Біржан мен Сара айтысы (7-бөлім)
Біржан Қожағұлұлы, Сара Тастанбекқызы · 3 мин оқу
Садырбай, Жаманбала, Арқабайым,
Тел емген екі енені марқадайын.
Есілге, Едіреймен қамалған қу,
Көкмайса жерің бар ма Арқадайын?
Ақ найман Қожамбетке Арғын жетпес,
Төртуыл Қаратайдан қазақ өтпес.
Көкжарлы Сарыжомарттай қайсының бар?
Қызығы Мысыр шәһардай естен кетпес.
Ерлерім, айта берсем, жатыр талай,
Ойласаң, есің шығар санай-санай.
Бура жатыр көптігі толық дуан,
Атасы – әулие өткен ер Қонақбай.
Дәулетке Бура-дағы артық асқан,
Кім баймын дегенменен жағаласқан.
Жаяубайлар көрді ғой малдан ыза,
Қозғалып, көшіп жұртқа жете алмастан.
Қайсы Арғын жетеді Аман, Көшеріме,
Мен дайын сөзді қалай десеріңе
Кең қолтық, өзім теңдес кез келмесе,
Алтайдың көзім толмас есеріне.
Тойке мен Жоламандай тумас қазақ,
Дұшпанын иттей байлап, қылған мазақ.
Менімен айтысуға қайдан жеттің,
Жыл сайын өлуші едің сүйек қажап.
Өнердің күш көрерсің өкімінен,
Сөзімнің түйсең керек секілінен.
Жарыған жалғыз Арғын көрінбейді,
Жас қызын ұстап берген кекілінен.
Қаракерей Матайға жау болған жоқ,
Барақтың артық қайрат етуінен.
Түйеше құр бойыңа сенгенсисің,
Ісің жоқ Найман қуып жетуімен.
Тойғұлының асында бәйге тікті,
Тоғыз қыз Арғын берген жетімінен.
Төлеуші ең, бір түйе ұрлап, екі бала,
Антұрған, ұялмайсың бітіміңнен.
Құтырмай жайыңа жүр, жынды делбе,
Келіп, кісі болма, сен біздің елге.
Сөз білмейтін жеріңе мақтана бер,
Бұл жақта құр айғайың кетер желге.
Ей, Біржан, бұ да жетер бір басыңа,
Құл болып одан-дағы тұр қасыма.
Сен-дағы жас күніңнен ардагерсің,
Құрбыңмен жеткізбеген құрдасыңа.
Әуенің жез сырнайдың көмейіндей,
Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына.
Ақын емес, жігітсің әңгімешіл,
Мұныңмен шыға алмайсың қыр басына.
Жүз Жанақ, он Орынбай жолдас алсаң,
Мен кепіл, сен жеңілмей тұрмасыңа.
Есің болса, осымен тоқта, Біржан,
Арғыңды бос қаздырмай ұрғашыға.
Сонда Біржанның айтқан жауабы:
Құтыма тіл тигізбе, ер Құнанбай,
Алашқа аты шыққан кер бұлаңдай.
Ескермес он ақынды есіл басым,
Қадалдың маған, Сара, сұр жыландай.
Сен түгіл, жеткен емес еркек қуып,
Төмен болған жерім жоқ, өзім туып.
Шынымен жайпаң қағып самғағанда,
Тұсыма келген емес адам жуық.
Менсінбей қапы қалып өкінермін,
Ызғарлы көрінеді сөзің суық.
Болдырып түстен кейін сандырарсың
Байталсың, қапелімшіл бір жел қуық.
Барынша өнеріңнің аянбай сал,
Көңілімді көтермей-ақ сөзбен жуып.
Жорғамын сарынымен самғайтұғын.
Бәйге аты серпінімді шалмайтұғын.
Әнімді он екі звод жіберейін,
Есіңнен өле-өлгенше қалмайтұғын.
Ежелден құлаш мойын көк айылмын,
Ылауға жеті күнге талмайтұғын.
Болатпын екі жүзді, жетем құрыш,
Күйсеуін шапқан түйе танбайтұғын.
Гәуһармын бозбалаға сәуле берген.
Дәндеме жаманыңнан жанбайтұғын.
Ой желке, қамыс құлақ қаракөкпін,
Тұнықтан жүзіп ішпей, қанбайтұғын.
Ұрғашылық қылмасаң бір басыма,
Қазақ жоқ Біржан десе нанбайтұғын.
Даусымның жаңа түсті кәрі жыны,
Дәуірлеп барған сайын болмайтұғын.
Қарқабат, Қарақожа − ата-бабам,
Осындай ерегісте қолдайтұғын.
Қырымға қарайтұғын қаракермін,
Аң алмай, жерге бекер қонбайтұғын.
Айнымас қандыбалақ ақиықпын,
Тұяғым тиген қасқыр оңбайтұғын.
Асылмын аспандағы, құс болғанда,
Қаңтарда қалшылдаған тоңбайтұғын,
Тұлпармын «Көрұғлының» Ғиратындай
Алдында жүгірсе, мал салмайтұғын,
Рүстем-Дастандаймын дәл өнерге,
Меңгеріп кісі билеп алмайтұғын.
Бір итке елің неге берем дейді?
Сол ма екен лайығың таңдайтұғын?
Он бестен ұрғашыға саятшымын,
Күн сайын қанжығамды қандайтұғын.
Аңдап бас аяғыңды, байғұс, Сара,
Мен сенің кісің емес алдайтұғын.