Біржан мен Сара айтысы (10-бөлім)
Біржан Қожағұлұлы, Сара Тастанбекқызы · 3 мин оқу
Арғынды бір дөңгелет деп едіңіз,
Мен түгіл, Найман қамын жеп едіңіз.
Мекке мен зиярат қып Байтоллаға,
Бақытыма есен-аман кеп едіңіз.
Көрмейсіз неге менің көз жасымды?
Жеңбек боп Біржан солай сөз қашырды.
Жиылған Каптағайдың жақсылары,
Басқаға айырып бер өз басымды.
Алдырып, не қылады оны Біржан?
Көруге ынтық емес соны Біржан.
Арғыннан асып кеткен бай болмайды,
Жеткенмен Жиенқұлға қолы Біржан.
Сонда Біржанның айтқаны:
Шырағым, Сара, сендей тумас бала,
Шежіре болармысың мұндай дана.
Обалың Есімбек пен Тұрысбекке,
Жігітің жөндеу екен, ей, бишара.
Ел-жұртың қорықпайды екен көз жасыңнан,
Қиып кеткім келмейді мен қасыңнан.
Кемітер қай жеріңді дұшпан, шіркін,
Адамзат озар емес өз басыңнан.
Жіберме Жиенқұлға шақыруды,
Өнерсіз үйде білер аһ ұруды.
Қайнайды зығырданым көргеннен соң,
Алдырма бекер мұнда кәпіріңді.
Білесің, Арғын, Найман тегіс затың.
Алашқа шығып еді Біржан атым.
Кісіге сен секілді малын шашпай,
Қазақ та қылады екен кімді қатын?
Дұшпаның жамандайды не деп сені,
Белгілі жарар саған берсем нені?
Өнбойың өнер толы жан екенсің,
Айбатың әлемге айқын ай бедерлі.
Садаға тырнағыңнан кетсін, Сара,
Сан жүйрік көріп едім мен нелерді.
* * *
Сөз айтты сонда Біржан біздің жаққа:
– Ұмытпан, Сара, сені әр уақытта,
Қайырған сөзбен жетіп есіл шіркін.
Көремін қайта айналып қай уақытта?
Есімбек, боққа сатпа асылыңды,
Сыйлай көр, қыз да болса, нәсіліңді.
Ұқпасаң, Арғын жоқты айтты дерсің,
Есеке-ау, құлағыңа ал осынымды.
Қылайын көп ұзатпай сөзді қысқа,
Өлеңге жан көрмедім мұнан ұста.
Аты ұрғашы демесең, қарындасың,
Адамның артығы екен осы тұста.
Шынымен бапты күнде дуға салса,
Ілеспес ақын түгіл ұшқан құс та.
Көңлінде мұңы жоқ деп ойлар еді.
Көрмеген дауысын естіп тұрса тыста.
Обал тұрған орында сауап та бар,
Жиенқұл тең емес қой бұл байғұсқа.
Законде зорлық болмас жанды адамға,
Жақсыны қор ғып болмас бір наданға.
Және де аят пенен хадисте бар,
Жылатып берме деген еш адамға.
Қажы барған Қаптағайдың арыстаны,
Жалғыз, сіз, осы күнде данышпаны,
Өзіңе Құдай беріп қойған шақта.
Дұспанның топ етеді алысқаны.
Көрмеп пе Сарадай қыз қатын қылса,
Ішінен өнер қысар аузын жапса.
Қор қылып Жиенқұлға жібергеннен,
Қытайша он есе артық басын шапса.
Тұрысбек, Есімбекпен сау тұр, Маман,
Таянды қайтар уақытым елге таман.
Айналып, ендігі жыл бір келермін,
Тысқары топырақтан болсам аман.
Сараны Жиенқұлға бере көрме,
Қыз түгіл, ер құнына келер шамаң.
Бар болса, сүйегіңде ойларсыңдар,
«Өлі тілін тірі алмас» деген заман.
Байлаулы бала құстай Сара сорлы,
Жоқ екен осы күнде мұнан жаман.
Әлқисса, Сараның күйеуінен ұялып, Біржанға Жиенқұлды көрсете алмай: жамиғ Найман тоқтады, мен де тоқтадым дейді. «Намыс қылып жақсыларым Жиенқұлдан айырар ма екен», − деп, дәмеленіп ем, болмаса, айтар сөзім басқа еді», – деді.
Енді Сараның өзінің айтқан сөзі:
Сал Біржан жүріп кетті амандасып,
Екі күн арпалыстым, табандасып.
Шіркінге қимағаннан жорға бердім,
Басында сөйлессем де, жамандасып.
Қош, Біржан, сау бол,–- дедім, – сағым-керім,
Арда күрең жігітсің алым-берім.
Қашан өзің өлгенше есіл-көзел,
Күнде той, күнде жиын жүрген жерің.
Жүре көр, ақын Біржан, бізді сұрай,
Тысқары топырақтан қылса Құдай.
Аптығып, арғынсынып сандырама,
Көзіңе қыз көрінсе, мұнан былай.
Жолықтым, атағыңа құмар едім,
Болмаса, келместей ғып сығар едім.
Сыйладым сағың жерде қалмасын деп,
Аттатпай адымыңды қияр едім.
Боп қалды бір көргенім көз таныстай,
Сен-дағы жол бермедің бір қалыспай.
Есекем еркек болса, бере қоймас,
Кісідей қарапайым бір салыспай.