Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Құлмамбет пен Майкөт айтысы (3-бөлім)

Құлмамбет, Майкөт Сандыбайұлы · 2 мин оқу

Майкөт:
Қабылбек, енді айтайын Зәуірбекті,
Әкімі Бұралқының жұрттан өтті.
Арғы атасы сері, мырза білмеуші ме ең,
Қарайғанға жүргізген өкіметті.
Райымбек датқаны білмейсің бе,
Хан, қара, шаршы топты билеп өтті.

Құлмамбет:
Ақындық, пәле Майкөт, өлеңіңнен,
Солардың қызмет нанын жегеніңнен.
Қабылбек, Зәуірбек, Райымбек,
Бұралқы, жұртқа жақты жегенінен.
Аса, Талас Дулатын мақтай бермей,
Жауап бер Шымкент деген өз еліңнен.

Майкөт:
Көрдің бе екі Қайым, бір Исаны,
Тап тартпай, оязбенен де ұрысады.
Баласы Жұмабайдың Тайтелінің,
Алдында дау мен шатақ тынышады.
Исаға қай пенденің тартты түрі,
Адамның болып шықты қара тілі.
Баласы Батырбектің – Батырбасы,
Кетпессің, нысап қылсаң енді мұны.
Дулаттың шет жерінде Торта жатыр,
Шымырдың толғаннан соң екпе нұры.

Құлмамбет:
Қарыздар Қайымбегің, Исаң әрі,
Мақтайсың қошаметке бекер құры.
Жанқозыға батырың зәһар берген,
Мойнында қияметтік ердің құны.
Баласы Жұмабайдың Тайтелінің,
Белгілі жалғыз атты, мәлім сері.
Төрт әдіп оймауытты тағы айттың ба,
Семіздік Жаратқанның құмар түрі.

Құлмамбет:
Бұл сөзді, пәле Майкөт, білгеніңнен,
Бұларға ісің жақты үргеніңнен.
Үйде-қырда Дулатты мақтап болсаң,
Біздерге берші жауап Сіргеліңнен.

Майкөт:
Бір жұртың сенің айтқан Сіргелі еді,
Бұл да Дулаттан соң іргелі еді.
Марқабай, Жабай, Қозыке, Бошан датқа,
Қоқанның пайтағына мінген еді.
Текей, Солтай, Білмұрат, Жолдығара датқа,
Бұлардың әркім намын білген еді.
Бүгінде Қалпыр деген біреу шықты,
Қадамы баршасынан ілгері еді.

Майкөт:
Ошақтыда бар еді датқа Сапақ,
Құлмамбет осыларды қылдың мазақ.
Райымқұл, Жалаңбасқа бір көрінсең,
Жазған-ау, қояр еді аттай матап.
Тоқбергенді жұрт мақтап хан деседі,
Ат қояды «Наурызбайлап», ұран тастап.
Тоққұлы, Бекқұлыны білмеймін деп,
Енді саған сөйлеймін кімді атап?
Қолымен көбік жеуді қоймадың-ау,
Жоқ па еді, сіздің елде кедей, жатақ.

Құлмамбет:
Сөйлейсің қандай-қандай, сен, қызталақ,
Сеңдей екен Дулатта өлген манап.
Жұдырықтай Ошақтының бегі көп қой,
Айттың ба түздегі, ойдағының бәрін санап.
Мұның бәрі қай жақта сыйып жатыр,
Майкөт-ау, енді Ыстыңнан берші жауап.

Майкөт:
Бір жұртың сенің Ысты еді,
Жәкей, Шоқай Ыстының өстіні еді.
Жарас датқа, Қараш датқа,
Қудан жүйрік, құланның ұшқыны еді.
Екеуі тізе қосып келген шақта,
Кісінің дау алмағы мүшкіл еді.
Қарадан хан боп шыққан Көлбайыма,
Тең келмес, бет алғанда ешкім енді.
Баласы хан Шоқайдың Тұракелді,
Басына бақ пен дәулет тура келді.
Олар да өкіметпен келе жатыр,
Ешкімге билетпестен төменгі елді.

Құлмамбет:
Адамдықты кім қойды саған, Ысты,
Батырбекті қимадың тамам Ысты.
Батырбекке билетіп қояр ма едің,
Бұрыннан келіп тұрса шамаң, Ысты.
Сыланды қара күңнің баласы едің,
Тамам жұрты қаңғырып қалған Ысты.
Жортуылмен қысы-жазы күн көресің,
Ит табаны секілді жаман Ысты.

Майкөт-ау, Албан бай ма, Дулат бай ма,
Байлығы Дулатыңның Албандай ма?
Байлығын Дулатыңның айтшы маған,
Бір үйің жүз қысырақ тай байлай ма?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз