Біржан мен Сара айтысы (4-бөлім)
Біржан Қожағұлұлы, Сара Тастанбекқызы · 2 мин оқу
Атадан Біржан сал боп тудым артық,
Ұраным – Ер Қарқабат, Алтай – Қарпық.
Аққумен аспандағы ән қосамын,
Қозғасам, ащы күйді түптеп тартып.
Қырмызы, асыл бекзат бір мінезім,
Кетер ем еркек болсаң, бір-ақ тарпып.
Қыз итті сыйлайтұғын бар мінезім,
Самғаймын бәйге атындай артып-артып.
Көкшетау дуанына даңқың барған,
Мен – Біржан, алтын тудай айқындалған.
Естігелі, Сара, сені үш жыл болды,
Сері едім төңірекке құлаш жайған.
Түлкінің жүгірісін қыран байқар,
Ұялсаң, сөзің емес маған айтар,
Қандыкөз май жеп алғыш ақиықпын,
Сен түгіл, қасқыр көрсе, бір-ақ шайқар.
Қайрату сұрамаймын келсе аңым,
Қыз сөзін парық қылмайтын ескі заңым,
Күнінде он көрінсе де, айнымаймын,
Көк төбет болды деме мені, жаным.
Түстіктен жұрт таң қалар көргеніме,
Жеңбесем, қуанбаймын келгеніме.
Ақ марал, осы жолы жығылмай кет,
Алтайдың душар болдың мергеніне.
Өзімдей бір басты адам сөз білмейді,
Құданың мың шүкірлік бергеніне,
Қыз сөзі батқан сайын жаным кірер,
Қарамай, қатты сөйле өлгеніме.
Адымым күні бүгін қалыбында,
Апшымның қуырылып қай сасқаным,
Өтірік ентелетіп желгеніңе.
Көзімнің Көкшетаудан қыры түсті,
Аталық Қаптағайда жүргеніңде,
Аю болсаң да, басамын «Әп» дегенде,
Түспеймін жаман құстай көргеніңе.
Сонда Сараның айтқаны:
Ей, Біржан, жасың үлкен, өзің аға,
Қымбаттығым белгілі білсең баға.
Қамысты терең көлдің сұқсыры – мен,
Қаңғырған ілдірмеймін қаршығаға.
Ежелден сен белгілі желді көрік,
Таң қалдым сәулетіңді сенің көріп.
Сені айдап ажалыңа алып келген,
Құт Маман, ер Шерубай қасыңа еріп,
Сөйлетпей шыға сала кеттім дерсің,
Түрімді көрсетейін сөйлеп беріп.
Қарны ашқан қырсығы бар еркек мысық,
«Сасық» дер аузы жетпей, майдан жеріп,
Сөйлеспей мен сықылды өнерпазға,
Дәндеме жүрген күңнен тезек теріп.
Өлеңді қолқа қылсаң ағытайын,
Самарқан жібегіндей оннан өріп.
Әншейін сыпайы деп қимай тұрмын,
Көзіңді төрт қылар ем иттей керіп.
Сөзбенен жеңемін деп ойламаңыз,
Бір жерден мүдірер деп, көңіл бөліп.
Тіліңді тарта сөйле, Біржан батыр,
Жарамас жүдеп қайтсаң, іздеп келіп.
Тартылып таразыға тең келмейсің,
Тірілсең ертең кешке, бүгін өліп.
Арғынның тантықтығы, міне, осындай,
Кім байқар ер қадірін сөз қосылмай?
Жай тастап, құлашымды кең созамын,
Сен түгіл Қожағұлдан бір шошынбай.
Күшпенен көндіремін болмасаң да,
Сестеніп тамам жерден қозғасаң да.
Аптығып, арғынсынып сандырама,
Ойлайсың артықпын деп оңбасаң да,
Найманға жалғыз тиын керегің жоқ,
Келесің қайыр сұрап анда-санда.
«Мен пәлен» дегеніңе сескенбеймін,
Шошыр деп қоразданып алдасаң да.
Ақыр өнер барлығын байқасармын,
Өзіңді өзің мақтап, нанбасаң да.
Қарамды әр-беріден соң бір көрмейсің,
Соңымнан үмітті боп қалмасаң да.
Тоймайтын жеті басты жалмауызсың,
Ескі-құсқы елден жиып жалмасаң да.
Қуып жетіп, озамын Найманшалап,
Пысықсып ә дегенде самғасаң да.
Әй, Біржан, әліңді біл, жүр жайыңа,
Әке десең көнбеймін ыңғайыңа.
«Жау аяған жаралы болар», – деген,
Шын тілеп, сөйлейінші Құдайыма.