Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Біржан мен Сара айтысы (9-бөлім)

Біржан Қожағұлұлы, Сара Тастанбекқызы · 2 мин оқу

Біржанға көрсетіңдер Жиенқұлды,
Ол мені осы жерде тірі өлтірді.
Ұяттан кісі өлмейді, сағы сынар,
Қайтейін, Құдай қосып, ием қылды.
Итіңді келмесе де, келтір байлап,
Бітпесін зығырданым күнде қайнап,
Ағалар, нәсіліңе дұрыс болса,
Құдайға тапсырамын «Қаптағайлап».

Қажеке-ау, көріп келдің Хақтың үйін,
Мен түгіл, бөтенге де зорлық қиын.
Жиенқұл ерім болып тұрар ма екен,
Күнінде таңда – махшар болса жиын?!

Көзімді аш, көңілімді нала қылмай,
Кетсең де, өкпеледім бала қылмай.
Сыртынан өлеңменен шақырайын,
Біржанға өзімді-өзім таба қылмай.

Сәлем де Жиенқұлға келсін жатпай,
Келуге шошынады неден батпай?
Әркімнің қолда бары өзіне алтын,
Біржанға бір тырнағын тұрмын сатпай.
Көрінсін Біржан салға ай секілді,
Ақ құйрық көңіл ашар шай секілді.
Ұсынса, қол жетпейтін арғымағым,
Арғынға баламаймын тай секілді.

Тез келіп, амандассын Біржан салға,
Көрінсін айбаттанып Арғын шалға.
«Әркім теке қояды өз ылағын»,
Әйтеуір, мені сатып, алды малға.

Бермесін дұшпаныма намысымды,
Біледі Арғын, Найман дабысымды.
Бар болса шыбын жаны, шапшаң жетсін,
Ел таныр, арғымақтай шабысымды.

Қылмасын дос Жиекем сөзге сынық,
Шәрбаттай ағып жатқан сөзім тұнық.
Қамалдан тартынбайтын қайран ерім,
Көлге кеп қойып кетсін, көзді жұмып.
Асылым Құдай берген өз бағыма,
Теңелмес жеті Біржан тырнағына.
Найманда ұлы дария саяткерім,
Балық боп ілінгенмін қармағына.
Бағының зор екенін көрсін Арғын,
Сықылды салтанатым батыр Тарғын.
Көрмеп пе Біржан ондай болам десе,
Сескенбей, шапшаң жетсін біздің балғын.

Бесіннен қалмай жетсін, жаны болса,
Бөгелмей жете көрсін әлі болса.
Елден қайыр сұраған кедей Біржан,
Алмай ма мендей қызды малы болса?

Көрінсін салтанатпен менің серім,
Сол енді Құдай қосқан барар жерім.
Кедейге қонақасы тай әкелсін,
Талабы Тәттімбеттей асыл серім.

Сонда Біржан сөйлейді:
Көрейін, кісі жібер, күйеуіңе,
Көнбейді жаман болса сүйеуіңе.
Сабазың қандай екен, көзім көрсін,
Адамның таласатын біреуіне.

Жасырмай көрсет, көзге келтіріп-ақ,
Сөзбенен жүдеттің ғой өлтіріп-ақ.
Ұялмай осы топқа көріне ме?
Өнерсіз, жігері жоқ делқұлың-ақ.

Сараның айтқан сөзі:
Қажеке-ау, кісі жібер балаңызға,
Әзәзіл болды Біржан арамызға.
Сыртынан мақтасам да, керек болды,
Көрсетпей, жігітті ұрлап қаламыз ба?

Өзіңнің құла жорғаң барсын оған,
Жиекем Бижан ерін салсын оған.
Біржанды бір қаққаннан қалдырмас ем,
Құдайым, мені қайдан қосты cоған?
Қажеке-ау, алдыртыңыз қонақ кетпей,
Біржан тұр көремін деп, сөзі бітпей.
Ажал да кісі таңдап алады екен,
Сол итті неге қойған алып кетпей?
Қонжиып мінер құла жорға болса,
Келе алмас сол шіркінің қорғаласа.
Рас, бізді масқара қылар сонда,
Қорс етіп бармаймын деп онда қалса.

Кісі емес ел намысын ұққандай-ақ,
Ербиер елсіз тауға шыққандай-ақ.
Жиенқұл күжірейіп келер ме екен,
Он мата арқасына тыққандай-ақ.

Бар еді ұлы-қызың, Қажы аға,
Қалдым ғой Біржан деген беймазаға.
Өзіңнің болып тұрған заманыңда,
Дені сау кез болмадым бір тазаға.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз