Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Біржан мен Сара айтысы (5-бөлім)

Біржан Қожағұлұлы, Сара Тастанбекқызы · 2 мин оқу

Жылқының арығындай Арғын кедей,
Тойғансып, мас боласың ішпей, жемей.
Құр айғай салғаныңа кім шошиды?
Жеңермін иттей қылып, адам демей.

Найманның аруағынан кет садаға,
Әзәзіл бола берме екі араға.
Жанақ та қобызымен түк қылған жоқ,
Оңай ма сендей сорлы бишараға?

Орынбай іздеп келіп, кеткен қаңғып,
Жеңген жоқ Кеншімбайды о-дағы аңдып.
Жанақ қашан жол алды Сабырбайдан,
Жаманын көтереді Арғын сән ғып.

Біржанды «Әке» десе, менсінбеймін,
Жаратты қыз да болсам, сонша паң ғып.
Жынды бота сықылды бір делбені,
Құдайым тірі қойған несін жан ғып?

Біржанның айтқаны:
Арғынға жете алмайды Найман өлмей,
Ежелден артық тумай, теңдік бермей.
Жеңбесем, Сара, сені осы жолы
Өлгенім жақсы емес пе үйді көрмей.

Сара айтады:
Ей, Біржан, өнер біткен қай жеріңе?
Бұл жолы пайда ілінбес құр теріңе.
Жеңбек түгіл келмейсің ширегіме,
Әкеңнің, менен қорықсаң, кір көріне!

Біржанның айтқаны:
Арғынның көз жеткісіз аймағы бар,
Төңірек жеті дуан ойнағы бар.
Кім жетер Жанайдарға Алтайдағы,
Алты жүз бота мен тайлағы бар.

Шалқыған Жәнібек пен Тұрсын, Жанай,
Ит қосты Нұрмұхамбет, Досан, Қанай.
Солардың хисабына көз жетпейді,
Ол түгіл бір Шақамдай болсаң, қалай?

Қаржаста бір құтым бар – Мұса, Шорман,
Үзілмей келе жатыр ескі қордан.
Қажының белбаласы – Садуақас,
Құтқарған сан қыранды түскен тордан.
Ұл тумас Қазанғайып ата ұлынан,
Тұқымы дегдар шыққан жатынынан.
«Полковник» шен алады туа сала,
Шырылдап түскен бала қатынынан.

Шыныбай асып еді бір шағында,
Жан жетпес ер Қазекем аруағына.
Жамантай, Құсбек, Шыңғыс, Сартай төрем
Ілінген талай Найман қармағына.
Тәттімбет ардагерім Арғын асқан,
Қырық түрлі күй ілінген бармағына,
Ежелден әрі баймын, әрі молмын,
Шын қызсам, шыдамайсың зардабыма.
Адамның ақиығы – қажы Құнанбай,
Сан жүйрік сау кеткен жоқ бір сыналмай.
Найманның әулиесі – батыр Барақ,
Ішқұста болып кеткен түк қыла алмай.

Ыбырай – жас жолбарыс білектенген,
Дұшпанға арыстандай жүректенген.
Өзінің заманының бозбаласы,
Перінің жігітіндей реңктенген.

Ей, Сара, қайсының бар оған жетер?
Өнерін көрген жанның есі кетер.
Адамның жалғыз баста білімпазы
Әлі де жамандамас Найман бекер.

Орта жүз Абай қойды атын батпай,
Үйіне ояз кірмес жауап қатпай,
Арғынның асылдығы, міне, осындай,
Наймандай ағайынын жүрген сатпай.
Бар болса, бұған орай қоймай сөйле,
Әйтпесе, сөзіңді қой, босқа шатпай.

Сонда Сараның айтқан жауабы:
Ей, Біржан, сөз сөйлейін анықтатып,
Көңілің ауырмасын, қабақ қатып,
Көкшетау, Қызылжарда талай Арғын,
Күн көрген жанын жалдап, жатақ жатып,
Найманнан қай жерің бай мақтанғанмен,
Тентіреп, нан жемейміз, шілік сатып.
Бармаған соң жайыңды білмейді деп,
Құр босқа мақтанасың, Тәңірі атып.

Найманда Қаракерей, Сыбан, Мұрын,
Жеті ата Жолымбетке құйған нұрын.
Шерубай, Тана мырза, ер Тәукебай,
Қай қазақ сөз бастаған онан бұрын?
Баласы Қозыбайдың Тілеуберді,
Әліхан − оның ұлы, әркім көрді.
Құдайдан қорыққан Арғын осал демес,
Қарадан хан боп шыққан Қисық ерді.
Жан жетпес Бабатайға және Жанақ,
Аққожа би, Ақтайлақ асқан манап.
Ақтамберді, Алтыбай, Райымбек −
Жайратқан жауын түгел қойдай қамап.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз