Құлмамбет, Түбек, Тезек айтысы (4-бөлім)
Құлмамбет, Түбек Байқошқарұлы, Тезек Нұралин · 2 мин оқу
Айтасың мұны не деп, алжыған шал,
Кемшілік бұл Тезектің қай жері бар?
Үйірге бір байталды қостым дейсің,
Биеңді міндет қылсаң, қайтарып ал.
Керейдің нанға сатқан қыздарының,
Төре алса, қай жерінен арманы бар?
Ашыңды қызын алып асырадық,
Әкеңнің енді қандай қалғаны бар?
Міндет қып неменеңе келдің, Түбек,
Көтерем секілденіп қотыр үлек?
Дау іздеп, қайыр сұрап жүруменен,
Қалыпсың сұқсырдай боп, мұнша жүдеп.
Керейдің Үйсін шауып алған малын,
Келдің бе, алайын деп соны тілеп?
Қадірлеп, басын сыйлап шақырғандай,
Күшенесің аяғыңды сонша шіреп.
Аузыңнан отты жалын сөз шығады,
Аспанды тұрғандай-ақ қолмен тіреп.
Өлерсің күл-талқан боп, жардан ұшып,
Көңіліңмен азуыңды айға білеп.
Үш жүзден асқанмын, – деп, шіренесің,
Болмақсың алжып жүріп кімге тірек?
Түбек:
Құлмамбет, талай жерде сенің кеудең,
Таппақсың қанша пайда бұлай деуден?
Бұрыннан келе жатқан із бар ма екен,
Баласын бір қазақтың ұлтқа бөлген?
Атаңның аруағына ит қосасың,
Ақын деп сені айтуға үлгі көрген.
Қолыңа мылтық беріп, қоя берсе,
Өзінің итін атар жаман мерген.
«Биеңді аштан өлдің, қайтып ал», – деп,
Түбекті ұстадың-ау жаман жерден?
Шаптығып, аласұрып отырғанда,
Осы ма айтар сөзің барлық сенген?
Арқада доңыз жылы аштық болып,
Шын айтасың, наймандар ауып келген.
Ел болып осы жақтағы туысқаным,
Жаны ашып, жайлы қоныс тауып берген.
Халықтың бір шеті – бай, бір шеті – май,
Қазақпыз бірге туған, бір бауырлас,
Осындай сыйласуды сауық көрген.
Кетті деп дінін бұзып, кәпір болып,
Албанды неше мәрте шауып берген.
Қыз беріп қалмақтарға, дінін бұзып,
Сақтанар біздің қазақ қауіпті елден.
Аш итті бір шолақ ит қуып жүр деп,
Бұл жерді бұл қу қайдан тауып келген?
Хан Тезек, күдер үздім ақыныңнан,
Тайыпсың мұны ақын деп ақылыңнан.
Қарашы, Құлмамбеттің ғәзәзілін,
Тезекті айырмақшы қатынынан.
Сарттығы сары құлақ білінеді,
Көргенің ұрлық жақыныңмен.
Күшікті еркелетіп қоя берсең,
Бір күні тістей алар тақымыңнан.
Қызымды ашулансам кетем алып,
Байлап қой есегіңді, арқан тағып.
Айрылған үйірінен сәуірік оңбас,
Жайласын құл мен құтан тоқым салып.
Құланның пәңгі айғыры секілденіп,
Бас салар еркегіңді оқыранып.
Сарттардың байлап қойған есегіндей,
Алысып жұрт жабылып, жүрсін бағып.
Ақырып, пәңгі сартың жылап жүрсе,
Әкеңді байқайсыңдар сонда танып?
Асылып, оқыранып еркегіңе,
Аулыңда мазаңды алар әңгіленіп.
Мұрнына жылауықтың иісі тисе,
Сонан соң, пәңгі төрең кетер қаңғып.
Төре емес, сенің мұның апиыншы,
Төре деп мұны сендер жүрсің сан ғып.
Тезек:
Арасы үш мың жылдың сират деймін,
Ұжмақта иманды құл тұрад деймін.
Айтысу мұндай жерде жарамайды,
Құлмамбет, айтпай-ақ қой, шырақ деймін.
Байғұс-ау, жас айғырмен таласасың,
Кетерсің бір күн жардан құлап деймін.
Төрені келе сала омырауладың,
Осы жер келіспейді бірақ деймін.
Жазаңды мен сөйлесем берер едім,
Айтуға төре өлең ұят деймін.
Абылайдың ордасында кез кеп қалдың,
Әйтпесе, көрер едім сынап деймін.
Келіпсің қартайғанда Құдай айдап,
Он түйе, айдап кеткін бір ат деймін.
Келгенде алжып жүріп, түк бермесем,
Кетерсің наза болып, жылап деймін.
Тезекпен өлең айтып, алдым деме,
Әншейін алдым дерсің, сұрап деймін.