Һүнерменен хасыл болған нәрселер
Міржақып Дулатұлы · 1885–1935 · 64 жол
Һүнердің афзалдығын еттім зікір,
Мұхтәрәм оқушылар, жібер пікір.
Ғылыммен хасыл болған нәрселерді
Жазайын баян етіп, тыңдап отыр.
Ат жетпес алты айшылық алыс жолға,
Аз күнде жеткізеді бұл отарба.
Естілмес хабарларды жер шетінен
Аламыз телеграммен я ғәжибә.
Жүргізді автомобиль ат жекпестен,
Әмірі қолда болып теріс кетпестен.
Һүнермен от пен суды көлік қылып,
Алыстан телефонмен жұрт гәпләскен.
Дариямен қара жердей файдаланды,
Бұрынғы қиыншылық жайға қалды.
Балықтай мұхиттарда жүзіп жүріп,
Ғамал ғып пароходпен қайда бардыө
Дәхидә хәйламенен аспанға ұшты,
Кезінде қажет болса жерге түсті.
Есімін воздушный шар деп қойды,
Халық бұрын көріп пе еді мұндай істіө
Телеграф және шықты сым темірсіз,
Иланып болған іске жұрт сенерсіз.
Үстіңнен жүргенменен көз көрмейді,
Әлбетте, қалайынша сіз білерсіз.
Машина жер астынан жүрді тағы,
Ғажайып мұнысы да хиял дағы.
Не нәрсе өздігінен жаралмайды,
Һүнермен мұны тапқан пенде дағы.
Берденке, бомба, мина, зеңбіректер,
Пистолет, револьвер, браунингтер —
Һәммәсы бұл уақытта болды тамам,
Қылатын жауға қару не керектер.
Машина электрический және келді,
Жарық боп май мен отсыз жана берді.
Түн болса шаһар іші күндізгідей,
Әлбетте, бұл әсері ғажап енді.
Сөз сөйлеп, граммофон әнге салар,
Ғажайып аят оқып, дұға қылар.
Бұл сөзге көрмеген жан нанбас еді,
Не керек, халықтың көбі көрген шығар.
Телескоп дейтін нәрсе болды тағы,
Нәрсені көрсетеді алыстағы.
Түймені түйедей ғып зорайтады,
Баяғы мұны тапқан һүнер дағы.
Руссияның завод пен көп фабрикасы,
Табылған соныменен халық файдасы.
Қымбатты арзан қылған сол екеуі,
Нашарға жеңіл келіп пұл бағасы.
Машина және шықты шөп шабатын,
Аз күнде жан қинамай көп шабатын.
Соқа бар егін салған һәм машина,
Секілді көп файданы тең табатын.
Баспахана шықты кітап басатұғын,
Халыққа һүнер, мағариф шашатұғын.
Арқылы газет-журнал һәр тарафтан,
Хабармен халықтың көзін ашатұғын.
Һүнермен мәзкүрлерді адам тапқан,
Жалғыз-ақ біздің қазақ қарап жатқан.
Һеш бірін осы айтқанның істей алмай,
Қатардан кейін қалдық надандықтан.
Біз дағы ғылым білсек етпес пе едік,
Ілгері озғандарға жетпес пе едік.
Дін, дүниеміз таршылықтан азат болып,
Һүнерлі халық атанып кетпес пе едікө