Біржан мен Сара айтысы (8-бөлім)
Біржан Қожағұлұлы, Сара Тастанбекқызы · 2 мин оқу
Сонда Сараның айтқан жауабы:
Қазақ жоқ хан Бараққа теңгерілген,
Күшімен Арғын, Найман меңгерілген.
Есіл ер аруақ біткен заманында,
Тоқтыдай сан Тобықты өңгерілген.
Өзіңді ат та қылдың, құс та қылдың
Дүниеде бар жақсыға теңгерумен.
Жайымды адам күймен айтайын мен,
Басылсаң, ала қашпа өрлеуіңнен.
Өнерге екі жағым бәрі бірдей,
Еркек жоқ өз басыма теңгерілген,
Құр босқа бөгелемін келіспей нем,
Сөз – пірім, он жасымнан меңгерілген.
Небір нәзік көзге олқы көрінсем де,
Сан жүйрік қойдан оңай өңгерілген.
Ұшырған тәрбиелеп ақ тұйғынмын,
Матайдың Қаракерей сеңгерінен,
Даусыма аспандағы құс айналар,
Құбылып тоты құстай төңкерілген,
Антұрған, Құдай, қане, жасырмай айт,
Сөзім жоқ бір кісіден кем көрінген.
Сайраған тәмам Найман бұлбұлымын,
Қапаста жел тигізбей жем берілген.
Жұрт –сыншы, өзі білмес екі даугер,
Белгі жоқ адымында теңгерілген.
Мақтанғаным болмас-ау, осы кеудем,
Он Арғын шалымынан кең көрінген.
Бірінен бірі дамып, асып түсер,
Дауысым алтын тудай паң керілген.
Сонда Біржанның айтқаны:
Жарайды, жаным, Сара, осы сөзің,
Тастүлек тұрымтайдай екі көзің.
Сөз айтар қандай кісі деген кезде,
Алдымнан Құдай айдап келді кезің,
«Бір асқанға бір тосқан бар-ақ», – деген,
Талайдың қисық деуші ем құрған тезін,
Шіркін-ай, мұндай жүйрік туармысың,
Сөйлейсің алтындай ғып сөздің жезін.
Қанатын күн шалмаған ақ тұйғынның,
Жапалақ иемденер басқан ізін.
Қор болдың бір қортыққа, Сара, қалқам,
Армансыз қылар кімнің үйі-түзін.
Дені сау адам емес Тастанбегің,
Жүр екен тастай алмай о да қызын.
Біліп ем, Сара, сенің сыңайыңды,
Баса алмай армандамын құмарымды,
Ақ үйден айқай салып шыққан кезде-ақ,
Сезгенмін сөзге қайрат қыларыңды.
Сөйлесең, төрт құбыласы түгел жандай,
Білместен неден зар боп жыларыңды.
Майысқан сегіз қырлы жүйрік-ақсың,
Қай жерден болжамайсың тынарыңды.
Шақыртып, күйеуіңді осында алдырт,
Көрейін таңдап қосқан сыңарыңды.
Тез алдырт күйеуіңді, Сара саңлақ,
Көрейін еркегіңді тиген таңдап.
Рас-ақ жаны ашыса Тұрысбектің,
Белгісі білінеді келсе, сонда-ақ.
Шыбықтай жігіт шығар, өңі нұрлы,
Өнері өзің теңдес, сегіз қырлы.
Шеберден мін алатын мініскерсің,
Ер шығар тоты құстай неше түрлі.
«Жақсыны көрмек үшін», – деген, Сара,
Өзі түгіл, ел қамын жеген Сара.
Мырзаңды Жиенқұлдай шапшаң шақырт,
Ұялып, бөгелесің неден, Сара?
Сонда Сараның Найманның жақсыларына шағынып айт қаны:
Қажеке-ау, мынау қалай ақырады,
«Жиенқұл тез келсін», − деп шақырады.
Көрсетсең, асылыңды әпкеліңдер,
Аулыңда ол келгенше отырады.
Арғынға жол бермеген есіл тілім,
Күн өтпей, қор боп ұшқан қызыл гүлім,
Сіздерден ұялғаннан үндемеуші ем
Есекке қосақтаулы өтті күнім.
Өзі білер деуші едім жақсылардың
Ақыры, қайғы болды енді мұңым.
Алтайдың саңлағымен сөйлессем де,
Жоқ екен жүйрік иттей өлсем, құным.
Сіздерге сенетұғын сорлы басым,
Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім.
Өздерің Жиенқұлды көріп едің,
Құдайдан қорықпай, шыдап, беріп едің.
Шақырған «Найман шалдың» аруағын,
Бәріне қыз да болсам серік едім.