Жұмбақ
Міржақып Дулатұлы · 1885–1935 · 84 жол
Һәр түрлі бір түбекті аң жайлаған,
Арыстанды бастық қып хан сайлаған.
Айдаһар, жолбарыстан уәзірі бар,
Батырдың қайратына жан таңғалған.
Дос болған піл мен қасқыр және барып,
Һәр түрлі сый, зияфат ала барып.
Күшті аңның бәрі өзіне қараған соң,
Аузына түскен басқа аң домаланып.
Бұл арыстан мәнзилінде мекен еткен,
Қанша аңның қаһар етіп қанын төккен.
Болса да қанша ғайып бетке айта алмай,
Күңкілдеп ұсақ аңдар жүрген шеттен.
Арыстаннан ұсақ аңдар не көрмеген —
Терісін төсек қылып, етін жеген.
Бетіне қарсы келіп шақылдаса,
Не қалды ол байғұста енді өлмегенө
Осылай қанша заман өткен екен,
Арыстекең ойға алғанын еткен екен.
Бір зауал һәр қамалға деген мысал,
Батырға бір күн зауал жеткен екен.
Азырақ басқа жерде аң бар екен,
Оларда ғаділшілік заң бар екен.
Арыстанның қол астынан аз болса да,
Иттифақлы аңдары, һүнерлі бір хан бар екен.
Бір һүнер бұл ойлаған етейін деп,
Мықты аңның бастығына жетейін деп,
Ғаламға мәшһүр аңның ханы атанып,
Дүниеден сол есіммен өтейін деп.
Арыстан сол ниетпен соғысты бұл,
Шығарды қарап ұрып жоқ істі бұл.
Аз аңдар көп аңдарды жеңіп кетіп,
Жерінен алды арыстанның қонысты бұл.
Бұл аңдар сұрша ғана мақар екен,
Ғайратлы һәм хәйләлі шақар екен.
Арыстанды қарап тұрып масқаралап,
Бұл күнде жазирада жатыр екен.
Көрдің бе арыстекемнің мерт болғанын,
Жеңіліп дұшпанынан дерт болғанынө
Ісімнен күнә сұмдық болды ма деп,
Зұлымдық қылмасқа енді серт қылғанын.
Отырып бір күн арыстан ой қылыпты,
Халқын жинап: «Тәубе», — деп той қылыпты.
«Қиянат күшті әлсізге етпесін» деп,
Аңдарға әмір шашып қойдырыпты.
Тойына шақырмаған жан қалмаған,
Түлкі, қарсақ, құлан, киік, суыр, қоян.
Қасқыр, аю, бұғы, марал, борсық, тышқан —
Хайуанның жыбырлаған бәрі барған.
Арыстанға бұлар айтқан ғариза хал:
«Мекеннен біздің еткен қасқырларды ал,
Жерлерде бұлар жүрген біз жүрмейміз,
Біздерге күн көрсетпес осылар дәл».
Дұшманы жуас аңның — қасқыр, қабан,
Жолбарыс, айдаһар да фиғылы жаман.
«Тіл тигізіп достарымды сөктіңіз», — деп,
Арыстан той тарқатып ашуланған.
Жанжалмен тарқаған той болды тағы,
Тағы да жиналысты аң баяғы.
«Қорлыққа өлтірсең де көнбейміз», — деп,
Үн қосып нашар аңдар ал шулады.
Той тарқатып арыстан шатырлаған,
Көбіне жанжал үшін қаһар қылған.
Үшінші рет жұрттың бәрін қайта жиып,
Бағзы нашар аңдарды шақырмаған.
Арыстанға бұл байғұстар өкпелеген,
«Ұстайсың бізді қорлап шетке», — деген.
Арыстан айтқан: «Сіздердің керегің жоқ,
Мәжілісті бұзасыңыз текке», — деген.
Бұлардың қалды сөйтіп көз жасына,
Кім білер қорлық келмей өз басынаө
Арыстанның бұл хақында ниеті сол —
Ілгері қадам басып озбасына.
Қылмады арыстан уафа тәубесіне,
Аңдардың тоқтау салмай ғауғасына.
Взі еткен әміріне хилаф келіп,
Сақина тілеп алды сау басына.
Сол аңдар емес дейді әлі тыныш,
Топтанып ақылдасқан күнде жиылыс.
Бұларды өзім барып көрмесем де,
Наныңыз, оқушылар, бекер емес.
Ойыңа қалай келсе, солай түсін,
Сыртын көріп құр қойма, аңғар ішін.
«Вңдегім» деп айтуға қаймығамын,
Секілді еді осылай көрген түсім.