Жігіттер
Міржақып Дулатұлы · 1885–1935 · 83 жол
І
Жақсы қыз бозбалаға пар болғандай,
Жігіті душар келсе, жар болғандай.
Теңі емес бір фасыйққа берілсе егер,
Көңілі көтерілмей зар болғандай.
Ғұмыры қызғылықты зайғы болып,
Мысалы, кең дүние тар болғандай.
Жетпейтін төсегіне көп жамандар,
Ол күнде әлдеқандай таң болғандай.
Сатылып кейбір қыздар кете барар,
Бағасы ғәзизәнің мал болғандай.
Қожасып «мал бердім» деп жаман шіркін,
Жайы бар, байқап тұрсаң, паң болғандай.
Бейшара өздігінен жол таба алмай,
Ғазиз бас әуреленіп даң болғандай.
Көрініп ғәриб халі тұр емес пе,
Бір міскін халық ішінде жан болғандайө
Бұзылды фәленшенің қызы десе,
Взіне көрінеді ар болғандай.
Көлденең ағайындар ұнатпайды,
Халыққа соның үшін лаң болғандай.
Жұрт қалып осылардың обалына,
Секілді алушыға хәл болғандай.
Жиһаннан қорлықпенен өттім ғой деп,
Көзінен аққан жасы қан болғандай.
Келе ме осы ісіміз дұрыстыққаө
Көбіне көрінсе де сән болғандай.
Адамды мал орнына жұмсауымыз,
Бір емес, бар қазаққа тән болғандай.
Сөндіріп ғаділдікті жүр ғой қазақ,
Көңілді жарық етер шам болғандай.
Қай күні бұл хиянат тоқталадыө
Бір емес, халық ішінде сан болғандай.
Я шәрғі, я низамға дұрыс емес,
Қазақтың қағидасы заң болғандай.
Бұл сөзім біреуге емес, көпке бірдей,
Қажеті кімге болса сол алғандай.
Мәселен, кісі болса аңғартқаным,
Осы хал өз басында бар болғандай.
Тең болып екі зайып қосылса егер,
Арман не ол уақытта, аһ, дариға-ай!
ІІ
Болсын да ғақылыңа малың серік,
Һүнерлі сегіз қырлы сырың берік.
Дүние аз күн қонақ мысалында,
Болған жақсы емес пе өзінде ерік.
Қадіріңді білмейтін жаман қызға,
Сөз жасытып құр бекер өтінбелік.
Жігітлікке муафық болса егер,
Бой тартып ол уақытта бекінбелік.
Ғұмырында рақатпен өтер жігіт,
Ұнатып бір сұлуды алса көріп.
Жарасып бір-біріңе әзіл сөздер,
Отырса мәхбүбәңіз қасын керіп.
Хайырлы хәләл зайып болып шығып,
Шүбһәсіз көз алартпай жүрсең сеніп.
Жүреді осылайша қосылғандар,
Тән басқа, жаны бірге секілденіп.
Және де құр сұлу деп қарамалық,
Сыр-сыйфатын көрелік көз жіберіп.
Сырты алтын, іші фальші болып шығып,
Сан соғып, құрбыларым, өкінбелік!
ІІІ
«Ойын-күлкі жастықта — гүл, — дейміз ғой, —
Сауық-сайран етелік, жүр», — дейміз ғой,
Сыпайы сөз, сынық тіл мүләйімсіп,
Әдеппенен қатты айтпай «сіз» дейміз ғой.
Сұхбат еткен сағатың жылға хисап,
Дүниенің қызығы қыз дейміз ғой.
Сахипжамал болсын деп құрбы ішінде,
Жан фида мал тәрік қып іздейміз ғой.
Мәселен, анау артық тауып кетсе,
Бірімізді-біріміз күндейміз ғой.
Көре алмаслық мүбтәлә көп хафаға
Сүйгеннен айырылып жүрмейміз ғой.
Риядан болса да көзге алдап,
Мысалы, басқаменен күлмейміз ғой.
Алуан-алуан шарты бар жігіттіктің,
Хата қылмай ешбірін күйлейміз ғой.
Тоқта, бірақ осыдан файда бар маө
Хатамызды өзіміз көрмейміз ғой.
Ұзын сөздің қысқасы, құрбыларым,
Һүнер афзал бәрінен, білмейміз ғой.