Біржан ыңғайынан.
Толықсып, төңкеріліп, ән шырқап тұр
Сүйтсе де, шошымадым айғайынан.

Сонда Біржанның қызды шақырып, айтқан сөзі:
Бұл үйде Сара бар ма, шықсын бері,
Іздеген келіп тұрмын Біржан сері,
Жолықпай сөзі өктемге жүрген шығар,
Ауылында Тұрысбектің өлер жері!
Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын,
Арғынның Алтай – Қарпық ақтанкері,
Барабар сөзі теңдес адам болса,
Көңілімнің тарқаушы еді қайғы-шері,
Қырандай аспандағы желді күнгі,
Дауысымның көтерілер шықса тері.
Суырған жер танабын майталманмын,
Жасымнан маған мағлұм қыз не дері.
Алтын менен күмістің нақысындай,
Міні жоқ, бізден шығар сөз бедері.
Шатыр тік көк майсаға, бір тайды сой,
Кешікпей, шықсын үйден болса өнері.

Ақ иық мұзбалақпын жерге түспес,
Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес.
Басайын аптығыңды, тез шық, Сара,
Сен түгіл әкеңдеймен болдым істес.

Бұл үйде Сара бар ма, отыр неғып?
Қарсы ұшпай, тоты құстай қанат қағып.
Жел қабыз, жез тағалы еңіреумін,
Қара тер шыққан сайын кетем ағып.

Ғаламда мәшһүр болдым өлең жаттап,
Қысқартам адымыңды бір-ақ аттап.
Көмейден құйылады қайран сөзім,
Айғайлап ұран салсам «Қарқабаттап».

Сараның сөзі:
Көктемде Тұрысбектің ауылында,
Көруші ем істің жеңіл, ауырын да.
Біржанның төңкерілген әніменен,
Ешкіөлмес ел жиылды бауырында.
Арындап дәуірлейді барған сайын,
Екпіні соққан желдей, көрдім жайын.
«Шырағым, Сара, саған не болды?» – деп,
Есімбек кіріп келді, ағатайым.

«Шырағым, Арғынға орай бар ғой Найман,
Бала едің атағыңды жұртқа жайған,
Кең жерде келістіріп душар болмай,
Қапыда қажы үйінде келді қайдан?

Тартынба, енді балам, – деді қажы, –
Адымың аттан артық шықты тайдан.
Сөзі бұлақ антұрған көрінеді,
Бар еді бір кісідей өлеңге айлаң,
Аптыққан қу Арғынды бір дөңгелет,
Ағаңа осы болсын тиген пайдаң.
Өнері ұлдан артық, қарағым-ай,
Тұрайын мен де тілеп бір Құдайдан.

Қозғадым қырмызыдан сөзді талдап,
Басында баяуладым Біржанды алдап,
Төрт қызы Тұрысбектің қасыма ерді,
Ақ үйден шыға келдім «Найман шалдап».

Таңданып, жиылған жан қарап тұрды,
Қыз да болсам Біржанға балап тұрды.
Кәмшат бөрік, күлдәрі белбеуі бар,
Көк торғын шапанды адам қарсы жүрді.

Түрінен мен таныдым, осы – Біржан,
Сандалтып Орта жүзді әнмен қырған.
Сарысұр адам екен, тым өңді емес,
Құбылар тоты құстай әлгі антұрған.

Біржан салдың айтқаны:
Осы ма бұл Матайдың бұлбұл құсы?
Көп іздеп, бүгін таптым жазы-қысы.
Әуелі қазақшылап көріселік,
Жарқыным, берірек кел, жасың кіші.

Баласың, – деді, – менен жасың кейін,
Көрінді Біржан салдың сөзі бейім.
«Көрісем, бері кел», – деп, сәнсіп тұрды,
Толғанып үндемедім оған шейін.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз