Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Біржан мен Сара айтысы (3-бөлім)

Біржан Қожағұлұлы, Сара Тастанбекқызы · 2 мин оқу

Қыз көріспеген соң Біржанның айтқаны:
Мен – Біржан, қызға барман аяғымнан,
Шын қызсам, дәуірлеймін баяғымнан.
Бері кел, ұрғашылық қылма, жаным,
Дәндеме Наймандағы саяғыңнан.

Найманның болады екен қызы надан,
Үлгісіз қалай халық,түрі жаман.
Ағаға іні келер біздің елде,
Көп боп па, сұрасуға есен-аман?
Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,
Сен түгіл, сенен артық құмар маған.
Жалымнан тұтқан қызда арман қалмас,
Жібек жал арғымақпын тұмарлаған.
Еркек тілін алмайтын жының бар ма?
Адам деп сөз айтамын, Сара, саған.

Сонда қыздың берген жауабы:
Ей, Біржан, кімге дәрі амандығың?
Сөз білсең бұ да сенің жамандығың.
«Қыссасул-әнбиядан» естімеп пе ең?
Белгілі мағлұм болды надандығың.
Адамды топырақтан жаратты Хақ,
Надандығың білінсін бұл сөзге бақ.
Хауаға бұрын барған Адам ата,
Бұл салттан кетпекшісің қалай аттап?
Данышпан білгіш қой деп ойлаушы едім,
Арғын да тантиды екен жоқты мақтап.
Найманда екі жүзді наркескенмін,
Желкеңді қимақ үшін қойған саптап!
Тозаңың анда-санда бір бұрқ етер,
Саулатсам бейпіл желді екі жақтап.
Күн көргелі келдің бе, құрдым Арғын,
Жинауға сынық малта Найманды ақтап.
Абыройың ашыларын білмейсің бе?
Көрпеңді көсілсеңші бойға шақтап.
Жерге кіріп кетерсің, жынды антұрған,
Шын қазсам асты-үстіңді жездей қақтап.
Делбелігі емес пе Біржан салдың,
Кісісін жеңетұғын жаңа тапты-ақ.
Талпынған жас баланың білегіндей,
Сендейге ұстатпаймын қолымды аппақ!

Сонда Біржан сөйлейді:
Сал Біржан домбырасын көкке сермеп,
Жіберді түрлендіріп әннен өрнек,
Сөзіме ызаланып алғаннан соң,

Дауысқа салды Біржан аспанға өрлеп:

Мың жарым жылқы біткен Қожағұлға,
Сөйлеткен сені балап қазақ ұлға,
Асықша ақ жамбыны сұлуға аттым.
Тиыным шыққан емес сендей тұлға,
Сайратқан Орта жүздің бұлбұлымын.
Қызығып жүргенім жоқ алар пұлға,
Күшігін асыраған өлекшіндей,
Азғындап шөктің, Сара, жылдан жылға.
Қырсығың өз басыңнан арылған жоқ,
Тегістеп айыбыңды тізсем қылға.
Қолыңды ұстатпайтын ерке болсаң,
Күлімсі берді әкең неге құлға?

Бар екен жаннан артық сөйлер сөзің,
Сүйенген қызыл тілге шын сорлы өзің,
Қолға түскен қалмақтай ықтиярсыз,
Төрт болар құлға барсаң екі көзің.

Сөзіңе таң қаламын сынай алмай,
Айтқаным кетті саған ұнай алмай.
Көзіңді күшік құрлы бір ашпайсың,
Қортиған шірігіңді Құдай алмай.
Есекке қосақтаған бір қашырсың,
Күң сырың көпке жаяр жылай алмай.
Құшақ толар еркекке көңілің бар,
Сәнсисің күйгеніңнен шыдай алмай.

Жан жетпес ән шырқасам өрісіме,
Құданың ризамын берісіне.
Елден таңдап айттырған қортық байың,
Бір қойдың сыяр тұлып терісіне.
Алыстан тілеп ұшқан түз құсындай,
Біржанның жан таң қалар келісіне.

Мойыным жүзген қаздай иіледі,
Орта жүз ән шырқасам сүйінеді.
Арғынның жалғыз тоны қолға түссе,
Төрт Найман орта бойлы киінеді.
Найманда байлық бар ма біздің елдей?
Жүрсем де адам боламын мұнда келмей.
Қыз сөзін кек көрмейтін сайтаным бар,
Онымды тастамаймын өзім өлмей.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз