Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Құлмамбет пен Майкөт айтысы (1-бөлім)

Құлмамбет, Майкөт Сандыбайұлы · 2 мин оқу

Құлмамбет:
Шақырған ертең ерте қызыл тауық,
Жағалап Семей, Шуды қылдым сауық.
Ертіс бойын жағалап Алматымен,
Сарыарқа бес дуанға салдым сайран.
Қырғызда қара Бәйтік той қылыпты,
Сол тойға бармақ болдым зауқым ауып.

Сол тойға барарымды енді білдім,
Үстіме киім киіп, жең сұғындым.
Қасыма алты жігіт ертіп алып,
Елімнен бір мал айтып, атқа міндім.
Қоқаннан саудагермен келеді бөз,
Құлағың естігенді көреді көз.
Қырғызда қара Бәйтік той қылғанда,
Құлмамбет Майкөтпенен сөйледі сөз.

Барады заман, шіркін, бізден өтіп,
Заманнан не бітірдік үміт етіп.
Арада есептесер бес күн өтіп,
Дегенде алтыншы күн, келдім жетіп.

Әркімнің айтқан сөзін ойлап келдім,
Құлағын домбыраның бұрап келдім.
Алыс пенен жақынның кімі бар деп,
Бәрінен қазақ, қырғыз сұрап келдім.

Құлмамбет, сөзім тыңда, батыр, – деді,
Қалмайын саған айтпай ақыл, – деді.
Майырдың Құдайберген бір баласы,
Бұл тойда Рысқұлбек жатыр, – деді.

Көзіміз осындағы көрген, – деді,
Бізге де әңгіме етіп берген, – деді.
Деген бір қыздан туды өсегі бар,
Қасына Майкөт ақын ерген, – деді.

Аузыма десте-десте өлең кірді,
Жадыма ілгергі өлең тамып берді.
Құлмамбет Майкөтпен айтысар деп,
Сауық қып қырғыз, қазақ бірге жүрді.

Құлмамбет айтайын деп белсенеді,
Ақ үйді он төрт қанат еңсереді.
Бәйтіктің он төрт қанат ақ ордасы,
Байлаған ат пен уық теңселеді.

Құлмамбет, сөз сөйлесін Құланаян,
Екенім Құланаян – Құдайға аян.
Тойыңа құтты болсын айтып келдім,
Жүрмісің, батыр Бәйтік, есен-аман?

Құлмамбет Құланаян дейді мені,
Жүз-жүзге мәлім болған өлеңдері.
Қарадан хан боп шыққан Бәйтік датқам,
Қырғыздың батыр Шабдан кемеңгері.

Әуелі жар қыламын бір Құдайды,
Құдай үшін жаратқан күн мен айды.
Атаңның аруағына келіп едім,
Жүрмісің, болыс Байсал, күйлі-жайлы?

Құлмамбет бір Құдайдан тілей келді,
Манаптан ат пен түйе сұрай келді.
Қояйын амандасып, ерім, саған,
Қоршының аманбысың, Сүлеймені?

Алдыңа талай тіккен ердің құны,
Алашта адам бар ма білмес мұны?
Арғы атаң Бозбан батыр шығып еді,
Аман ба, Тінәлінің Шолпанқұлы?
Сен бе едің, Рысқұлбек, бұлғақтаған,
Қояйын амандасып, шырақ, саған.
Айналып, ақ тұйғындай түйіп өткен,
Бар екен бір мінезің шұнақтаған.
Шырағым, Рысқұлбек, сөз айтайын кейімесең,
Албан, Дулат баласын тең көрмесең,
Ыстыдан бір ағаңды кем көрмесең.
Ағайын, мен айтайын, сөзім тыңда,
Әй, Майкөт, үйге кіргін, сыртта тұрма.
Албаннан алты арыс ағаң келді,
Ертерек, сырбаз соймай, келгін мұнда.
Алдыңа Құлмамбеттей ағаң келді,
Ағаңнан өрнек үйрен, сөзін тыңда.

Майкөт:
Осы ма, жұрт мақтаған Құлмамбетің,
Майкөтке ауған екен бар ниетің?
Майкөтті үйде отырған, далада деп,
Көңіліңді аудырған ба Құдыретім?

Құлмамбет:
Осы ма, Майкөт ақын дауысы биік,
Бір сөзің аңдаусызда кетті тиіп.
Отырған болыстардың бірі деп ем,
Жүз сомдық отырған соң ішік киіп.

Майкөт:
Осы ма, Құлмамбетің дауысы биік?
Өлеңмен келген жерден кеттің киіп.
Бола ма, Майкөт сендей Құдай атқан,
Байталға жауыр, шолақ жайдақ мініп.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз