Құлмамбет, Түбек, Тезек айтысы (3-бөлім)
Құлмамбет, Түбек Байқошқарұлы, Тезек Нұралин · 2 мин оқу
Жарасқан ақбоз атқа асан тамға,
Хан Тезек – алтын есік барша жанға.
Ұжмақтың дүниедегі есігіндей,
Тең ортақ – алтын есік – хан, қараға.
Қараңғы түннің ішін жарып шыққан,
Сен бөгет бола алмайсың атқан таңға.
Құлмамбет, сен білемісің төре сырын,
Білмейсің мәңгүрттеніп кімнің кімін?
Алған соң біздің қызды хан атанды,
Сарт еді сары құлақ онан бұрын.
Қаздырып ата тегін алмадың ба,
Кетпесін, байғұс бала, ісің қырын?
Мен алсам, ұрлық жеген ханды аламын,
Сен әлі қажап жүрсің айыл жібін.
Жынқақты сен сияқты қотыр тайға,
Қандайынан сөз айтпақшы мынау сорың?
Өзіңнің қатарыңа соқтықпастан,
Байғұс-ай, отырсың-ау қылғалы ырым.
Ырымың қырын кетіп, құрымағын,
Байқамастан сорлы бала өлетұғын.
Алашта бидай терген мен бір тауық,
Отыр ма айтысуға көңілің ауып?
Әнім менен өлеңімді үйреніп ап,
Өлтірді-ау, осылар-ақ бетке шауып.
Алыстан аң іздеген арыстан ем,
Бір күшік к...і күйік, алды қауып.
Ойлама қартайды деп бұл Түбекті,
Бұл Түбек әлі болса темір сауыт.
Апырай, Құлмамбеттің кеудесін-ай,
Өзінің сөйлеспестен теңін тауып.
Еңкейіп өз к...е қарамастан,
Біреудің сөйлемекші кемін тауып.
Сөйледің кімді мақтап, кімді боқтап,
Сөйледің кімді сүйеп, кімді жақтап?
Сөзіңді алда келер, артта айтып,
Басқармай, сандаласың тапырақтап.
Сөзіңді бұдан былай байқап сөйле,
Ұрынбай соқырларша апырақтап.
Бекітпей буыныңды босқа ұрынсаң,
Бір жерге жоғаларсың қалтырақтап.
Қайтпасын жас жүрегі, – деп отырмын,
Қазақтың аруағы мен салтын сақтап.
Болмаса төреңменен қойып тұрып,
Шаң қылып, кетер едім жерге таптап.
Үш жүздің жанып тұрған шаласына,
Ұрынар жаннан безген қай ақымақ?
Хан Тезек ырғалады қайыңдайын,
Судағы Түбек жүзер жайындайын.
Тезекке тағы біраз болысып көр,
Сені мен Тезегіңнен айырмайын.
Қимылдап, тағы біраз қарсы шапшы,
Жеріңнен төстеп тұрған қайымдайын.
Шаптығып, шатаяқтап қарғып көрші,
Иіңді ішіңдегі пайымдайын.
Көңіліңде сөзің болса, тағы айтқын,
Көңілін жас баланың қалдырмайын.
Құлмамбет:
Құлмамбет – менің атым, Құланаян,
Сес қылып, құтылмассың бұдан менен.
Құтылып кету саған оңай емес,
Сапырып борандатқан тұманменен.
Алжыған күшігенім, ойнап көрші,
Біз тұяқ, жас балапан – қыранменен.
Алжыған сендей шалдың керегі не,
Саялы қондырмаймын терегіме.
Аюдай “сондаймын” деп ақырсаң да,
Төремді тірі тұрып беремін бе?
Қалмапты қу құлқының әлі күнге,
Жақындап жүрсең-дағы өлеріңе.
Бір тоймассың жесең де,
Кісі сатып көрінгенге.
Төремді арашалап ала алмасам,
Бұл жерге Қарқарадан келемін бе?
Қисық құл барғаныңда тоғыз берсе,
Шіркін-ай, келтіріпті кемеліңе.
Сөйлейсің алжып тұрып, жасаңдайын,
Бекітіп буыныңды қатаңдатып.
Үш жүзден асқанмын, – деп, айтпай-ақ қой,
Қаңғырған дуанасың асауланып.
Керейдің қаңғып жүрген шемен шалы,
Өлеңіңе қоныс қондым қашан барып?
Әркімнен қайыр сұрап дуанаға,
Ат пенен киіп жүрсің шапан алып.
Бәйгеге құйрық сызып қосылатын,
Құрыған қу заманың қашан қалып?
Баяғы доңыз жылғы ашшылықта,
Баласын нанға сатқан атаң ғаріп.
Бір табақ қара бидай салып беріп,
Жалайыр қалмап па ед, апаңды алып?
Тұқымың сонда құрып қалмақ еді,
Ап қалды тұқымыңды атам бағып.
Керейдің алжып жүрген шемен шалы,
Кім сенің күн көріп жүр батаңды алып?
Тастай түс, тіреп тұрған аспаныңды,
Жасқанып, бұл сөзіңнен шошынбадық.