Қазақ халқына діни бір уағыз
Міржақып Дулатұлы · 1885–1935 · 64 жол
Қазаққа дін хақында осы керек,
Мүбәда бұл секілді болса өрнек.
Духовный собраниеге біз қарасақ,
Дініміз қуат табар һәм бегірек.
Әр волоста бір указной болсын молла,
Кандидат һәм муәзін тұрсын және.
Сайланып үшбу заттар халық тарафынан,
Емтиханды муфти алсын пәруа.
Русша білмек бұларға шарт болмаса,
Іс етсе шариғаттың фәрмәнінше.
Никах, талақ, мирас, жаназа оқып,
Указной балаларға есім қойса.
Мәгәрде уақыты бола алмаса,
Указной бір молланы уәкил қылса.
Ләкин никах, талақ, мирас ісін,
Лайық өзі бітіру дауы болса.
Указной молланың хилаф ісін,
Әлбетте, оязной ахунд тексерсін.
Ахундтан оязной болса хата,
Областной ахунд тексеріп мұны көрсін.
Областной ахундпенен іс бітпесе,
Духовный собраниеге барып кірсін.
Ең шеті ғаділдіктің осы болып,
Һәммә ісі мұсылманның сонда тынсын.
Бір мешіт болсын нешік әр болыста,
Жамағат, расходын өзің ұста.
Және болсын медресе бала оқытуға,
Берсін бұған расходын земство.
Медресеге сайлансын екі молла,
Бірі оқытсын мұсылманша, бірі орысша.
Педагогия тәртібімен оқытсаңдар,
Қазағым, кетер едің сонда алға.
Айтылмыш екі учитель уазифасын,
Һәр дайым земство беріп тұрсын.
Указной һәм кандидат һәм муәзин,
Екі учитель бес жылда бір сайлансын.
Кімде-кім уақыф қылмақ болса мәгәр,
Мәсжід пен мәдресеге деп файдасын.
Лазим мұндайларға рұқсат ету,
Указной молла алсын һәм метрикасын.
Бір адам, я бір қауым етсе жәһид,
Шығарып мешіт, медресеге пұл қаражат.
Тыймасын бұрынғыдай «болмайды» деп,
Хүкімет бұларға да берсін рұқсат.
Һәммәсы осы тілек келсе орынға,
Қанун боп бекітілсе бір форымға.
Риза қазақ халқы болар еді,
Хүкімі шариғаттың тұрса қолда.
Жазылып тәуарихта қалсын аты,
Бұл істің жүрген болса кім жолында.
Дін үшін һәм халық үшін бейнет көрген
Қор болмас жүрсе дағы қай орында.
Болғандай халықтың өзі бейне қасты,
Қылып жүр шариғатты аяқ асты.
Мәселен, біреу сүйіп шариғатты,
Зарарына хүкім етсе қайта қашты.
Заманға қарай моллалар наданырақ,
Көбі қара қазақтан жаманырақ.
Білер-білмес оқумен молла болып,
Орынсыз сөзге ұмтылып көбі ұрыншақ.
«Білмеймін», — деп, сірә, бір мойнына алмас,
Халін білмес кейбірі бейшарарақ.
«Шала молла дін бұзар» деген мысал,
Тек мұнан тәңірі өзі сақтағай-ақ.