«Бір кеңес түсті хиял бастарыма...»
Міржақып Дулатұлы · 1885–1935 · 84 жол
Бір кеңес түсті хиял бастарыма,
Дәфтер хат ғибрат үшін тастарыма.
Хсуса арнап жаздым халық үшін,
Жиырмасыншы ғасырдың жастарына.
Аз жасап, өмірімде көрдім көп іс,
Ретін шамаладым халықтың тегіс.
Қаралас һәр қайсысы көрінеді,
Бірі артық, біреуі кем дейтін емес.
Қазақтың қай нәсілден тарағанын
Білерсің шежіреден қарағаның.
Бұл жерге соның үшін тоқтамаймын,
Жазайын басқа сөздің жарағанын.
Адамзат неше түрлі жиһан толған,
Һәр дінде, һәр мәзһәпте және болған.
Соның көбі шаһардан орын алып,
Сахарада біздің қазақ көшіп-қонған.
Ол заман үш жүз бірге араласқан,
Бағынып еш падишаһқа қарамастан.
Хан шығып өз ішінен халықты билеп,
Билері хүкім айтып, өрнек шашқан.
Көшсе де мың шақырым жері жайлы,
Аққан бұлақ, шалғыны көк орайлы.
Тоқты қоздап жүріпті, тай құлындап,
Жер тар болып көрмеді-ау уайымды.
Сол кезде біздің қазақ ала болған,
Көлденең дұшпандары және болған.
Күштісі нашарларын шауып алып,
Бұрынғыдай болмаған, пәле болған.
Ел шауып, кісі өлтірсе, батыр деген,
Батырлар фәқирлердің хақын жеген.
Біз мұндай бұл уақытта болар ма едік,
Істесе халық файдасын ғақылмененө
Кетіпті фітнәнің жолы ашылып,
Бірінен дұшмандығын бірі асырып.
Айырылып берекеден қарап жүріп,
Тұрыпты басқаларға құр бас ұрып.
Кетіпті араздасып бір туысқан,
Барымта ұрлық қылып мал қуысқан.
Сыя алмай кең дүниеге таласушы ед,
Таршылық енді көріп сығылысқан.
Мазасы кеткен бірдей іштен, сырттан,
Аз ата көрген қорлық күшті жұрттан.
Екі сұңқар таласса, құзғынға жем,
Берекесін бұл қазақ сөйтіп құртқан.
Сол күнде жауға қарсы қорған құрса,
Құтылып надандықтан ғылым тапса.
Ғайратын бойындағы шетке жұмсап,
Келтірмей жәбіршілік қарындасқа.
Взді-өзі тату болып тұрған күнде,
Қалар ма еді һәр нәрседен мұндай босқа.
Мінеки, бұл уақытта тұрмыз енді,
Дұшманға таба болып, күлкі досқа.
Жүрмеген кең жайылып ол халінде,
Үнемі тұру қайда хан тағындаө
Руссия мемлекетіне бағыныпты,
Әбілхайыр төренің хан шағында.
Патша айтқан: «Ғаділдікпен билеймін, — деп, —
Дініңе һәм жеріңе тимеймін, — деп, —
Оқ атпай, қылыш тартпай бағынған соң,
Қалайша қадіріңді білмеймін», — деп.
Алмасқа уәғдә еткен бізден солдат,
Орнына түндік басы салған рамат.
«Қазақ та Руссияның бір ұғылы,
Бар болса беремін, — деп, — нендей хәжәт».
Қазақты ең әуелі билеген хан,
Правитель, десятичный, аға сұлтан.
Қалдырып осылардың һәммәсын да,
Шығып тұр біздің тұста бүгінгі заң.
Қызығып қызарғанға кеткендер көп,
Шен алып, дәрежеге жеткендей боп.
Ойлады өз файдасын халықты сатып,
Қазақты ең керексіз еткендей боп.
Тұманға кірді қалың біздің қазақ,
Арты — жар, алды — тұйық, бұл не ғажапө!
Адасқан ағайынға басшы болып,
Ішінде жол көрсетер адам аз-ақ.
Бас қосып киргизский интеллигент,
Біздерге халықтың қамын ойлау міндет.
«Культура» деген сөзді на практике,
Етпейміз не себепті осуществлятьө
Милләтлар цивилизованный озып кетті,
Оянбай енді жату не следует.
Ұйқысы ғафилдіктің басып кетті,
Қазақты ояталық етіп һүммәт.