Һүнерін халық файдасына жұмсап жүрген оқығандарымызға
Міржақып Дулатұлы · 1885–1935 · 32 жол
Жау жүрек, қыран көзді арыстаным,
Жан қиып халық үшін қарысқаның.
Қатардан қазақ сорды қалдырмасқа,
Бәйгеде ұлы дүбір жарысқаның.
Шешен тіл, фарасаттың саясында,
Ететін талмай қызмет, данышпаным.
Атқан оқ, сермеген қол хата кетпей,
Түскей-ді табаныңа бар дұшманың.
Не қылса дертке шифа табылад деп,
Европа саяхларымен танысқаның.
Бір іске ғақылдаспақ болсаңыздар,
Уәғдаға хилаф қылмай табысқаның.
Әуелі Алла, екінші білер халқың
Риясыз көңіліңіздің халыстарын.
Азуы алты қарыс айдаһармен
Кезекті сөз жібермей салысқаның.
Кезінде ғазиз жанды еттің фида,
Халқыңның жібермеске намыстарын.
Көздеген мәселлекке тез ерішіп,
Хайырлы болғай еді шабыстарың.
Бір залым хиянатпен тоқтатпаса,
Қатардан өздігіңнен қалыспадың.
Фасықтар бой көрсетпей үйде жатыр,
Һүнерге құлаш сермеп алыстадың.
Қамалға қарсы шапқан қаһарманым,
Жәһәләт микробларын тауыс бәрін.
Иншалла, халыққа берер үлкен тәһсир,
Жерлерде екіталай дауыстарың.
Влсең шаһид, ғазысың тірі болсаң,
Қызметке берер ажар құдірет кәрім.
Қазақты төрге сүйреп бір жеткізші,
Дін, дүние жемісі боп табыстарың.