Бармақ пен Жанат
Бармақ Мұқанбайұлы · 66 жол
Жанат:
Ей, Бармақ, айтшы неге қойдан қаштың?
Ұйықтап жатқан бір қыздың бетін аштың.
Жанат сенің теңің бе, сорлы қойшы,
Шыдамасаң, бұл тойдан тұра қашқын.
Бармақ:
Келгенім рас еді қойдан қашып,
Айыпты болып қаппын бетіңді ашып.
Тәртіпсіз, Жанат, сенің сол жігітің.
Жатқанда тұншықтырды мені басып.
Айқайлап ажыратты шал жаны ашып,
Дүре жеп күйеу бала кетті қашып.
Шып-шып боп құйрығынан май шыққанда,
Кетті ме, жазған Жанат, жаның ашып?
Жанат:
Ал, қойшым, келе алмайсың ширегіме,
Біреудің әуес болма үйрегіне.
Біреуді орға жығып жүргенінде,
Сенің де бәле кірсін бүйрегіңе.
Бармақ:
Жанат қыз, кемсіткенің естен кетпес,
Жастықпен бетіңді аштың, ештеңе етпес.
Жігітке қыз қарғысы майдай жағар,
Десең де ішің кепкір, ештеңе етпес.
Жанат:
Ей, Бармақ, кімге дәрі қойшы басың,
Сенімен теңемеймін бай баласын.
Сен бізге жарты жылға жалданарсың,
Аулымның сыпырасың айналасын.
Бармақ:
Жанат, сен неменеге шаттанасың,
Жарты жыл жалшы бол деп мақтанасың.
Үйіңде өмірлікке жүрмекпісің,
Бір күні басқа жұртқа аттанарсың.
Жанат:
Қасыңда-ай, ау, қойшы, жарың да жоқ,
Бетіңде ұялатын арың да жоқ.
Қойшыға қойшы жаны ашымай ма?
Бастым ғой сен қойшыға қып-қызыл шоқ.
Бармақ:
Қойшының біледі ғой қойшы жайын,
Қойшыны жұмсап жүрген сенің байың.
Болса да бай баласы құнын тартар
Сол қойшы өліп кетсе жазатайым.
Қыз Жанат, өлеңім бар, өнерім бар,
Сондықтан деп жүрмін мен, жарым дайын.
Жанат:
Жігітім ашуланды сені боқтап,
Сен неге айқай салдың босқа оттап.
Өлсе біздің қойшы өлер, жұмысың не,
Кімнің жүрсің сонда сен құнын жоқтап?
Бармақ:
Деуші еді әйелдердің жолы нәзік,
Сөйледің кедейліктің бәрін жазып.
Алдыртқын жігітіңді осы тойға,
Мен — тәуіп, бір дем салып кетем жазып.
Жанат:
Бармақ, сен ақын емес қу баласың,
Қу баласың дегенге қуанасың.
Еліңнен асып жүрген тәуіп болсаң,
Шешеңнің жазып алғын құлғанасын.
Бармақ:
Шешемнің құлғанасын әкем баққан,
Жазған соң сонан шешем мені тапқан.
Әкемнің сол дәрісі менде де бар,
Сатып ал шамаң келсе, сауап татқан.