Біржан мен Сара айтысы (6-бөлім)
Біржан Қожағұлұлы, Сара Тастанбекқызы · 2 мин оқу
Кенжеқұл − қазақ жетпес бабасына,
Төрт арыс билік айтқан баласына.
Байтоқа, Кеңесбай мен құт Данияр,
Тоймаған сөздің сөйлер шамасына.
Арғын жоқ мақтағанмен Тойғұлыдай,
Қор құйған Қыдыр келіп сабасына.
Бірін-бірі аңдыған қу Арғынсың,
Мақтанған мінсең, орыс шанасына.
Екі жыл бақ айналса біреуіңе,
Қайдағы жаулық қылған данасына.
Арғында кісілік жоқ мен білмейтін,
Қарны ашса, қастық етер анасына.
Кім жетер Қабанбайға дуа қонған,
Үзілмей тұқымына қуа қонған
Қожағұл, Әлі, Жақаш, ер Әділбек,
Сүлеймен − оның ұлы, шықты соңнан.
Ботабай, Байжігітке құт Шиямбай,
Сасан би, шапты Кенже жауға аянбай,
Шынымен құлаш ұрып, самғай берсем,
Қаласың жетпек түгіл бір таянбай.
Таласпас Тәнекеңнің жан бағына,
Жеңермін егер тартса, іс ағына.
Шетінен Қыдыр қонған өңшең құтым,
Мың-мыңнан құт тастаған арт жағына.
Арғынның болады дейтін қызы сойқы,
Шот маңдай, иегі ұзын, мұрны кейкі.
Бұйра шаш, дөң жауырын, қысқа тұмсық,
Дүрбелжін дорбиған күң ойқы-шойқы.
Жігіті Қоқандықтың аңғалындай,
Аптығар өрттің шалқып жанғанындай,
Асыққа ақ жамбыны ертіп құйған,
Найманның жігіт қайда бағланындай?
Екі ауыз ән білгені ақынмын дер,
Қыдырдан түсте бата алғанындай.
Ұятсыз сіздің елдің бәрі даңғой,
Айтпасаң, мұнан басқа қалғаныңды-ай,
Қапыда қалдым деме, ақын Біржан,
Көңліңнен қоймай сөйле арманыңды-ай.
Сара ақын екеніңе көзің жетпей,
Осындай қайдан білдің қармануды-ай?
Найманнан қарның тойып кетсең-дағы,
Қоймайсың жылда келіп жалмануды-ай.
Елу күн ғайып білген тоты құспын,
Білмеймін, әкеңнен де алдануды-ай...
Өз басым ұрғашының қара тілі,
Иранбақ бет бітісім қызыл гүлі.
Біржан сал, ажал айдап, өзің келдің,
Іздеуге ойланып ем өткен жылы.
Майысып, нәзік белім бұраң қаққан,
Қырық түрлі дана кеудем өнер тапқан.
Сөйлесе, май тамызған бұлбұл тілім,
Сықылды гәуһар сағат нақыс шапқан.
Ажымсыз он саусағым − бәрі де аппақ,
Болғанда аузым сағат, ернім қақпақ.
Міні жоқ отыз тісім меруерттей,
Ерінбей тіздіргендей адамзатқа-ақ.
Мойыным сұңғағындай жүзген қудың,
Лебізім шырынындай шәрбат судың.
Қаққанда төңкерілген қас бітісім.
Ашылған айбатындай жібек тудың.
Қырмызы қызыл жібек маңдайым кең,
Арғынның айтшы, кәне, қай қызы тең?!
Тал бойым ұзын да емес, қысқа да емес,
Азар дұшпан болсаң да, қай жерім кем?!
Тамағым жас баланың білегіндей,
Иығым тік сандалдың тірегіндей.
Бет алдым қоңыр қаздың кеудесіндей,
Тал бойым жолбарыстың жүрегіндей.
Арғынды мақтасаң да, жетті Найман,
Жетпек түгіл байлыққа өтті Найман.
Бұралқы үйге сіңген күшік иттей,
Бай болсаң мұнда, Біржан, келдің кайдан?!
Найманның Арғын жетпес қоғамына,
Қаласың бекер мақтап обалына.
Қымыз бенен қыз сатып, күн көресің,
Естимін таянды деп жоғалуға.
Мақтанып жоқ нәрсеңді айтпа маған,
Рас, жаным ашиды, Біржан, саған.
Сөз білсең, көп таласпа меніменен,
Алысып, құр кеудеңмен қалмас бағаң.
Ей, Біржан, шыдамаймын қылығыңа,
Мақтанба Құсбек, Сартай ұлығыңа.
Үстіне Жамантайды сомдап қоссаң,
Барақтың пар келмейді сынығына.
Ұстаған Тобықтыға дүре соғып,
Аққан қан ат суарған тұнығына.
Қапанның Байқарамен қосы қонса,
Жетпеген қалың тоғай қорығына.
Қазыбек Құнанбайды найзалаған,
Төрем түгіл Төлеңгіт жорығына.